Мына көне суретте аппақ кимешек киген қазақтың жас келіншегі.
Жаугершілік заманда қазақ әйелдері кимешектің үстінен ораған күндікті ақтық (ақыреттік киім) ретінде де пайдаланған.
Сонымен қатар, бала босанып жатса, күндігін жыртып жіберіп балаға жаялық ретінде де қолданған.
Кейде күндікке 25 метрге дейін мата пайдаланған екен.
Кимешекті бүгінде кемпірлер киген деген түсінік қалыптасқан. Қыз дәурені бітіп, тұрмысқа ерте шыққан қыз үкілі тақиясын тастап, сәукеле киген. Одан бала туғанша желек киді. “Желегі желбіреген келіншектей” деген сөз бар. Бұл жаңа түскен келіншек дегенді білдірген.
Одан сәбиі дүниеге келген соң абысын-ажындары, енесі жас келіншекке кимешек кигізген.
Келіннің енесі ауылдың сыйлы, құрметті бәйбішесін арнайы шақырып келініне кимешек тіктірген екен. Ол кезде қызар ерте тұрмысқа шыққандықтан, кимешекті 18-19 жастан-ақ, балалы болғаннан кейін киген. Кимешек тек ақ түсті болған. Әрі әр рудың өзіне тән кимешегі болған. Қызай кимешек, арғын кимешек, керей кимешек және т.с.
Қазақтың киімінің әр руының өзіне тән ерекшеліктері болған. Сондай-ақ кимешекті әйелге қарап, қай рудың, қай елдің келіні, күйеуі бар ма, жесір ме екенін де білген.
Бүгінде кейбір әйелдер сары, қызыл түсті кимешек киіп, оған жылтырақтар тағып алып жүргенін немесе қырғыздың эличегі сияқты “кәстрөл” тәріздес бас киімді кимешек деп жүргенін көріп жүрміз. Кимешек ананың сүтіндей аппақ түсті болатынын ұмытпайық!
Жас келіншектің кимешегіне теңге, күміс тағып, қызылды-жасылды өрнек салса, кәрі апалардың кимешегі қарапайым болған. Және тағы біреулер омырауын жаппайтын кимешек киеді. Кимешек әйелдің омырауын жауып тұруы керек. Кимешектің өзінің тәрбиелік мәні де сол омырауды жапқанында емес пе?! Қарқарадай аппақ кимешек киген әжелеріміз кең далада көшіп жүріп қалай тап-таза болып жүрген деп таңғаласың?!
Бәзбіреулердің бабалары шәркей киіп, енді біреулер шөл далада шаң-тозаңнан қорғану үшін, бет-аузын тұмшалап, етегімен жер сыпырып, қап-қара киініп жүрсе, біздің бабаларымыз алтын мен күміске малынып, табиғаттың сан алуан түсіндей, қызыл-жасыл киініп, табиғатпен үйлесімде өмір сүрген. Өкініштісі, бүгінде төл құндылығымызды менсінбей, өзіміздікін танығымыз келмей, өзектен теуіп, біресе орыс, біресе арап боламыз деп адасып жүрміз.
Өзгенің қаңсығына еліктемей, ең әдемі киім – ұлтыңның киімі екенін ұмытпайықшы!