Басты бет » Жаңалықтар » ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА БОЛУДЫҢ НЕГІЗІ БАЛА КЕЗДЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА БОЛУДЫҢ НЕГІЗІ БАЛА КЕЗДЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы дәстүрі бойынша Қазақстан халқына Жолдауы биыл Білім күнімен тұспа-тұс келді. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдау негізінен экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.

Президент Жолдауда жастар саясатына қатысты бірқатар мәселелерге де тоқталып, оның шешу жолын баяндады. Мемлекет басшысы: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмірін қамтамасыз ету керекпіз. Мен мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Біріңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз –  «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», – деп айрықша атап өтті.

Расында да, қай кезеңде болмасын қоғамның келешегі – жас ұрпақ. Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін қашанда жастарға білім мен тәрбиені қатар беруіміз қажет. Білім мен ғылым – болашақта қоғамды дамытатын негізгі күш. Яғни, жастар бәсекеге қабілетті болуы қажет. Қазіргі қоғам білімді жастарға зәру. Президент айтқандай, жастардың патриот, жан-жақты, білімді, тәрбиелі болғанын қаласақ, өзіміз сол стандартқа сай болуымыз қажет. Өркениетті өмір сүру үшін тұғыры биік мемлекетте тұғырлы азаматтар болуы қажет. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Адамгершілік, әдептілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық сияқты қасиеттер – жанұяда сөзбен емес, үлкендер үлгісімен балаға дариды. Сондықтан да тек материалдық азықты ғана беріп қоймай, оның психологиялық, моральдық күйіне де ерекше назар аударған жөн. Бала жас шыбық тәрізді. Қалай илесең, солай иілуге әзір. Еліміздің ертеңі еңселі болуы үшін оның бойына тек жақсы қасиеттерді жинақтап, ұлтты сүюге тәрбиелеген жөн.  

Өкінішке қарай, қазір қоғамда балалар арасындағы суицид пен зорлық-зомбылық мәселелері өршіп тұр. Бұл тек бізді ғана емес, әлемді алаңдататын мәселе. Жаһандық статистика бойынша, жылына 1 млрд-қа жуық кәмелетке толмаған жас психологиялық, физикалық, эмоционалдық, сексуалдық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Бұл көбінесе мектеп жасындағы оқушыларда кездеседі. Оқушы қатарлас достары немесе мұғалімдер тарапынан түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Көбінесе, балалар мұндай оқиғаларын жасырып жатады. Оның себебі өз үйінде қамқорлықты сезе алмағандықтан болып жатады. Бұл Жолдаудан түйгенім, зорлық-зомбылықтың қай түрі болмасын жасырылып қалмауы тиіс. Болашағымызды ойласақ, ұрпағымызды, бесігімізді бүгіннен түзегеніміз жөн.

Осы тұрғыда Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы жайлы жас журналист Ақжүніс Нұртазаның пікірін сұраған едік.

Ақжүніс Нұртаза,

«Көреміз» бағдарламасының редакторы:

«Тәрбие басы – тал бесіктен. Өрісін кеңге жайған саналы ұрпақ екенімізді дәлелдеу үшін, дөп басып айтар сөз бен берілген уәдеге сай іс-әрекеттерге кірісу қажет деп деп білемін. Осыдан бірнеше күн бұрын атылған оқтай боп, әр қазақтың жүрегінен орын алған өміршең уәделер көзге ыстық басылды. Болашағымыздың бастауы бала екеніне бөлек мән беріліп, бағыт-бағдарын түзеуге көшті.Еліміздің ертеңі еңселң болу үшін бүгінгі күні әр іске жіті бақылау жүргізіп, білім саласының аясын кеңейту қажет. Ақпарат алаңында жүргендіктен елімізде болып жатқан соңғы жантүршігерлік  жағдайлар бізді де алаңдатпай қоймады. Отанымызда дүниеге келген бала әрбір азамат – еліміздің ертеңі. Сондықтан да аталған Жолдаудағы арнайы бағдарламалармен қоса, барынша жұмылсақ болашағымыз жарқын болары сөзсіз!» – деп пікір білдірді жас журналист.

 

Түйіндей келе, Жолдау бұрынғы жолдаулардан өзгерек екенін байқадық. Президент ел дамуы үшін жасалатын қадамдарды жіліктеп тұрып, жұртшылыққа ұсынды. Мемлекет жастардың білім алу мәселесіне қатысты бәсекеге қабілетілігін міндеттеді. Қоғамдағы түйткілді мәселелер мен олардың шешілу жолдары анық айтылды. Жастар мәселесіндегі көлеңке тұстары ендігі кезекте тиісті билік өкілдеріне жетіп, шешімін тапса деген тілегіміз бар. Жастар еліміздің ертеңі, ел мен жердің болашақ иесі. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі туын ұстар жастар қашанда биік шыңдардан көрінгей! Еліміздің болашағы жастардың қолында екенін әрдайым есте сақтайық, оларға да ұғындырайық.