Басты бет » Жаңалықтар » Зейнеп Ахметова: Қазақ қыздары тұрмысқа шыққанша басына орамал салмаған

Зейнеп Ахметова: Қазақ қыздары тұрмысқа шыққанша басына орамал салмаған

Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы:

– Бұрын қазақ қыздары тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Құндыз бөрік, кәмшат бөрік, үкілі тақия, шашақты қасаба, жырға, моншақты қолға секілді бірінен бірі өткен бас киімдерді киген. Енді сол бас киімдерге лайықтап шашын өрген. «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген сөз бар ғой, сол сияқты: «қолаң шаш», «алтын шаш», «қара шаш» сынды тіркестер шашқа қарата айтылған теңеулер емес пе?! Ал шашқа тағатын әшекейлер де жетерлік. Мұның барлығы қыздың қыз кезіндегі көркіне көрік қосқан заттар.

Некесін қиғаннан кейін бірнеше күн сәукеле киеді. Сәукеленің артында таза матадан жасалған «желек» деген жабуы болады. Беташарда бетін жауып тұратыны сол. Содан кейін келіншек бір жыл бойы желекті салып жүреді. «Желегі түспеген жас келін» дейтін сөз содан қалған. Бір жылдан кейін, енесі нағыз келін болды деп, төңіректегі әйелдерді шақырып, кимешек кигізеді. Қазақ әйелдерінің кимешегіндей әдемі киім жоқ шығар. Ол тіпті ұсқыны келіспеген әйелдердің өзін әдемі етіп көрсетеді. Ойлап қараңыз, бір ғана қыздың басына тағатын әшекейдің түрлі атауы бар. Сондай сұлулықтың бәрін қара орамалдың астына көму керек пе?

Ал қара орамалды күйеуі өлген әйелдер салған. «Абай жолы» романында да бұл туралы жазылған ғой. Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ. Ол жақ құмды жер, өте ыстық, боран. Соған байланысты киім киістері де өзгеше. Еркегі де, әйелі де киініп, кейін ол дәстүрге айналған. Ал енді ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрдің орнына алыстағы өзге ұлттың дүниесін қазаққа жапсырудың не қажеті бар? Осы уақытқа дейін болмаған нәрсені аяқ асты әкелу әсіре діншілдердің әрекеті.

Қазақ – атамзаманнан Құдайға сенген халық. Біздің ырым, тыйымдарымызды ешқайсысы шариғатқа қарсы келмейді. Бәрі тектілікке, әдептілікке, ұятқа құрылған. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген бір ауыз сөздің өзі осыған дәлел. Дін көп, Құдай біреу. Егемендік алып, шекарамыз ашылғаннан кейін түрлі ағым өкілдері елімізге келді. Бір исламның өзінде қаншама ағым бар. Олардың не себепті келгені де күмән тудырады. Менің «батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады» деп айтатыным да содан.