Басты бет » Жаңалықтар » Алматыда I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі өтеді

Алматыда I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі өтеді

20-24 қазан күндері Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі өтеді. Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры ұйымдастыруымен өтетін фестивальге Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан Республикаларының 14 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шеберлері қатысып, өнер көрсетеді.

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – тамырлы тарихы 1935 жылдан бастау алатын республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Бүгінде өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. 88 жылдық тарихы бар өнер ордасы әр жыл сайын көрермен талғамы мен қызығушылығына сай қазіргі таңдағы өзекті де белді оқиғаларды кішкентай бүлдіршіндер мен ересектердің сұранысына сай қойылымдар арқылы арнасын толықтырып, жаңаша тың жобаларды іске асыруды басты мақсат санайды.

Фестиваль мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру.

Фестивальде аясында үздік өнер ұжымдары мен өнер иелері анықталып, «Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік қуыршақ жүргізуші», «Үздік суретші», «Жаңашыл көзқарас» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталады. Үздік танылғандарға қаржылай сыйақылар табысталады.

Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталмыш саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен «Қуыршақ театры суретші көзімен», «Грим және театр», «Қуыршақ театрындағы режиссёрлік ізденістер», «Пантомима және қуыршақ: органикалық байланыс» тақырыбында шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылады.

Фестивальден әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтарын арттыру, Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер күтілмек.

Театр ұжымы ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш мерекені бірге тойлауға шақырады.

Гүлім Көпбайқызы