Алматылық Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театры жаңа маусым шымылдығын 7 қыркүйек күні балаларға арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» және ересектерге арналған «Құлагер» қойылымдарымен түрмек. Екі жыл қатарынан театр маусымын шілде айының соңына дейін ұзартқан өнер ордасы, биыл да алғашқылардың бірі болып маусымын ашады.
Санаулы күндерден кейін көрермендерімен қауышатын театр ұжымының өнер сүйер қауымға дайындаған тосын сыйлары аз емес. 77-ші театр маусымын думанды кеш пен спектакль-концерт форматында жасап, театрсүйерлер үшін түрлі тосынсыйлар дайындаған өнер ордасы көрермендерімен байланысты бірінші орынға қойған. Нәтижесі – бүгінде тек көрермен-бақылаушы емес, көрермен-бағалаушылардың саны артуда. Кәсіби өнердің дәрежесі көрермендер сапасымен анықталатыны анық. Сондықтан, театр тек жергілікті көрермендерді ғана емес, өзге қалалардағы бізді әлеуметтік желілер арқылы бақылап, күтіп жүрген жандардың да сұранысын ескеруді қолға алған. Оның бірқатарын да әлеуметтік желілерге жариялап, көрермендерді ақпараттандырып ғана қоймай, бүгінде «Сезім сапары» атауымен айтулы спектакль-турын бастады. Қазақстанның бірнеше қалаларына, атап айтқанда Тараз, Талдықорған, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Астана қалаларында бір емес бірнеше сеанстар аншлаг болып өтті. Ә.Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған тур жалғасын тауып, 78-ші театр маусымында Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына жол тартпақ.
ХХІ ғасыр әлеуметтік желілердің заманы екенін ешкім де жоққа шығармайтыны анық. Бұл үдеріс мәдениеттің одан әрі дамуымен қатар театр көрермендерінің санын күн сайын көбейтуде. Оған дәлел театрымыздың 77 маусымдағы жоғары деңгейдегі нәтижелері болып табылады. Репертуардағы қойылымдардың 80% билеттері Instagram, Facebook, Tik Tok әлеуметтік желілері арқылы және www.ticketon.kz сайтында сатылды. Өткен жылдың қыркүйек айында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында «Махаббат, қызық мол жылдар», «Құлагер», «Оян, қалыңдық», «Туған күн» спектакльдеріне билеттер әлеуметтік желілер арқылы хабарланып, барлық спектакльдер аншлагпен өтті. «Сезім сапары» спектакль-туры да жарнамалық ақпараттар мен мерзімді маркетингті оңтайлы қолдану арқылы танымалдылыққа ие болды. Яғни, «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымына билеттерді 2 ай бұрын сатылымға шығарып, әлеуметтік желілердегі көрермендер сұраныстарына орай қосымша сеанстар ашып отырды.
Сонымен қатар, осы жаңа маусымда көрермендер сұранысы бойынша, Ақберен Елгезектің бестселлер туындысының негізінде қойылған «Болмаған балалық шақ» спектаклі де 8 қазан күні Ақтөбе қаласында гастрольдік сапарын бастамақшы.
Театрдың заманауи көзқарастарға немқұрайлы қарамай, әрдайым жаңашылдыққа ұмтылуының да өзіндік себебі бары анық. Еліміздің мәдениетін дамыған шетел мемлекеттерінен кем түспейтін деңгейде көтеру біздің басты мақсаттарының бірі. Театрдың әлеуметтік желілерді белсенді қолдануының артықшылығы – көрермендермен кері байланыс орнату мүмкіндігі артуы болып табылады. Театр жаңа маусым басталмай жатып, жеті бірдей Халықаралық, Республикалық театр фестивальдеріне шақырту алып үлгерген. Алғашқы болып қыркүйек айының 8-ші жұлдызы Белоруссияның Брест қаласындағы «БЕЛАЯ ВЕЖА» Халықаралық театр фестиваліне «Оян, қалыңдық» қойылымымен қатысатын болады. Төл өнерді дәріптеуші өнер ордасының жаңалықтары мен тағылымдары қойылымдарынан қапы қалмаңыздар.
Шеслана Ғабдысадырқызы,
театрдың баспасөз бөлімі