1965 жылы Ақмола облысының Сауле ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі тыл ардагері – Бопан Төлеуұлы 44 жыл жүргізуші болса, анасы – ауыл мектебінің еденін жуып, зейнеткерлікке шыққан қарапайым жан. Ата-анасы отбасындағы 6 баланың жоғары білім алуы үшін аянбай еңбек етті.
– Ата-анамның тынымсыз еңбегінің арқасында қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк, киіміміз бүтін болды. «Не киеміз? Не жейміз?» деген емеспіз. Шаңырағымыздан барлық берекесі бірлікте болды. Бала кезімізден еңбекке баулыды. Қандай шаруа болса да, бәріміз жұмыла кірісетінбіз. Біреулеріміз үйдің ішін ақтасақ, екіншілері сыртын сылайтын. Оның сары балшығын екі аяғымызбен иі қанғанша басатын едік. Үйдің іші-сырты жөнделген соң, қыста жағатын отынды дайындауға кірісеміз. Отыннан кейін, шөптің науқаны басталады. Оны да жабыла жасаймыз. Ойын баласы болсақ та, қай істі болмасын, солай, бірігіп тындыратын едік. Жаз бойы анамыз қыстың қамын ойлап, қарын-қарын сары май жасағанда, құдықтан шелекпен салқын суын тасып тұратынбыз. Таба-таба нан пісіргенде пеш жағамыз. Шелек-шелек қоспа жасағанда, ірімшігін үгеміз. Қазан-қазан құрт пісірсе, оны қолмен сығып, жаямыз. 200 литрге дейін орман құлпынайынан тосап дайындайтыны да бар. Ол үшін бір апта бойы, күнделікті, орманға барып құлпынайдың 4-5 шелегін жинап әкеліп, екі кештің арасында бастап, түн ортасынан ауғанға дейін олардың түбіндегі түйнек шөбін тазартатын едік. Сөйтіп еңбекк ерте араластық. Мамырдың көгі шыға бастағаннан, екі-үш бие байланып, анашым, жаз бойы аузымыздан қымызды үзбейтін», – деп еске алады Сымбат Бопанқызы.
Кішкентай болса да, анасының артқан үлкен сенімі жақсы еңбек адамы болып қалыптасуына ерекше ықпал еткен. Не үйретіп, істетсе де үлкен жауапкершілікпен қарайтын Сымбат Бопанқызы ісіне тиянақты, елгезек болып өсіп, 9-10 жасымда бие, сиыр сауып үйренген. Сол балалық шақтан «әкем мен анамды қалай қуантам, олардың жүздерінен тек күлкі көрсем, абыройларын асқақтатып, биікке көтерсем» деген мақсатты өзіне темірқазық еткен. Әке-шешенің берген тәрбиесі еңбекқор адам болып қалыптасуына айырықша ықпал еткен. Мектеп бітірген соң 1981-1986 жылдары Целиноград ауыл шаруашылығы институтының ветеринария факультетінде оқып, жоғарғы білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1986 жылдың күзінде Целиноград ет комбинатынан бастаған. Кейін 1996 жылы комбинат жабылды. Сол жылдары қаладағы сот жүйесі жоғары білімді мамандарды жұмысқа қабылдап жатқанын естіп, іріктеуден өтіп, Ақмола қалалық сотына бас маман болып орналасқан. Сотта еңбек етіп жүріп, Ақмола қаласының Еуразия гуманитарлық институтын сырттай оқып, 2001 жылы заңгер мамандығын алады. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, адал қызмет еткендіктен дәрежесі өсіп, еліміздің сот жүйесінің қызметін тексеру комиссиясына мүше болып енеді. Астана қаласының орталық заң кеңсесінде 10 жыл қызмет етеді. Білімін тереңдетіп, өзін дамытуды еш тоқтатпаған. Әділеттің біліктілік комиссиясының тестілеуі мен емтиханынан сүрінбей өтіп, судьялардың республикалық резервіне енген.
1986 жылы тұрмысқа шығып, жұбайы Темірғалиұлы Жұмабаймен 37 жыл тату-тәтті өмір сүріп, үш қыз, екі ұл өсіріп, тәрбиелеп өсірді.
2006 жылы Астана қаласынан Тайтөбе ауылына көшіп келген. Қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатына жер телімін алып, үй және қосалқы шаруашылық салған. Сымбат ханым үйінің айналасын бау-бақшаға айналдырып, жеміс-жидек ағаштарын жайқалтып еккен.
Отбасылық қаражаттарына 2002 жылы 8 бас бие сатып алып, шаруашылық бастаған. Ауылға келген соң, бірден қымыз өндіруді қолға алады. Ол қымыз бен саумалдан бөлек, ақ тағамдарды көбейту мақсатында, тұтынушылардың сүт өнімдеріне деген сұранысын анықтаған. Ол қазақ ұлттық тағамдарымен қатар өзі ешқашан жасап көрмеген итальяндық ірімшіктердің бірнеше түрін жасайды. Ірімшік дайындауды үйренудің жолдарын іздестіріп, ең алғашқылардың бірі болып үй жағдайында ірімшік жасауды қолға алған маман. Онлайн түрде, ақылы сабақтар алу арқылы итальяндық ірімшіктерді дайындап көріп, 2018 жылы Италияға барып, ірімшік жасаудың қыр-сырын өз көзіммен көріп келеді. Көп ізденіп, көп оқып, өз-өзін дамытуды ешқашан тоқтатқан емес. Өзі үйренгенін, басқалармен бөлісіп, үйрету мақсатында шеберлік сабақтардың бейне жазбасын жасап, қолжетімді бағада, сатылымға шығарады. Әуелде 5 литр сиыр сүтінен дайындаса, кейін күніне 100 литр дейін сүт өңдейтін болды. Уақытын ыңғайлы әрі тиімді пайдалану үшін өнімдерді алдын ала тапсырысқа жасауды қолға алып, бір жүйеге келтіріп қойған.
Шығарған өнімдерді әлеуметтік желіде жарнамалап, сатылымның ауқымын кеңейтті. Қазір алыс-жақын шетелдерден, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстаннан көптеген тапсырыстар түседі. Сол елдерден шеберлік сабақтарын сатып алып жатқан оқырмандары да аз емес. Сымбат Бопанқызының алдағы басты мақсатының бірі – сүтті қара малдың басын көбейтіп, оның өнімін арттырып, шексіз мүмкіндіктерді пайдаланып, өнімдерін экспортқа шығару.
Сондай-ақ Сымбат Бопанқызы 2019 жылдан бастап балық өсіріп-өндірумен айналысуда. Ауыл сыртындағы көлді жалға алып, бір бөлігін қамысынан, қара балшығынан тазартып, тереңдету жұмыстарын жүргізді. Жоспарға сәйкес, 2022 жылдың күзінде 12 000 дана карп балығының сегалеткаларын көлге жіберді. Алдағы уақытта оның санын көбейтіп, балықтардың басқа түрлерін де өсіру жоспары бар.
Бұдан бөлек, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды жандандырып, оларды кейінгі ұрпаққа дәріптеп, жасалу жолдарын көрсету мақсатында бейне жазбалар түсіріп, Youtube каналына жүктеумен айналысуға да уақыт табады. «Бұл бір жағынан, мен үшін бұл – ұлттық салт-дәстүрді жалпы әлемге дәріптеу болса, екіншіден-таптырмайтын табыс көзі» – дейді нағыз еңбек!
Адамның ойына, өзінің қолынан келетін іс қана келеді. Тек айналадағы мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек.
Бастаған істі соңына дейін жеткізіп, бүгін жасауға болатын жұмысты ертеңге қалдырмау – оның өмірлік қағидасы. Ойға алған дүниелерді ұзаққа созбай, бірден қолға алып, жақсы нәтижелерін көріп отырған Сымбат Бопанқызының еңбегі ерен. Еңбек ері деп айтуға әбден лайықты.