Басты бет » Жаңалықтар » ЕРІНБЕГЕН ЖЕТЕТІН «ЕҢБЕК» ДЕГЕН БАЙЛЫҚ БАР

ЕРІНБЕГЕН ЖЕТЕТІН «ЕҢБЕК» ДЕГЕН БАЙЛЫҚ БАР

Әне-е-е-уір көкпеңбек теңізді көрдіңіз бе? Теңіз бір қалыпты дем алып, асау толқындары жағаға соғылып, қайтадан кейін қайтуда. Бұл – «Өмір» теңізі. Байқайсыз ба, теңіз толқындарының шуын естіп, толқындарға қызыға қарап, жағалаудағы теңіздің тұзды ауасын жұтқан қыз бала ақырындап келіп, «Тағдыр» кемесіне мініп алды. Бұл – Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылынан шыққан кеме. Айтпақшы, тәуелсіз елді мұрат тұтқан Алаш арыстарының сиезі өткен қасиетті Қаратөбе өңірі – үш жүзге ән оздырған сал Мұхит, дүл-дүл әнші Ғарифолла Құрманғалиев, есімі елге таныс композитор Ескендір Хасанғалиев сықылды өнер иелерінің кіндік қаны тамған жері. Мінекей, дана да дара қазақтың қарапайым қызы Анар Қайрекенованың дүние есігін ашқан жері де осы құтты мекен. Танысып қойыңыз, Анар 1984 жылдан бастап «Тағдыр» кемесіне мінген жолаушы. Ол күнделік жазғанды жаны сүйеді. Қане, күнделіктің парақтарын бірге ақтарып көрелік. Не жазды екен?

***

«Ауыл мектебінен білім нәрімен сусындап 2000 жылы оқуды тәмәмдадым. Сол жылы Орал гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, 2003 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша берілген дипломымды қолға алдым. Туған жеріме құстай ұшып еңбек жолымды бастадым. Уақыт ағын су іспеттес көзді ашып-жұмғанша өтіп жатыр, өтіп жатыр…

«Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деген сөз бар. Мен де өмірден өз орнымды тауып, 2001 жылы Нұрболат деген азаматпен қол ұстасып, отау құрдық. Шаңырағымыз шаттыққа толып, сәбидің үні естілді. Тұңғыш рет ата-ана лауазымына ие болғанымыз, сондай тәтті кезең еді. Кейін тағы да екі бала сүйдік. Үш баламызды тәрбиелеп жүргенімізде қамқоршым, арқа сүйер тірегім болған жан жарымнан айрылдым. «Қалыңға соққан қырандай, қанатымнан қайрылдым».

***

Бүгінгі уақытта ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істеген аналар да, әйелдің үй мен түздің тірлігін қатар алып жүре алатындығын байқатқандай. Иә, қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп бір жақты пікір айтып отыра алмаймыз. Өйткені бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Бүгін де ақ жаулықты аналардың да жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай-талай асу алып, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек әйелдердің қазіргі қоғамда атқарар рөлі зор. Бір сөзбен айтқанда, өңірімізде әйелдер арасында кәсіпкерлік дамып келеді. Қаншама аналар заман талабына сай өздерінің сүйікті ісін кәсіпке айналдыруда. Үлгі тұтарлық жәйт! Мен де кәсіпке келуді құп көрдім» деп жазған күнделік иесімен одан әрі әңгіменің тиегін ағыттық.

«Гидропоника тәсілімен қыста көк шөп өсіремін»

– Жолдасым о дүниелік болып, балаларымның қамы үшін деп жұмысқа шықтым. Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылының кәсіпкері Майра Исенованың «Мерси» деген кафесінде аспаз болдым. «Қосымша табыс көзі болсын» деген оймен, ютуб әлеуметтік желісінен құс өсіру жөнінде мәлімет жинап алып, кейін аталмыш шаруашылықпен шұғылдануды жөн санадым. Ең алдымен үй жағадайында инкубатор жасап алдым. Кәдуілгі 60 ваттық шамның астына қорап қойып, оған 21 жұмыртқа салдым, содан 18 балапан өсіп шықты. Сөйтіп жүріп, «Мерсидің» иесі Майра Қуанышқызынан «Атамекен» бағдарламасы хақында естідім. «Кәсіпкер болсам» деген мақсатпен «Атамекен» орталығында оқып, қайтарымсыз қаржы мен сертификатқа қол жеткіздім. Қаржыны алғанша босқа отырмайын деп, қолымдағы бар ақшаға 30 үйрек балапанын алып бақтым. Содан соң бұлардың қатарына тағы да 30 қаз, тауық қосылды. Одан әрі мемлекет берген қаржыға 300 бройлер балапанын алдым.

Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ үшін жат дүние емес. Алайда «қандай тауық өсіру керек және оны не үшін өсіреміз?» деген мәселеге келгенде, бұл туралы көп ойланып жатпайтындығымыз рас. Ал, негізінде, осы істі кәсіп ретінде қарастыратын болсақ, тек тауық өсірумен ғана өз жағдайыңызды түзетіп алуға болады екен. Мамандар соның ішінде, әсіресе бройлер тауығын өсірген пайдалы деп отыр. Өйткені, бройлер – тез өсіп жетілетін, еті жұмсақ та дәмді болып келетін, азықтандыру шығындары оны өсірушіге неғұрлым арзанға түсетін тауық түрі. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін ақуыз болады. Бұл ақуыздың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады екен.

Айтпақшы, кейіпкеріміз құсты өсіріп қана қоймай, оған қажетті шаруаларды өзі атқарып жүрген шебер. Мәселен, құстың су ішуіне ыңғайлы ыдыстарды ғаламтордан қарап алып, құрастырып алады. Инкубатордан шыққан балапандарды кептіріп, содан соң брудерге орналастыруды да үйренген. Брудер де өзінің туындысы. Қыс мезгілінде құстарға гидропоника тәсілімен көк шөп өсіріп отыр.

– Қай істің де оңайы болмайды. Құс шаруашылығын дамыту үшін де қосымша қаржы қажет, өйткені оның жемі, қажетті дәрумендері бар. Сол себепті дәл қазіргі уақытта үйден бәліш, самса және басқа да түрлі тағамдар пісіріп сатамын. Тамақ демекші, өзім Подстепный ауылындағы Теректі колледжінен аспаз мамандығы бойынша қызыл диплом алып шықтым, – деген Анарды тыңдап отырып, оның жан-жақтылығына таң қалдым.

Тірнектеп істеген тірлігің табыссыз қалдырмас

Ерінбей еңбек еткен адам әмәнда өз мақсатына жетеді. Бұл – ақиқат. Бұған подстепныйлық кәсіпкер Анар Қайрекенованың нағыз еңбекқорлығы дәлел. Кейіпкеріміз таяуда тағы да екі қолға бір күрек тауып, «кәсіп түбі – нәсіп» деп өз ауласынан жылыжай салып алып, шаруасын дөңгелетіп жүр.

Қазіргі таңда наны жүріп тұрған кәсіптің бірі – жылыжай десек, артық айтқандық емес. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген қазекем бүгінде жылыжай жайын жетік меңгеруге кіріскен. Соңғы уақытта өңірде айтулы кәсіппен айналысушылар саны басым. Хош, сонымен…

– Жас кезінде еңбек қылғанның ұтары көп. Жастықтың өзі – үлкен күш, сенім. Мен жастарды кәсіппен айналысуға шақырамын. Бұл салада көгеріп жатқан қаншама адамдар тәп-тәуір үлгі, мысал болып тұр. Әу баста Теректі аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен «Өrle 2.0» жобасы жөнінде естідім. Бұл – Орталық Азия Еуразия қоры «Шелл Казахстан» компаниясының қолдауымен қолөнер немесе көкөніс өсіруге бағытталған жоба екен. Өздеріңізге мәлім, мен гидропоника тәсілімен көк шөп өсіріп отырмын, осы бағытта қатысамын деп ойлап едім, алайда бұған қаражат қарастырылмаған. Тек қана жылыжайға бар. Ал жылыжай шаруашылығы бойынша менде тәжірибе жоқ. Сөйтіп, Теректі колледжінде сабақ беретін Ораз Владимировпен ақылдасып, кеңесіп осы жылыжай бойынша бизнес жоспарымды құрып тапсырдым. Атаулы шаруашылық туралы Павел Кавунов пен Бақытгүл Елшібайқызы секілді тренерлерден дәріс алып, сертификатқа қол жеткіздім. Сайып келгенде, көкөніс өсіру бойынша грант иегерi атанып, 1 200 000 теңгені ұтып алдым. Өз ауламның ішінен салған жылыжай кешенінің ені – 7,5, ал ұзындығы – 20 метр. Көлемі – 150 шаршы метр, оның 100 шаршы метріне қияр, қалғанына укроп, петрушка, көк жуа, базилик ектім. Қазір нәтижесі жаман емес, мәселен қиярдың 1 келісін 450 теңгеден сатып, пайда көріп отырмын. Хәкім Абай «болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой. Мен көл-көсір пайда табуды көксеп отырғаным жоқ. Ешкімге алақан жаймай, намысыңды табанасты етпей, адал еңбек еткеннің өзі шексіз бақыт, – дейді кәсіп иесі. «Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болар» деген осы шығар!

 

Анар Қуанышқалиқызы – кәсіппен қатар, балаларының да тәрбиесіне де жіті көңіл бөліп жүрген жалғызбасты ана. Үш баласы бар, үлкені Орал қаласындағы «Мақсат» медициналық колледжінің студенті, 3 курсында. Қызы Алматыда, Абай атындағы университетте 1 курс оқып жатыр. Он екі жасар кенже баласы денсаулығына байланысты үйден оқиды, мүмкіндігі шектеулі.

Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатарлас Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 25 жыл толуына орай БҚО-да өткен «Еңбегі жанған арулар» форумында «Қайсар ана» аталымына ие болды. Сонымен қатар «Жылдың үздік жас кәсіпкері» төсбелгісін иеленді және «ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алды.

– Өскелең ұрпаққа кәсіп саласында жетістікке жету үшін кеңесімді айта кетейін. Кәсіп бастау жолы жеңіл де, ауыр болады. Сүрінесің, ұтыласың, алайда күш-жігеріңді жиып алып қайта тұруға ұмтыл! Еңбек – басты ұран! Еңбек етсең егер, тікен де гүлге айналып шыға келер! Ең бастысы, адалдықтың ақ туын нық ұста, – деп іскерліктің қыр-сырымен бөлісті.

Мінекей, қолға алған кәсібін одан әрі дамытып, бастаған істің аяқсыз қалмауын қадағалап, әр ісіне тыңғылықты қарап, балаларының жағдайын жасап, кәсібін нәсіп етіп отырған Анар Қуанышқалиқызы осындай жан! Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяры хақ. Тоқ етері, еңбекқор жандар өз ісінің шыңына шығып, айналасының құрмет-қошеметіне бөленген әмәнда!

 

Самал ЖАМЕТ,

Теректі ауданы,

Батыс Қазақстан облысы