Бүгін Отбасы күні. Әр отбасы мемлекеттің кірпіші, әр отбасы берік болса, мемлекет мықты болмақ. Сөзсіз, әр отбасының артында ұлттың тағдыры, мемлекеттің келешегі тұр.
«Ауруын жасырған өледі» дейді халқымыз. Шаңырақ көтеріп жатқан жастарға «шаңырағың биік, босағаларың берік болсын» деп жатамыз, бірақ сол құрылған жас отаулардың жылға жетпей ажырасып жатқаны қаншама?!
Бүгінде отбасы құндылықтары құлдыраған заман болды, ажырасудан алдамыз.
Отбасы институты құлдырап бара жатыр.
Жас ата-аналарымыз ұрпағына ұлтымыздың ұлағатты тәрбиесін бере алмай отырғанын көріп отырмыз.
Бұл жай сөз емес. Неше жылдан бері білім ордаларымен тығыз жұмыс істеп, жас ұрпақ тәрбиесінде кеткен олқылықтарды көріп жүргендіктен білемін.
Отыз жылдан астам уақыт бәрімен «күрестік». Бірақ сол күресте жеңімпаз болмадық. Керісінше проблема жылдан-жылға ушығып барады.
Отбасылардың ойран болуы қоғамға да, мемлекетке де опа бермейді.
Иа, ажырасудың неше түрлі себебі болады. Материалдық қиындықтар, мінездің жараспауы…
Дегенмен, түп-төркіні ұлттық тәрбиенің жоғалып бара жатқанында жатыр.
«Болары болып, бояуы сіңгенмен» күресуді қойып, алдын алу, ұрпақ бойына өнегелі тәрбиені, ұлттық құндылықтарды сіңіруді қолға алуымыз керек.
Кейбір өркениетті елдерде тәрбие жоғары деңгейде қолға алынып,«Отбасы министрліктері, Бақыт министрліктері» деген құзырлы органдар болады екен.
Бізде де ұлт тәрбиесі мемлекеттік деңгейде қолға алынып, Тәрбие және отбасы министрлігі құрылса, отбасылық құндылықтар, ұлттық құндылықтар дәріптелсе, бүгінде қоғамда боп жатқан көп мәселенің шешімі табылар еді.
Осыны бірнеше жылдан бері айтып келеміз, естір құлақ жоқ.
Өйткені әр отбасы бала өсіріп отыр. Ол бала қоғамның мүшесі, мемлекеттің азаматы, еліміздің болашағы.
Ал мемлекеттегі ең құндысы ол -адам. Сол адамды тәрбиелеу — әр мемлекеттің міндеті. Болашағымыз жарқын болсын, қоғамымыз әділ болсын десек, адал азаматтар тәрбиелеуіміз керек.
Бірнеше жылдан бері қамқоршылар кеңесінің жұмысымен айналысамын. Көргенім, түйгенім бар. Мәселен, ажырасқан отбасылар көбейіп бара жатқанын, мектептердегі «Жаппай оқыту» ережесіне сәйкес әлеуметтік көмекке жүгінгендерден байқап отырмыз.
Үй аралаған кезде 3-4 баласын тастап кетіп, алимент төлемей қашып жүретін ер-азаматтар жайлы да естідік, «жаңа өмір бастау үшін ажырастым» деген келіншектерді де көрдік. Ештеңе етпейді, ажырасқандар өлмейді, «үкімет береді» деп алақан жайып отырғандарды көбейту, қаншалықты дұрыс.
Неше жылдан бері «Күлтөбенің басында күде жиын» жасап, Ұлттық құрылтай, Ұлттық комиссия, Аналар кеңесі, Әкелер одағы, Ақсақалдар кеңесі деп әркім жалаулатып жүрміз.
Осының барлығының басын біріктірсе, көп нәрсе нәтижелі болар еді-ау?!