Басты бет » Жаңалықтар » М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне биыл 80 жыл толып отыр.

Сонау сұрапыл соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде 1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің қаулысымен Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Алғашқы оқу жылында институт құрамында екі факультет: технологиялық және тау-кен факультеттері және 7 кафедра болды. Бір ғасырға жуық университет тарихында біршама өзгерістер орын алды. Университеттің қарқынды даму жолы тәуелсіздік алғаннан соң басталды. Оқу орнының іргелі дамуына әр жылдағы ректорлардың қосқан үлесі зор. Қазір Оңтүстік Қазақстан университеті – өңірдің инфрақұрылымының дамуына бірден-бір себепші оқу орны. Университтетте екі Ұлттық ғылым академиясының академигі, 117 ғылым докторы мен профессор, 500-ге жуық ғылым кандидаттары мен доценттер қызмет атқарады. ОҚУ-да 81 мамандық түрлерімен күндізгі және сыртқы оқу түрлері бойынша 30 мыңға жуық студент оқиды.

Биылғы 80 жылдық мерейлі меретой кең көлемде аталып өтті. Шара М.Әуезов мүсіне гүл қоюмен басталды. Мерейтойлық шара барысында қонақтардың қатысуымен университет ауласына ағаш отырғызылды, кейін професcор оқытушылардың түрлі семинар, форуммен жалғасты. Сонымен қатар басты шара қаладағы «Түркістан сарайы» мәдениет үйінде ірі көлемде концерттік шарамен өрбіді. Алқалы жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы келді. Мерейтойға келген мәртебелі қонақтарқа «Ізгі ниетпен, Ауэзов Уни» деп аталатын  АРТ жоба ұсынылды. Онда тарихы терең білім ордасының ғылыми әлеуеті, өнер-білімі, сән-салтанаты таныстырылды. Құттықтау сөз сөйлеген министр Саясат Нұрбек ел Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтауын жиналған қауымға оқып берді.

– Осы 80 жылдың ішінде университет түрлі кезеңнен өтті. Бүгінде бұл университет еліміздегі ең іргелі оқу орындарының ішінде. Осы аптада үкімет қаулысымен «Зерттеу университеті» атағы берілді. Өздеріңізге мәлім бұл оқу орны мықты зерттеу ғылыми әлеуеті бар университет. Себебі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде химиялық зерттеу орталықтары көшірілген. Осы негізде ұстап қалған бірден-бір университет, осы – Әуезов университеті, – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ал Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков университет ұжымын 80 жылдық мерейтоймен құттықтай келе:

– Сұрапыл соғыс кезінен бастап оқу орны бірнеше кезеңдерді бастан өткерді. |Басында 2 факультет пен 7 кафедрадан құралған университет қазіргі таңда алдыңғы қатарда. Осы жерден қаншама аға-әпкелеріміз ұшып, қазіргі таңда еліміздің мақтаныштарына айналып отыр. Ғасырға жуық мереке құтты болсын! – деп атап өтті.

«Зерттеу университеті» мәртебесін алған оқу орындары елімізде санаулы ғана. Бұл тізімге енді Шымқаламыздағы Әуезов университеті қосылды. Расында да, М.Әуезов университеті соңғы 5 жылда іргелі жетістерге қол жеткізді. Осы тұрғыда университет ректоры Дария Қожамжарованың мықты маман даярлау мен оқытудағы рөлі орасан. Президент айтқандай, оңтүстік жастарының қара шаңырағына айналған білім ордасы ғылым мен білімнің тың жаңалықтарын ашып келеді. Бүгінде университет түлектері – өндіріс саласында ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білімге үлес қосып жатқан тұлғалар. Оқу орны жыл сайынғы рейтингтерде көш басында, себібі оқу ордасының білім берудегі озық әдістері мен жаңашыл білім жүйесінің жемісі. Барша университеттің ұжымы мен студенттер қауымын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

 

Фариза Ахмет,                                                                                                  Шымкент қаласы