Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңіне арналған негізгі бағдарларды айқындап, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда білімнің, ғылымның, инновацияның және адами капиталдың айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы биыл Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып отырған тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орнына тоқталды. Жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекеттілікті нығайту мен саяси жүйені жаңғыртудағы маңызды кезең болды. Конституцияның 1 шілдеден бастап күшіне енуі мемлекеттік институттарды қалыптастыруға және елді одан әрі жаңғыртуға тың серпін берді.
Президент келер жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға, экономиканы дамытуға және жаңа технологиялық дәуірдің сын-қатерлеріне жауап бере алатын жасампаз қоғам құруға бағытталған.
Жасанды интеллект қарқынды дамып, технологиялық өзгерістер жаһандық сипат алған қазіргі кезеңде білім беру, ғылым және инновация салаларының маңызы арта түседі. Елдің ұзақ мерзімді даму мүмкіндіктері адами капиталға, білікті мамандар даярлау сапасына және озық технологияларды өндіріске енгізу қабілетіне тікелей байланысты.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, «Жалпыхалықтық құрылыс» ауқымды инфрақұрылымдық өзгерістермен ғана шектелмей, ел болашағына салынған ұзақ мерзімді инвестицияға айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда ғылыми әлеуетті арттыру, білікті кадрлар даярлау және әрбір азаматтың өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау ерекше маңызға ие.
Болашаққа инвестиция – адами капиталды дамыту
Жолдауда Ұлттық қордың миссиясына да айрықша назар аударылды. Оның негізгі міндеті – ел байлығын сақтап, еселей отырып, оны бүгінгі және келер ұрпақтың игілігіне жарату. Президент ұрпақ алдындағы жауапкершілік қаржылық жинақтарды сақтаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Болашаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті экономикасы, заманауи инфрақұрылымы және өмір сүру сапасы жоғары ел қалдыру да аса маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда білім мен ғылымды дамыту адами капиталды ұзақ мерзімді нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі саналады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді қолдау және ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу елдің орнықты дамуына негіз қалайды.
Мемлекет басшысы бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, өңірлердің дамуын үйлестіру қажеттігін атап өтті. Экономиканың негізгі салаларының төңірегінде білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін тұтас экожүйелер қалыптастыру қажет.
Мұндай тәсіл университеттер мен ғылыми ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, білім беру бағдарламаларын экономика сұранысымен ұштастыруға, кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайтуға және қолданбалы зерттеулерді дамытуға жол ашады. Сонымен қатар өңірлердің даму басымдықтары жергілікті әлеуетті ескеріп, экономиканы әртараптандыруға ықпал етуі тиіс.
Жасанды интеллект және цифрлық экономика: жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер
Жолдауда Президент цифрлық экономиканың жаңа моделіне көшу қажеттігін де атап өтті. Қазақстанда бұл бағытты дамытуға білімді жастар, интернетке қолжетімділік және дамыған цифрлық инфрақұрылым сияқты қажетті алғышарттар бар. Ендігі міндет – цифрлық технологияларды қызмет тұтынудың құралы ғана емес, кәсіби тұрғыдан өсуге, кәсіпкерлікпен айналысуға және жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік беретін тетікке айналдыру.
Осыған байланысты жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және басқа да перспективалы технологиялық бағыттар бойынша мамандар даярлау өзекті бола түсуде. Цифрлық құралдарды меңгерту ғана емес, жастардың өз технологиялық шешімдерін әзірлеуіне, инновациялық жобаларды іске қосуына және ғылыми жетістіктерді экономикаға енгізуіне қажетті құзыреттерді қалыптастыру маңызды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білім беру жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын меңгеру мүмкіндіктерін кеңейту және университеттердің ғылыми әлеуетін нығайту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл ретте халықаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру бағдарламаларын жаңарту және жоғары оқу орындарының технологиялық компаниялармен байланысын нығайту маңызды рөл атқарады.
Білім мен ғылым – Қазақстанның технологиялық болашағының негізі
Жолдауда белгіленген басымдықтар елді дамытуға кешенді көзқарас қажет екенін көрсетеді. Бұл ретте инфрақұрылымды жаңғырту, ғылыми-технологиялық прогресс және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру өзара сабақтас бағыттар ретінде қарастырылады.
Жоғары білім беру жүйесі үшін бұл – мамандар даярлау сапасын одан әрі арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, жастардың бастамаларын қолдау және университеттердің экономиканың нақты міндеттерін шешуге қатысуын кеңейту деген сөз. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін ашуына қажетті жағдай жасау айрықша маңызға ие.
Ғылым және жоғары білім министрлігі адами капиталды дамыту, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, инновацияларды енгізу және озық технологияларды әзірлеп, қолдана алатын мамандар даярлау бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Жаңа кезеңдегі басты міндет – білім, ғылым мен технологиялар экономикалық өсудің нақты қозғаушы күшіне айналатын жағдай қалыптастырып, әрбір азаматтың кәсіби дамуы мен өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Адамға, оның білімі мен қабілетіне салынған инвестиция – Қазақстанның орнықты дамуы мен технологиялық өркендеуінің берік негізі.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
