Басты бет » Жаңалықтар » Үйі жоқтың күйі жоқ: халықты әлекке салған баспана базынасы

Үйі жоқтың күйі жоқ: халықты әлекке салған баспана базынасы

Халықты қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету – еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегенді тұрақты баспанаға жете алмай, жалдамалы пәтерлер мен жатаханаларды жағалап  сергелдеңге түсіп, пәтер азабы жанына батқан жандардың жете түсінетіні анық.

Әр қазақтың басында қос-қос несие, айлығы шайлығына жетпей жатқан жұрттың баспана алуға шамасы, әлеуеті жете ме? Бұл мәселе, әсіресе жас отау құрған отбасылардың жүйкесін тоздырып, салмақ түсіріп жатқан өткір түйіткіл.

Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет түрлі бағдарламалар мен жаңа жобалар жасап отырғаны көпшілікке аян. Соның бірі – елге етене таныс «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы. Ұлттық банктің қаулысымен бұл бағдарлама 2018 жылдың 31 мамыр күні бекітілген. Бағдарлама қызметі 2029 жылға дейін жалғасады. Өтінімді ҚР азаматтығы бар, 18 жастан жоғары, ҚР аумағында азаматтың атыңа тіркелген баспана болмаған адам жолдай алады. Өтінім беруші еңбек орнынан немесе кәсіпкерліктен келетін кірістері, табыс көзі бар, міндеттерін толық орындай алатыны туралы құжат тапсырады. Жалпы, ипотекалық заемдар екінші деңгейлі «Центркредит банкі», «Халық банк», «Евразиялық Банк», «АТФ Банкі», «Цесна Банк», «RBK Bank», «Отбасы банктерінен» алынады. Сонымен қоса, «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Әскери баспана», «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Ұмай», «Орда», «Жас отбасы», «Елорда жастары», «Жасыл ипотека», «50/50», «30/70», «20/80» сынды басқа да мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Табысы төмен отбасыларға «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары жасалған. «Отбасы банк» АҚ директоры Данагүл Түсіпова бұл туралы: «Егер олар жергілікті атқарушы органдар тарапынан баспана кезегінде тұрса, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына қатыса алады. Бұл бағдарламалар үшін төлем қабілеттілігінен өтудің жеке шарттары бар, мұнда әрбір отбасы мүшесінің шығындары азырақ сомада есептеледі, сондай-ақ бұл бағдарламалар бойынша бастапқы жарна жеңілдетілген және айтарлықтай төмендетілген» дейді. Сонымен қатар қандастар мен қоныс аударушылар үшін де жеңілдіктер тағайындалған бағдарламалар бар.

Статистика бойынша, жыл басынан бері 2,1 млн шаршы метрден астам тұрын үй пайдалануға берілді. Бұл 2022 жылғы кезеңмен салыстырғанда 22,2 пайызға өскен, ал 2021 жылғы есеп бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 140 мыңнан астам баспана пайдалануға берілген. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің өсімі республиканың 14 өңірінде байқалды. Өсу қарқыны бойынша Павлодар (32,1%), Шығыс Қазақстан (15,4%) және Жетісу облыстары (8,8%) көш бастап тұр. Бұл ретте пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің төмендеуі Ұлытау (29,6%), Маңғыстау (15,1%), Солтүстік Қазақстан (13,1%) және Атырау (7,8%) облыстарында, сондай-ақ Астана (24,7%) мен Алматы (34,6%) қалаларында байқалды.

Айта кетейік, тұрғын үйдің нарықтағы бағасы көптеген факторға байланысты құбылады. Жалпы экономикалық өсім, тұрақты саяси жағдай, шетелдік капитал мен шетелдік салымдардың ағыны, кез келген елде халық санының өсуі, сәбидің дүниеге келуі әлеуметтік-экономикалық салаларға елеулі әсер етеді. Сонымен бірге қала халқы санының өсуі ең өзекті мәселелердің мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлердің жетіспеушілігін тудыратыны анық. Әр қазақстандыққа 23,4 шаршы метр баспанадан келетіні де ескере кететін жәйт. Ең тиімдісі қайсы, қандай баспана бағдарламасын таңдау керек деген көп сауалыңа сарапшылар табыс мен шығынға,кредиттік тарихқа, жиналған капиталға қарай баспана бағдарламасын таңдауды ұсынады. Көпшілікке қаржы сауаттылығын меңгеру қажеттігін алға тартады.

Арнагүл УАТХАН