Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық БИШІМБАЕВТЫҢ әйелі Салтанат НҮКЕНОВАНЫҢ өліміне қатысты іс үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде Қазақстан Президентіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері бойынша қылмыстық және әкімшілік заңнаманы реформалау туралы ашық үндеу таралып жатыр. Петицияға 12 мыңнан астам адам қол қойған. Бұл туралы azh.kz порталы жазды.
freepik.com
Ұмытылған арыздар синдромы…
«Ақ Жайық» редакциясының мұрағатында зорлық-зомбылық көрген жандардың құқық қорғау органдарынан көмек сұрап жүгінген істері көп кездеседі. Көбіне олардың құтылатын мүмкіндіктері болғанымен, іс жүзінде мүлдем басқаша сипат алады. 2019 жылғы осындай хикаялардың бірі Атырау облысынан тысқары жерде де үлкен резонанс тудырған еді.
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.
Мақат ауданының тұрғыны Айнұр ҚАНАТҚАЛИЕВАНЫ ажал аузынан аман алып қалуға болатын еді. Ол тәртіп сақшыларына әлденеше рет жүгінгенімен, оның көмек сұраған арыздары елеусіз қала берді.
…Тұрмысқа шыққан соң 19 жастағы Айнұр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. Күйеуі Әли ҚАНҚОЖИЕВ сынған бөтелке сынығымен оның ахиллес сіңірін кесіп жіберіп, оған ота жасалды. Сауығып шыққан әйел кішкентай қызымен Алмагүл ықшамауданындағы анасының жалдамалы пәтеріне кетіп қалады. Қанқожиев осы уақыт бойы енесі үйде болмаған кезде қайын жұртының үйіне келіп Айнұрды қорқытып, ұрып-соғып, зорлайды. Зорлау фактісі бойынша әйел арыз жазып, заттай айғақтар келтіреді, алайда оған сот-медициналық сараптама жүргізуге нұсқау берілмей, айғақтар жұмбақ жағдайда жоғалып кететін болған. Психологиялық және физикалық зорлық жарты жылға созылып, жас әйелдің өлімімен аяқталды: оны күйеуі тұншықтырып өлтіріп тастайды. Сол кезде ғана полиция Қанқожиевты ұстайды. Жарты жылдан кейін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 99 («Адам өлтіру») және 120 («Зорлау») баптары бойынша кінәлі деп тауып, 16 жылға (оның 14 жылы кісі өлтіргені үшін және 2 жылы зорлағаны үшін) бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
«Егер олар дер кезінде дұрыс әрекет еткенде, менің қызым тірі болар еді! Сол өлтірілер алдында үш күн бұрын құқық қорғау органдарына тағы да арыз жазып, өзін құтқаруын өтініп, жалбарынған. Бірақ бұл ешкімге керек болмады», — деді немересін қазір өзі тәрбиелеп отырған өлтірілген әйелдің анасы.
…және еріншектік залалы
Ал мынау 2021 жылғы оқиға. 36 жастағы Атырау тұрғыны әйелді өлімші етіп ұрып-соғып, кейін оның балаларының көзінше асылып қалған. Бұған дейін жәбірленуші ұрып-соғу және зорлау фактілері бойынша бірнеше рет полицияға жүгінген. Бірақ қылмыскер бостандықта жүрді. Әйелдің өмірі психологиялық триллердегідей тозаққа айналады. Әйел қорқып, көшеге шығудан қалады. Бірақ бір күні қалай болғанда да оны тауып алып, көлікке күштеп отырғызып, жалдамалы пәтерге апарып, зорлаған. Әйел арыз жазған ба? Жазған, әлденеше рет. Алайда жәбірлеуші әйелді зорлағаннан кейін бірнеше күннен соң оның пәтеріне басып кіреді. Содан кейін оны полиция алып кетеді. Ал кешке ол учаскеден қашып кеткен. Келесі күні Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ол қоғамдық орында ішімдік ішіп, балағаттағаны үшін екі тәулікке қамауға алынады.
Әйелдің «Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу» деген 149-бап бойынша арызына жауап ретінде 1414 нөмірінен істің қаралмай жабылғаны туралы хабарлама келеді. Осы уақытта ер адам бұл әйелді бір айдан астам уақыт аңдыған. Біраз уақыттан кейін азаптаушы оның пәтеріне балкон арқылы әйнегін сындырып кіріп, жәбірленушінің басынан ауыр затпен ұрып (қыздары оның балта екенін айтады), дәретханаға кіріп, асылып қалады. Бағына қарай, әйел мен оның балалары аман қалды, бірақ құқық қорғау органдарына әлі де сауалдар қалып отыр.
Сот Атырау қалалық полиция басқармасының төрт қызметкеріне ҚР ҚК-нің 370-бабының 4-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік») бойынша үкім шығарды. Олар 4 жылдан, ал жедел уәкіл мен тергеуші ҚР Қылмыстық кодексінің 433-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша ауыр қылмысты жасыруы») тиісінше 4 және 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Мені ақыры қорғаған жоқ»
Соңғы жарияланымдарымыздың бірі туысы тарапынан қайта-қайта жәбір көрген балаға арналды. Анасын да зорлап, ұрып-соққан. Іс бір ғана себеппен қозғалмады – учаскелік полиция қызметкерлері әрекет жасамаған, олардың ешқайсысы қайта-қайта шақырып, көмек сұрап жалбарынса да, қылмыстың шын мәнінде жасалғанын дәлелдейтін сот-медициналық сараптамаға жолдама бермеген.
«Осы келеңсіздіктер кезінде бірнеше рет полицияны шақырдым, бірақ учаскелік полицейлердің ешқайсысы мені де, баламды да қорғаған жоқ», – дейді жарияланым кейіпкері.
Айтпақшы, осыдан кейін учаскелік полиция қызметкеріне қатысты тәртіптік жаза қолданылғаны рас па, жоқ па, ПД-нен нақтылап сұрадық. ПД баспасөз хатшысының айтуынша, мұндай жағдай орын алған: осы іс бойынша учаскелік полиция қызметкеріне «қажетті құжаттарды уақтылы жинамағаны үшін» қатаң сөгіс жарияланған. Іс жабылды. Кінәлілер бұрынғыша бостандықта жүріп жатыр, ал әйел әлі күнге дейін терең депрессияда, өзі мен ұлы үшін қорқып, үнемі алаңдаумен өмір сүріп жатыр.
Қылмыстық хроникада бір абзацпен қаншама осындай оқиғалар резонанссыз «өтіп кетті»: Атырауда, ауылдарда, бүкіл елде қаншама әйелді өлтірді, зорлады, мүгедек етті, мертіктірді, санап шығу мүмкін емес. Олардың қаншасы жарияланбады? Бұл оқиғалардың бәрі көмекке шақырған жәбірленушінің арызынсыз орын алғанына күмәнім бар.
«Заңды күшейту керек»
Петицияға қайта оралайық. Оның авторы Рахым ОШАҚБАЕВТЫҢ пікірінше, зорлық-зомбылықтың себептері тек отбасындағы әлеуметтік-экономикалық проблемалардан, тәрбие мен білімнің төмендігінен ғана емес, қоғамдық қарым-қатынастың осы маңызды саласын реттейтін әкімшілік және қылмыстық-құқықтық нормалардың екіұштылығымен де байланысты.
«Түсініксіз себептермен әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі құқық қорғау органдарынан қолдау таппады және бұл мәселе бойынша заңнамада тұжырымдамалық өзгерістер болған жоқ.
Қолданыстағы нормаларды талдаған кезде адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әсіресе отбасында әйелдер мен балаларды қорғау бөлігінде қолданыстағы қылмыстық және әкімшілік заңнамалардың теңгерімсіздігін, кемсітушілік белгілері бар және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу және қылмыстың алдын алу мақсаттарына жетуді қамтамасыз етпейтінін көрсетті, – дейді Р.Ошақбаев. – Заңның отбасылық саладағы ауыр емес қылмыстарға жұмсақ әрекет етуі ықтимал заң бұзушылар арасында жазасыздық сезімін тудырады және анағұрлым ауыр қылмыстарға, соның ішінде кісі өлтіруге әкеп соғады.
Көбінесе бұл кезеңде қылмыстық заңның араласуы әйелдер мен балалардың өмірін сақтап қалмайды және жасалған әрекеттер үшін кешіктірілген жазаға айналады».
Петицияға ғылым докторлары, заңгерлер, профессорлар, қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер, адвокаттар және бұл мәселеге бей-жай қарамайтын басқа да мыңдаған қарапайым азаматтар қол қойып жатыр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2015 жылдан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін орта есеппен отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жылына 752-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Істердің 84,7 пайызы «Адам өлтіру», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» баптары бойынша сараланған.
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.