Басты бет » Жаңалықтар » Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ойындар

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ойындар

Елордамыз Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. Осы әлемдік дода жайында аз-кем баяндап, бұл туралы жұртшылықтың пікірі қандай дегенге көз жүгіртіп көрсек.
Көшпенділер ойындарының мән-мағынасы неде?

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорттық жарыстары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. ДКО адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — ежелгі көшпенді халықтардың дәстүрлі спорт түрлерін жандандыру, әлемге насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын ірі халықаралық спорттық шара. Алғаш рет бұл ойын Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді. Осы дүниежүзілік көшпенділер ойындары арқылы түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септігін тигізіп, аралас-құраластығын арттыра отырып, елімізге жұртшылықтың назарын аударып, туризмнің дамуына үлес қосу.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қандай елдерде атап өтілді?

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстаның Чолпон-Ата қаласы жарысты үш рет қабылдады. 2014 жылы жарысқа 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы қатысса, 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1 200 спортшы, 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2 000 спортшы бақ сынаған.

4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілді. 82 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы қатысты.

Ал биылғы Астанада жалауын көтерген аламанға  21 спорт түрінен 89 елдің 2 500 спортшысы қатысып жатыр. «Қазанат» ипподромының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес 10 гектар аумақта орналасқан «Көшпенділер ғаламы» этноауылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылған мәдени іс-шаралардың негізгі алаңына айналады, сондай-ақ түрлі мәдени бағдарламалар Астана қаласындағы алаңдарда, саябақтарда, басқа да қоғамдық орындарда, театрларда, концерт залдарында, кинотеатрларда, мұражайларда, көрме павильондарында өтуде.

Қандай ойындар болады?

Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 21 жарыстық спорт түрінен жарыстар өтуде. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары. Ойындарда 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.

«Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
«Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек», – деді Президент.

Әлемдік дода қалай өтуде?

Хуингмо КАНГ, Оңтүстік Корея Республикасының ұлттық құрама командасының өкілі:

– Астанаға бірінші рет келуім. Бұл жер өте әдемі әрі маған қызық болып жатыр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да алғаш рет қатысуым. Кореялық спортшылар қазақ күресі және алыш күресі түрлері бойынша қатысып жатыр.

Жаниш ТАШМАТОВ, Қырғыз Республикасының алыш күресі бойынша бас бапкері:

– Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Қазіргі уақытта қазақ күресін тамашалап отырмын. Ойындар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақ күресі, алыш күресі бойынша спортшыларды алып келдім.

Әлеуметтік желіде де Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы өз әсерімен, пікірімен бөлісіп жатқандар қатары көп.

Әнші Сәкен Майғазиев: «Қандай басшылық, қандай ұйымшылдық, қандай дайындық, қандай табандылық, қандай ауызбірлік керек десеңізші. Қазақ елінің абыройы асқақтай берсін», – деп жазса, белгілі тележүргізуші Айгерім Есенәлі: «Төрткүл дүние көз тіккен мекен-біздің төрге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл ту тікті. Абыроймен атқарылған үлкен жұмыс -ашылу салтанатынан видеоәсер осында сақталсын. Әлемде биыл халықаралық спорттық додалар көп болды. Cолардың арасынан салтанатты рәсімді сананы түртер мәнімен, сапалы ұйымдастыра білген барлық ұжымға респект. Көрермен арасында отырып, елдің де, шетелдік қонақтың да талқылауларына құлақ түріп отырдым. Мақтанамын, мақтан тұтамын. Өсіп келе жатқан қызыма қызықтырып айтып та бердім. Лайым еліміздің қуаты мен қауқары көп болсын, алты құрлық алты алаштың баласына қызықсын. Дүбірлі додада спортшыларымыз абыройлы болсын, – деген пікір қалдырды.

Дайындаған

Перизат САПАРОВА

Фотосуреттер ашық интернет көздерінен алынды