Қазір жастар арасында кеңінен таралып, сәнге айналған электронды темекілердің зиянын бәрі білсе де ескермейтіні анық. Түтін орнына, «жағдымды тәтті» иістер мен бу шығаратын бұл темекі түрлері 2003 жылы Қытай елінде пайда болды.
Бұны ең алғаш рет қолданысқа енгізген қытайлық фармацевт Хон Лик болатын. Ол темекіден еш зияны жоқ бу шығады деп елді сендіріп өз өнімін нарыққа тез енгізіп жіберді. 2005 жылы әлемде электронды темекі шығаратын тек 1 ғана зауыт болса, бүгінде олардың саны 500-ден асып жығылады. Осылайша, сұранысқа ие бұл өнімді тұтынушалар жиі қолданып, сауда айналымында өз орнын тапты. Ал статистика бойынша, құрылғыны қолданушылардың көп бөлігін әйелдер мен жасөспірімдер құрайды екен. Енді келер зиянын ойлай беріңіз. Қоғамдағы бұл дерттің асқынып бара жатқанын, одан келетін зиянның орасан зор екенін ескертіп дәрігерлер дамылсыз дабыл қағуда. Электронды темекінің әдеттегі шылымнан 10 есе зияны бар. Себебі никотиннен бөлек, пластик зат қызғанда обыр тудыратын аса қауіпті химиялық қосынды бөлінеді. Одан бөлек, көз, мұрын, тамақ, өкпедегі созылмалы аурулардың туындауына әсер етеді. Денсаулық сақтау министрлігі әр 5 жыл сайын мониторинг жүргізеді. Соңғы 5 жылда электрондық темекі қолданушылар саны күрт өскен. Олардың арасында жасы небәрі 9-10 жастан асқан балалар да бар. Олар бұл құрылғының зиянынан бұрын, әуелі сәнге еріп өз қатарластарынан қалмай көзге түскісі келетіндігін айқын көрсетеді. Сарапшылардың айтуы бойынша, электронды шылымды тұтыну ұлдар арасында 3 есе, қыздар арасында 2 есеге артқан. Бұл қауіптің басы. Негізі, заң бойынша бұл өнімдерді 18 жастан аспаған балаларға сатуға тыйым салынған.
Тыйым салынғанмен бұл заңға бағынып жатқан саудагерлер аз. Әдеттегі темекі өнімдері сияқты жасырын сатылуы тиіс бұл өнімдер, қазір кез келген дүкен сөрелерінде ашықтан-ашық самсап тұр. Балалар арасында трендке айналған темекінің бағасыда 4-5 мың теңгені құрайды. Бір шылымнан 800 рет будақтатып түтін шығару болады. Түтін шықты дегенмен иісі түрлі жемістермен болатын өнімді ғимарат ішінде шегуге де рұқсат берілген. Гло, айкос, вип сияқты түрлі-түрлі түтінді түтікшелер жастарды баурап алғаны да рас. Бұл дерттің жастарға да, болашаққа да алып келетін қауіпі жетерлік. Түтін жұту – ажалға асығумен тең.
Аружан Шардарбек,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2-курс студенті