1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.
Ал 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бұл мереке алынып тасталған болатын. 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, ұлттық мерекеміз – Республика күні қайта оралды. Осы атаулы күнге орай еліміздің әр аймағында ұлттық мерекені ұлықтаған түрлі шаралар өтуде.
Мәселен, Астананың Республика даңғылы бойындағы тұрғын үй терезелері көк байрақпен көркемделген. Бұл шара – Отанға деген ұлы махабатты айшықтайтын ерекше бастама.