Басты бет » Әдеби әлем » ЖИЫРМА ТЕҢГЕ

ЖИЫРМА ТЕҢГЕ

20

 

Бір ауқатты адам көшеде келе жатып қалтасынан әмиянын түсіріп алады. Оны үйге келгесін барып жоқтайды. «Қап, ішінде ақша ғана емес, сол ақшаны алатын кәртішкем де, тағы басқа құжаттарым бар еді…» деп іші күйеді. Әйелімен, балаларымен ұрсысады. Сөйтіп жатқанда есік қоңырауы шырылдап береді. Әйелі ашып еді. Қайран қалды. Әрі мұрнын тыржитып күйеуіне келді.
– Сені біреу сұрайды. Атыңды біледі. Ұсқынына қарасаң қаңғыбас… үстінен сасық иіс мөңкіп тұр. Алқаш па, албасты ма? Өзің барып қуып жібермесең, түрі әлгі көрінгеннен жиырма теңге сұрайтын пақырға ұқсайды, сол, дәуде болса соның өзі, кетпейді тіпті…
Күйеуі онсыз да ызаға булығып жүрген, темір есікті жартылай ашып, келушіні көрмей жатып айқайға басты.
– Сен қайыршыға не керек? Менің атымды қайдан білесің? – деп дүрсе қойды.
– Сіз маған жиырма теңге бересіз бе?..
– Енді соңымыздан қуып, үйден келіп сұрайтын болғансыңдар ма? Вот нахал! Вот наглая морда! Вот тебе жиырма теңге! Кет, жоғал сасымай-деп қолын шығарып, есікті жапқалы жатқан, қайыршы атын атап, «Сізде ақша көп қой. Маған тек соның жиырма-ақ теңгесін берсеңіз мен кетемін»деп жалынады.
– Жиырма түгілі шоя да жоқ. Әмиянымды жоғалтып… – деп алақанын жая бергенде қайыршы оның семіз қолына бүйірі тырсиған жоғалтқан әмиянын ұстата салды. Байда тіл жоқ.
– Сен мұны қайдан алдың, а?!.
– Қалтаңыздан түсіп қалды. Дәл менің қасыма келгенде. Мен сол бойда сізді тоқтатпаққа тырысып баққам. Бірақ сіз қайырылмай кете бардыңыз. Сосын соңыңыздан еріп отырдым. Әрең ілестім. Осы үйге еніп кеткен соң көршілеріңізден сұрастыра келіп, пәтеріңізді таптым. Атыңыз кәртішкеде жазулы екен. Содан білдім. Сол бар болғаны,-деп жоғын тауып әкеп берген пенде кері бұрылып жөніне ұзай берген. Бай қалшиып әлі тұр. Артынан әйелі келді. Ол әмиянды көрсетті. Екеуі жалма-жан ашып жіберіп ішіндегісін түгендеп жатыр. Бәрі орнында. Ақшасы түгел. Долларлары бір бөлек, жүз мың теңгесі бір бөлек күйі тұмсығы да мұқалмапты. Кішкене қалтасынан бір уыс ұсақ ақша шықты. Жүздіктер, елуліктер және бір ғана жиырма теңге бар. Оның да есебін бұл жақсы біледі ғой. Тиын-тебенінің өзі бес жүз жиырма теңге болатын.
– Әлгі ғой, әлгі әкеп берген… – дейді байы. Әйелі сенер-сенбесін білмей сол сасық «жиырма теңге»ме? – деп таңданысын жасырмады. Күйеуі бес жүз тиынның үстіндегі жалғыз жиырма теңгелікті алып, баржиған алақанына салып салмақтағандай болды. Онысы «осы тиынды ол сұрап еді, біз бермедік, бермейміз бе, бұл не тұрыс?» дегенді меңзегендей болса да, астарында «Кім жиырма теңге? Ол ма, әлде біз бе?» дейтіндей де ащы сауал жатқанын қос кәллә аңғармады. Ал бұл кезде қайыршы өзінің күнделікті орнына қарай басын шайқап қойып, ілби басып кетіп бара жатты…

Мұнайдар БАЛМОЛДА

Пікір жазу