Басты бет » Жастар үні » САРБАЗ СӘЛЕМІ

САРБАЗ СӘЛЕМІ

Ер бала отбасының тірегі, елінің қорғаны, айбынды сарбаз болуы тиіс. Өйткені бүгінгі бозаң шақта жүрген бозбала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың аялы алақаны, жылы ұясынан шыққан жеткіншек «әскер» атты үлкен өмір мектебінде шыңдалады, шынығады. Темірдей тәртіп пен таңқаларлық төзімді талап ететін әскери өмір көк байрақ пен қалың жұртты кірпік қақпай күзететін қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі саналады. Елді қорғау – абыройлы міндет. Сол абыройлы міндетті адал атқару сайдың тасындай сапқа тұрған әрбір сарбаздың парызы. Қымбатты оқырман, назарларыңызға әскер қатарында жүрген ұлдарыңыздың сәлем хатын ұсынуды құп көрдік.
Есенсіздер ме, қадірлі теректіліктер!
Амансыздар ма, Аңқаты ауылының тұрғындары!
Мен Атырау қаласындағы 41433 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп жатырмын. Әскер — шыңдалу мектебі. Осы уақыт аралығында көп нәрсені үйреніп, мол тәжірибе жинақтадым. Әскерге келген соң, ыждағаттылықпен қимылдап, қырағы болып, сабырлы, жинақы жүруді үйрендім. Отан алдындағы борышымды өтеп, сарбаз атанғаным аз да болса елім үшін пайдамның тигені деп білемін.
Әскердегі өмір – әр азамат үшін есте қалар жарқын шақтың бірі десек болатындай, сол себепті әрбір жігіт әскердегі өмірді көру керек деп ойлаймын. Отанды қорғау — әрбір азаматтың борышы. Сондықтан еліміздегі әрбір жас Отан алдындағы борышын өтеп, еліне адал қызмет етуге тиіс. Сонда ғана еліміз дамып, болашақ жас ұрпақтың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік, патриотизм қалыптасады.
Барлық сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
Күллі қазақстандықтарға береке-бірлік, татулық тілеймін. Біз үшін бұл мерекенің маңызы зор. Себебі бұл мереке — батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай кезде болмасын ер-азаматтар өз Отанын, елін, жерін қорғап, борышын өтеген. Жұртымыз тыныш, еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын! Жерлестеріме дұғай сәлем жолдаймын!
Алмас ҚАНАТҚАЛИ,
қатардағы жауынгер
«Теректі жаңалығы» газеті