24-29 қыркүйек аралығында Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастыруымен, қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Тахауи Ахтановтың 100 жылдық мерейтойына орай республикалық «Ахтанов алаңы» театр форумы өтті.
Әр театрдан келген қатысушыларға халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандар дәріс берді. «Режиссурадан» – Әлібек Өмірбекұлы, «Грим» бойынша Аягүл Шалғымбаева, «Хореография» – Анна Цой, «Актер шеберлігінен» – Гүлназ Балпейісова, «Сценография» және «Сахналық костюм суретшісі» мамандығынан Хисматуллина Лилия, «Жарық қою суретшісі» Макаров Арсений секілді мамандар теория мен тәжрибені ұштастырған шеберлік сыныптарын өткізді.
Форум Қарғалы өзенінің бойында орналасқан «CAMPIT» демалыс лагерінде, ашық аспан астында өтті. Қатысушылар бірінші күннен бастап-ақ кәсіпқой мамандармен бірге алты бағыт бойынша шеберлігін шыңдауға кірісті.
«Сценография» мен «Жарық қою шеберлігі» бойынша дәріс берген оқытушылар М.Мамбетов пен Б.Адильжан бірлесіп А.Островскийдің «Найзағай» пьесасының негізінде жұмыс бастады. Шығарма бойынша кеңістікті игеру мәселелері қаралып, картон қағазды пайдалану арқылы өзіндік шешімдер жасады. Пьесаның негізгі қақтығысы – ескірген авторитарлық әлеуметтік-тұрмыстық принциптер. Сценограф екпінді пьеса соңында өзіне қол жұмсайтын Катерина мен оның ғашығы Борис Григорьевичке берген. Екеуі бір-біріне ессіз ғашық. Өздерінің ауыр позициясын шетке ысырып, махаббаттың соңынан ерген ғашықтардың ғұмыры ұзаққа бармайды. Күйеуі Тихон Ивановичтен опасыздық көруден шаршаған Катерина өмірден өз орнын таба алмағанына өкініп, өзенге қарай беттеп батып өледі. Себебі ол үшін өмірдің сиясы таусылған болатын.
Сценографтар негізі кеңістікпен жұмыс жасайды. Әрекет өтетін сахнаны ойлап тапқанға дейін алдымен пьесаны оқиды, содан кейін жарық суретшісімен бірге талқылайды. Қос маман ортақ шешімге келе отырып негізгі идеяны ұсынады.
М.Мамбетовтің жұмысынан киттің бейнесінде жасалған көпірді көреміз. Көпірдің бергі тұсында Волга өзені. Бұл алып киттің бейнесіндегі көпір кеңістікті жауып қалған. Спектакль барысында актерлердің сахнадағы мизансценалық орналасуына қолайсыздықтар тудыруы мүмкін деп ойлаймыз.
Екінші жұмыста суретші Бибигүл Мусина классикалық шешім жасайды. Ол орыстың тұрмысын көрсетуге тырысқан. Әйел психологиясының шаршап, жүдеп кеткен бейнесін сұрғылт түстермен берген. Сахнадағы бір тондағы түстер бізге ауыр тағдырдың езгісінде өтіп жатқан өмірді сезінуде орынды табылған шешімдер болды.
Соңғы жұмыста автор Айзат Айжарықова Катеринаның ішкі жан дүниесінің тоқырауын бейнелеуге тырысқан. Сахнадағы қызыл мата кернеген махаббат пен құштарлықты қайда жіберерін білмей. шарасыз қалған көріністі беруге тырысқанын байқаймыз. Бұл декорация спектакльде камералық сахнаға лайықты болар еді. Сахнаға мынандай конструкцияны құру қазіргі театр талаптары мен сұранысына сай емес.
Режиссура бағыты бойынша дәріс өткен Ә.Өмірбекұлымен бір тәуліктің он жеті сағаттын қатысушылармен бірге білім алуға жұмсады. Жетекші бұл мамандықтың қыр-сырын аша түсіп, кері байланыс арқылы бірлесе отырып, бірден әрекет етуге кірісті. Ә.Өмірбекұлы режиссердің актерлермен жұмыс істеуіннің ерекшеліктерін айтты. Сонымен қатар пьесаны оқу барысында әр сөзге жіті тоқтала отырып жасаған талдау жұмыстары өзіннің оң нәтижесін бере алды. Шығармамен алғаш танысу барысында дұрыс түсіну мен дайындық сайын мақсат пен идеяға жұмыла әрекет ету маңыздылығы жоғары екені де айтылды. Сахналық композицияны құру, мизансценамен жұмыс, референс, мақсаттың туындауы және оны орындауға себепкер болған әрекетті анықтай білу режиссурадағы маңызды фактор болып табылады. Жетекші қатысушы режиссерлерге жеке тапсырмалар беріп, жұмыс барысында туындаған сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік алды. Бұл өзара шығармашылық байланыстың құрылуына оң әсер туындата білді. Қатысушылар белсенділігін танытып, өздерін басқа қырларынан көрсете алды.
Форум барысында біздер шығармашылық үдерістің даму эволюциясын, режиссер мен актердің жұмыс істеу барысын, режиссердің шығарманы талдауы осы секілді дүниелермен таныстық. Төрт күнге созылған форум нәтижесі ретінде, режиссура бойынша Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек», У.Шекспирдің «Гамлет», А.Чеховтың «Чайка» пьесаларының негізге «Шәйка» деген қойылым дүниеге келді. Әр режиссердің таңдап алған пьесаны қабылдауын ескере отырып жасалған нәтижелі жұмыс. Режиссерлер актер ретінде де сахнаға шықты.
«Актер шеберлігінен» Г.Балпейісова шеберлік сағатын таңғы жаттығудан бастап, денені физикалық тұрғыда сыртқы әлемнен босату процесінің кеңістігінде жүргізді. Бұл тәжірибе жүзінде өткен тренинг актёрларға қиындық туғызбағаны анық. Актерлер әр күні, әртүрлі бағытта жаттығулар, тренингтер алып отырды. Соның ішіндегі қызықтысы жапондықтардың Буто биі болатын. Бұл қимыл әрекетті орындамас бұрын, алдымен қолыңды көтеріп, өзіңді ұшып бара жатқан сезімде ұстауың қажет. Бұны біз жер мен космостың қосындысы деп атаймыз. Аталмыш би секіру, айналдыру секілді артық қимылдардан аулақ, маңыздысы – позиция мен скватты сақтау. Бұл жаттығулар арқылы актерлер психологиялық тұрғыда өз денесін игеру, сонымен жұмыс жасау мүмкіндіктеріне ие болды. Г. Балпейісова өзінің дәрістерін қызықты әрі көңілді түрде өткізуді жөн көрген.
Түйіндей келе, аталмыш форум әр маманның театрға деген көзқарастары мен ойларын біршама айқындап берді. Сонымен қатар шетелдік театрлардың жұмыс барысымен жақын таныса келе, отандық актер, режиссерлердің мәдени сауаты артты. Әр театрдан келген мамандар бір-бірімен таныса отырып, болашақта шығармашылық байланыстар орнататыны сөзсіз. Бұл форум қазақ театр сахнасына тың ізденістерге жол ашып, көтерер жүгі ауыр спектакльдер сыйлайтынына сенеміз. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастырған шараның ғұмыры ұзақ болады деген үміттеміз.
Аяулым Бекбау,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының
3-курс студенті