Басты бет » Жаңалықтар » «Домыра харам ба?»: Домбыраға тіл тигізген жас қызды жұртшылық сынға алды

«Домыра харам ба?»: Домбыраға тіл тигізген жас қызды жұртшылық сынға алды

Жақында әлеуметтік желіде домбыра туралы теріс пікір білдірген жас қыз сын астында қалды. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сурет: https://adyrna.kz/

Тик-ток желісінде тікелей эфир кезінде бойжеткен:

«Ақыретте біз иманымызбен сұраламыз. Ұлтшылдығымыз керек емес. Иман мен неке керек. Домбыраға 5 жыл қатыстым. Түрлі видеоларым да бар. Бірақ ол – харам. Себебі жүректі жаулайды» деді.

Жас қыз бұрын домбырада ойнағанын, алайда қазір музыканы тастап кеткенін айтады.

Осы видоены көрген көпшілік бойжеткеннің теріс ойына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Бірі: «Домбыра – қазақтың жаны, ұлтымыздың қасиетті ұғымдардың біреуі. Қазақ пен домбыра егіз ұғым деп айтсақ та артық болмайды» десе, енді бірі «Домбыра дегенім – қазақ. Қазақ пен домбыраны ажырату мүмкін емес. Домбыра – қазақтың жүрегі һәм тілі. Көзі мен құлағы. Тарихы. Қуанышы мен жұбанышы. Ол еліртпейді. Есіртпейді. Ол ес кіргізеді құрметті әсіредіншілдер».
Күні кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
«Әлеуметтік желіде кейбір іні-қарындастарымыздың «домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам» деген мағынада айтқан пікірі қоғамда түсінбеушілік тудыруда. Осыған байланысты азаматтар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауалдар келіп түсуде.
Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған.
Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек» (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады.
Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз» делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.