Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттердің жатақхана ақысын субсидиялайтын болады

Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттердің жатақхана ақысын субсидиялайтын болады

Бастапқы кезеңде 4,5 мыңға жуық студенттің жатақханада тұру шығынын субсидиялау жоспарланған. Жатақханада тұрғаны үшін бір студентке жылына 29 АЕК мөлшерінде субсидия төленеді, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттердің жатақхана ақысын субсидиялайтын болады Фото:opennews.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасына өзгерістер дайындады.

Отандық ЖОО-ларда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 168 150 студент білім алады.

Мемлекет келесі санатқа жататын азаматтардың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқу кезеңінде жатақханаларда тұрғаны үшін жылына 29 АЕК-тен аспайтын шығыстарын өтейді:

1) жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасын жоғалтқан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары;

2) мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар.

«ЖОО жатақханаларында тұруға арналған шығыстарға жылына 29 АЕК мөлшерінде ішінара өтемақы жүргізу ұсынылады. Өз кезегінде республикалық бюджетке бір мезгілде жүктемені болдырмау үшін осы тапсырманы кезең-кезеңімен іске асыру орынды деп санаймыз», — делінген түсіндірме құжатта.

Бірінші кезеңде мемлекеттік әлеуметтік көмекке неғұрлым мұқтаж студенттерге, сондай-ақ жекелеген студенттерге олардың әлеуметтік қорғалмау дәрежесіне қарай тұру шығындарын субсидиялау көзделіп отыр:

— жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер (2 769 адам);
— мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар (1 667 адам).

Мұндай жағдайда үш жылдық бюджетке қосымша қажеттілік шамамен 1,1 млрд теңгені құрайды:

— 2023 жылы қыркүйек айынан бастап – 177 529 мың теңге,
— 2024 жылы – 463 762 мың теңге,
— 2025 жылы – 479 971 мың теңге.

Құжатты көпшілік талқылау 26 сәуірге дейін деп көрсетілген.