«Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы – жастар мен балаларды экология мәдениетіне, табиғатты аялауға және еңбекке баулуға арналған игілікті бастама. Астана қаласында осы бағдарлама аясында жұмыс істеуге ниет білдірушілер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Биыл елордада жаз бойы 4 мыңнан аса адам ағаш отырғызу және күтім жасау, жас көшеттерді қопсыту және суару жұмысымен айналысады. «Жасыл ел» жобасына қатысушылардан өтінімдер қабылдау 20 мамырға дейін жалғасады. Кеше Астанада Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХIX еңбек маусымы ашылды. Бұл туралы astana-akshamy.kz порталы жазды.
Ашылу салтанатын Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен осымен 19-жыл «Jasyl el» бағдарламасы іске асырылып келеді. Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженерлері, технологтар, монтаж-құрылыс жұмыстарының шеберлері) көмекшісі қызметін, қала маңындағы «Жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмысына атсалысып, тазалық жұмысын жүргізетін болады.
«Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағы қатары 1200-ден 4200-ге артты. Бұл бағдарламаға 14 жастан бастап мектеп оқушылары, студенттер және 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады. Олардың қатарында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балаларын жазғы уақытта жұмыспен қамту көзделген. Қатысушылар күн сайын 4 сағат жұмыс істеп, әр айдың соңында 65 мың теңге көлемінде сыйақы алады. Бұл жобаға қатысатын жастардың барлығы арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі» деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бағдат Атымтай.
Салтанатты жиыннан бөлек, кәсіптік-техникалық колледждің аумағында ағаш отырғызу шарасы да өткізілді. Оған бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан Ислам Айтқалиев те қатысты.
«Jasyl el» бағдарламасы бойынша биыл осымен екінші рет жұмыс істеп жатырмын. Мұнда жаңа орта таптым және жаңа достармен таныстым. Әр ай сайын бізге жалақы төленеді. Тапқан табысымды күнделікті қажеттілікке жұмсадым. Сондай-ақ бір бөлігіне ата-анама сыйлық сатып алдым. Жаз мезгілімен қоса күзде де жұмыс істедім. Күзде оқумен қатар алып жүруге болады» деді 1-курс студенті.
Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден аса білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғары оқу орны серіктес болуға келісім берді. Жобаға қатысуға өтінім қабылдау 20 мамырға дейін жүргізіледі. Мектеп оқушылары өз мектебіне жүгінуі тиіс.