Басты бет » Жаңалықтар » Күз мезгілінде денсаулықты қалай күту керек?

Күз мезгілінде денсаулықты қалай күту керек?

Күз мезгілі – адамның иммунитеті төмендеп, жұқпалы ауруларды тез қабылдайтын, әлсірейтін кезең. «Дені саудың жаны сау» демекші, жаңбырлы, күздің салқынында денсаулықты қалай күту керек? Қандай тағам, дәрумендерді көп тұтынуымыз керек? Күздің  салқынында ауырмаудың жолын терапевт-фармаколог маманы Фариза Маврузқызынан сұрап білдік.

– Фариза ханым, күз мезгілінде денсаулықты қалай күту керек?
– Ең алдымен, күз мезгілінде балалар жиі ауырып қалады, сондықтан да бала көп ауырмауы үшін жаз мезгілінен бастап, сондай-ақ күз мезгілінде де балаға қажетті витаминдер беріп, дефицит болмаудың алдын алу керек. Ал ата-аналарға ең бірінші айтарым, балаларыңызға дұрыс тамақтануды үйретіңіз. Баланың тамағында белоктардың, пайдалы майлардың болуына мән беріңіз. Тамақ берер алдында «дұрыс тамақтану» ережесі бойынша, міндетті түрде клетчатканы белокпен бірге беріп отырыңыз. Егерде балада дефицит анықталатын болса немесе оның белгілері болатын болса міндетті түрде ағзасына қажетті витаминдерді беру керек. Дефицит көбінесе ет жемейтін, дұрыс тамақтанбайтын балаларда болады.

– Иммуниет әлсірегенін қалай білеміз, ересектер мен балалардың иммунитетін қалай көтереміз?
– Иммунитет не себепті түседі? Витаминдердің жеткіліксіздігінен, темір тапшылығынан түседі. Ал темір тапшылығы болған кезде, иммунды жасушаларымыз бізде бұрмаланып жұмыс жасайды. Сондықтан да жоғарыда айтып өткенімдей, витаминдер тапшылығының алдын алу қажет. Ол үшін біз (темір, фолий қышқылы В12, С, витаминдерін қабылдауымыз қажет. Және де осы өнімдер элементтері тамақтың құрамында міндетті түрде болу керек. Тамақ бірқалыпты емес, макарон, нан өнімдері, тәттілер, фаст-фуд немесе дүкен сөрелеріндегі консервантты өнімдерді емес, керісінше, таза ет, көкөніс, жемістер болуы маңызды. Яғни, тәрелкені үшке бөлген кезде көкөніс, жеміс, белок, ет болуы қажет. Мысалы, жұмыртқа, қарақұмық, булгур, күріш рационда етпен бірге болғаны дұрыс.

– Ауырмау үшін ағзамызды қалай дайындау керек? Ағзамыз ең қажетті қандай дәрумендер?
– Ауырмау үшін ыстықтан суыққа, мұздай ауадан ыстық ауаға 5-10-15 минуттан, 1-2 сағатқа дейін денені үйрету қажет. Үйде де баланы қатты қалың киіндіріп қоймай, үйді қатты ыстық қылмай, үйдегі ауаны тазартып, терезелерді ашып, желдетіп отыру керек. Одан бөлек, ылғалды етіп үй тазалау керек, бала ұйықтар кезде де үйдегі ауаның құрғап кетпеуін бақылап, ылғалдандырып отырған жөн. Егер құрғап кетсе, ол жерде бактерия, инфекциялар көбеюіне мүмкіндіктер жоғары болады.

– Қазіргі кезде түрлі БАД-тар бар, оның құрамы жақсысын қалай таңдаймыз, дәрігердің нұсқаулығымен қабылдау қажет пе?
– Бүгінде БАД-тарды қабылдайтын кісілер жиі кездеседі. Негізінде, БАД-тардың әсері жоқ. Өз басым мүлдем ұсынбаймын. Керісінше, адам ағзасы әртүрлі болғандықтан, жеке дәрігерге барып, өзіне қажетті витаминдерді жеке-жеке қабылдаған дұрыс. Яғни, фолий витаминдер, мультивитаминді қоспаларды қабылдауды ұсынбаймын.

– Не себепті күз мезгілінде жиі суық тиіп, тез ауырамыз?
– Жергілікті иммунитеттің түсуіне байланысты жиі ауырамыз. Сол себепті ересектерге де, балаларға да күз мезгілінде вакцина алуды ұсынамын. Себебі біздің ағзамыз күнделікті вирус, бактериялармен кездесіп отырады. Оның барлығын біз бірден дәрілермен емдей алмаймыз. Ол үшін біз мықты иммунитетті қалыптастыруымыз керек. Мықты иммунитетті тек құнарлы тағамдармен ғана емес, арнайы екпелерді алу арқылы да қалыптастыра аламыз. Сондай-ақ көп жаяу жүріп, спортпен айналысу керек, үй жағдайында әртүрлі күндіз, түсте, кешкі уақытта жаттығулар жасап отыру керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Перизат САПАРОВА