Басты бет » Жаңалықтар » Жастар мәселесі назарда

Жастар мәселесі назарда

«AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің жиыны өтті.

Онда жасөспірімдер мен жастар арасындағы буллингтің таралуы және жастардың психикалық денсаулығы мен суицидтің алдын алу тақырыптары талқыланды. Кеңеске Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырыс барысында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Н.Оспанова, Денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А.Саин, Қазақстан Республикасы Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары С.Сәмет, Психология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Мәмбеталина, Балалар қауіпсіздігі бойынша тренер, «Ангел» балалар қауіпсіздігі орталығының негізін қалаушы З.Жұмағұлованың тақырыпқа қатысты баяндамалары тыңдалды.

«Суицид 15-29 жас аралығындағы жастардың өлімінің негізгі себептерінің ішінде жол-көлік оқиғаларынан, туберкулезден және зорлық-зомбылықтан кейін төртінші орында тұр. Суицид жағдайларының өсуі Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Осы аймақтарға тән жағдайларға сүйене отырып, еңбек, қаржылық және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған профилактикалық шаралар қажет. Осыған байланысты, жалпымемлекеттік тәсіл мен барлық мемлекеттік секторлармен бірге ведомстволардың қатысуы маңызды», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.

Ал Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет 2023 жылдың соңғы 5 айының қорытындысы бойынша, балалар суициді 33,3 пайызға өскенін мәлімдеді. Жиын барысында сарапшылар тарапынан ұсыныс-пікірлер тыңдалып, сұрақтар қойылды.