Жақында «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңесінің бірінші отырысы өтті.
Отырыста жастардың арасында есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің, сондай-ақ электронды темекі мен вейптердің жаппай таралуы мәселелері туралы мәселе талқыланды.
Аталған Кеңестің мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев: «Екі тақырыпта өте өзекті. Қызу талқылау болды. Синтетикалық есірткі мәселесі ушығып тұр қазір. Тоқтатпасақ ұрпақтан айырыламыз», – дейді.
Сандарды сөйлетсек, соңғы 3 жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есе көбейген: 2019 ж. – 10 келі, 2022 ж. 6 айында – 100 келі. Қазір синтетикалық есірткінің түрі 50 есеге артқан.
Биыл есірткі дайындайтын 40 зертхана анықталған. Олардан 80 тонна прекурсор тәркіленген. Осынша прекурсордан 8 тонна есірткі дайындауға болады екен. Одан қанша баланың уланып бітетінін есептей беріңіз. Бұл тек анықталғаны ғана!
– Қазір Мемлекет басшысының бастамасымен есірткі заттарына қарсы кешенді жоспар дайындалуда. Оған 53,2 млрд теңге қарастырылған. Аталған жоспар жүзеге асып, ұрпағымызды у-дан сақтап қаламыз деп үміттенемін. Жағдай қиын әйтпесе. Синтетикалық есірткілерді қазір мектеп оқушылары да қолданып жүр.
Кеңес мәселені бір талқылап тастамайды, аталған түйткілдің түйіні тарқағанша талдаймыз және тиісті құзырлы орындарға ұсыныс пен талаптарды жолдаймыз, – дейді Нартай Аралбайұлы.