Басты бет » Жаңалықтар » «АЛАТАУ» ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ТЕАТРЫ ЖАҢА​ МАУСЫМЫН АШТЫ

«АЛАТАУ» ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ТЕАТРЫ ЖАҢА​ МАУСЫМЫН АШТЫ

13 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында VII маусымның ашылуына орай ​ «Қамбар батыр» эпостық жыры сахналанды. 

Бұл жыр қазақ халқының этнос ретінде қалыптасу кезеңін баяндайды. Сонымен қоса халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы кеңінен суреттеледі. Жырдың арқауы болған Қамбар батырдың ерліктері тыңдарманның рухын көтеріп, отансүйгіштікке баулиды.​ Қойылым режиссері — Нұржан Тутов.​

Қамбар батыр жыры туралы Мұхтар Әуезов «Жыр — батырды сүйіп, қостаған бейілді білдіреді, өйткені ​ батыр дегендер халықтың сүйген асылдары» деген болатын.

Ежеледен келе жатқан ұлттық өнердегі дәстүрлі ән-күй, жыр, терме, айтыс, би сынды салалармен қоса дәстүрлі өнерімізді қойылым деңгейіне жеткізіп, сахналау ​ тың ізденістерді қажет етеді. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.​

​ Дәстүрлі орындаушылық үрдіс пен театр өнерін сақтау, дамыту, танымалдылығын арттыру жолында Театрымызда қажырлы жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда театр «Алтыбақан» сынды жаңа форматтағы музыкалық қойылымдары негізінде өзінің бағытын айқындап алды. Жаңа фарматтағы «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші қойылымы алдағы уақытта «Ақсүйек», «Бастаңғы» сынды қойылымдармен толығып, қазақ дәстүріндегі жастардың қалыптасқан сауықтық ойындарының басын қосқан сериялы қойылымдарды құрайды.​

Онан бөлек «Жыр-Жамбыл», «Ән Мұхит» музыкалық драмалары, «Айман-Шолпан» драмалық комедиясы сынды қойылымдар да театрымызды жаңа бір қырынан танытуда. ​ «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен әндерінен құралған балаларға арналған музыкалық қойылым қойылады. «Абай-Тоғжан» қойылымы, «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық кеші, ​ «Әсем әуен мен көркем қимыл» сазды би кеші, «Кез болған соң кер заман» атты музыкалық қойылымы көрермендер ықыласына бөленді.​

Алматы қаласы күніне орай Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Республикалық жыршылар фестивалі өтті. Жәнібек Кәрменов атындағы «Ән-Алматы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы басталады. Бұл жаңа маусымда театр ұжымы көрермендерін жаңа шығармашылық қойылым, қызықты бағдарламаларымен қуантады.

 

 

Ардақ Беркімбай

«Алатау» дәстүрлі өнер театры​

Әдебиет бөлімінің қызметкері