Венера Мұратқызы, «Jastar janary»
Кеше Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының ұйымдастыруымен «Бизнес және руханият» атты «Бес мың ауыл – Бес мың кәсіпкер» жобасының жетекшісі, кәсіпкер, меценат Талғат Сақанұлымен кездесу өтті.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен тағылымды кешке ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, белгілі журналист, тележүргізуші, медиатренер Дана Нұржігіт, ақын, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы, ақын Мақпал Мыса тағы да басқа мәдениет пен өнер қайраткерлері, студент жастар қатысты. Жиын Талғат Сақанұлының кәсіпкерлік жолы, атқарып жатқан игі істері туралы баяндалған бейнекөріністен басталды.
Кешті Абай атындағы халықаралық қор директоры Аслан Ғафуров ашып, жиынға келген қонақтарды таныстырды. Жырдан шашу шашқан қазақтың дәстүрлі және халық әндерін кеңінен насихаттап жүрген дарынды әнші Ерлан Рысқалиев Абайдың «Сегізаяқ» әнін шырқады.
Кезінде қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров: «Бізде ары кетсе 5000 ғана ауыл бар. Сол ауылдан шыққан 5000 азамат табылады. Егер бірігіп, бір болып, ынтымақта болсақ біз ауылды көркейтеміз. Мен өзімнің туған жеріме келгендегі мақсатым да сол деп білемін» деген еді.
Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың осы бір жақсы сөзін тірілтіп, «Бес мың ауыл – Бес мың кәсіпкер» жобасы аясында іргелі істі жалғастыру мақсатында 5000 кәсіпкердің басын қосып, жаңа жобаны қолға алып отырған Талғат Сақанұлы жоба туралы айтты. Басты мақсат –5000 кәсіпкер бірігіп, 5000 ауылды түлету, еліміздің гүлденуіне, дамуына үлес қосу.
Еліміздің, ұлтымыздың руханияты пен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтық қоғам өкілдері кәсіпкермен ой бөлісіп, пікір алмасты.
ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілеп, аталған жобаның ұзағынан жалғасарына сенім білдірді.
Ақын Серікзат Дүйсенғазы Талғат Сақанұлының бүгінгі атқарып жатқан игілікті шараларына тоқтала келе, кәсіпкер азаматтың туған жерге, өскен ауылына, ата-анасына жасаған ізгі амалдары кейінгі жастарға үлгі болу керектігін айтты.
Журналист Дана Нұржігіт, ақын Мақпал Мыса, өзге де руханият пен мәдениет майталмандары елдегі қазақтілді ортаның, соның ішінде бизнес өкілдерінің елдің рухани дамуы үшін маңызды мәдени іс-шараларға белсене араласып, қолдау көрсетуі турасында әңгімеледі.
Кездесу соңында Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры атынан сенатор Алтынбек Нұқұлы, журналист Дана Нұржігіт және кәсіпкер Талғат Сақанұлы марапатталды.