Ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына орай елордалық мектеп оқушылары арасында шешендік өнерден сайыс өтті, деп хабарлайды Jastar janary Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тілдерді және архивтерді дамыту басқармасы мен «Руханият» ҚМУ-дің ұйымдастыруымен өткен шешендік өнер сайысы елордадағы №71 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Оған лицейдің үздік жаттықтырушылары, мектепішілік және қалалық шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары қатысты.
Іс-шараның мақсаты – шешендік өнер мен қазақ тарихының маңызын жан-жақты насихаттау. Тілдік дағдыларға ерекше көңіл бөлінді.
«Біздің студенттер арасында шығармашылықпен айналысатын балалар көп. Бірі сурет салуда үздік болса, енді бірі вокалға қызығады, ал біраз бөлігі шешендік өнерден талантты. Сондықтан мұндай іс-шаралар оқушылардың қабілетін ашып, дамытуға, ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен құрметін нығайтуға септігін тигізеді», – деді мектеп директоры Майя Мұқашева.
Сайыс жеңімпазы 7-сынып оқушысы Айару Есқожаева атанды.
«Мұндай жарыстарда тәжірибем болса да сахнаға шыққанымда қобалжыдым. Меніңше, мұндай шаралардың пайдасы зор. Өзіміз үшін жаңа әрі қызықты нәрселер үйренеміз», – деді мектеп оқушысы.
Жиын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.