Қазыбек ИСА,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Бүгінгі өткен Бірлік мерекесіне арналған жиында Тәуелсіздік алғалы 32 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық бірегейлік туралы, еліміздегі өзге этностардың бәрі мемлекетқұраушы негізгі титулды ұлтқа бірігіп, бірегей қазақ ұлтына айналуы керектігі жайлы жақсы сөз айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін сөзбе-сөз келтірейік:
«Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс.
Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл — жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді»-деді мемлекет басшысы.
Иә, бұл бір мемлекеттегі әртүрлі этностардың негізгі мемлекет құраушы ұлт аясына топтасып, бірігуі жіне кірігуі әлемде, дамыған демократиялық елдерде өз жемісін беріп отыпған үздік те, үлгілі үрдіс. Мысалы, әйгілі футболшыларды айтсақ, Франциялық болғанмен түбі италияндық әйгілі футболшы Мишель Платиниді де, араб Зиданды да елі де, әлем де француз деп біледі. Ұлты парсы болғанмен Фреди Меркьюриді әлем ағылшын әншісі ретінде таниды. Біздің Головкиндерді шетел қазақ деп атайды. Бұл секілді үлгілі мысалдар жетіп артылады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қазақтың ұлттық дәстүрі мен құндылықтарын ұстанып жүрген өзге этностарды үлгі етіп, жақсы айтып өтті.
Түрік Республикасының тұңғыш президенті Кемал Ататүрік мемлекет тізгінін қолына ала салысымен: «Түркия мемлекеті мықты болуы үшін еліміздегі 78 ұлт бүгіннен бастап бәріміз бір тілде – түрік тілінде сөйлейтін бір түрік ұлтымыз!» -деп жариялады. Иә, ел мемлекеттік мүдде жолында біртұтас бірігуі үшін барлығы бір ұлтқа айналып, бір тілде – мемлекеттік тілде сөйлеуі керектігін ғаламшардың ғаламат 10 данышпан көсеміне кіретін мұзбалақ Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия Республикасы арқылы әлемге әйгілеп берді.
Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен ұлы аманат бізде де орындалуы тиіс еді… Өкінішке орай, 30 жылымыз, бір дәуір босқа өтті… «Ештен кеш жақсы» дегендей, енді міне, бүгін Қазақ Елінде де осы әлемдік үлгілі тәжірибеге сай ұлттық бірегейлік ұстанымға азаматтық, қоғамдық-саяси негіз қалап, дамыту қажеттігі туралы алғашқы қадам жасалды. Түбі бір туыс болып келетін кемеңгер Кемалдың кемелдігін Кемелұлы жалғастырып жатса, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай «Өмір бәйгесінде қазақтың аты озғаны» деп білеміз.
Іргетасын қалап алмай, үй сала қою нәтижесіз аяқталатынын әлемдік мемлекет құрылысының тарихын жетік білетін ҚР Президенті Қ.Тоқаев бір тілге бірікпей, бірегей ұлт болмайтынын жақсы білгендіктен, ұлттық бірегейлік туралы ұстанымды мемлекеттік тілге әкеліп тіреді. «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі — саяси стратегиялық бағыт» — деп мәлімдеді.
«Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет.
«Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал Мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, 2020 жылы Қазақстан Халқы ассамблеясында «Ұлы даланың ұлтаралық қатынас тілі» атты форумында ассамблеяға мүше этнос өкілдері бас қосып, «Мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін заң қабылдау туралы» Үндеу жасағанын ескерсек, Президент айтқан «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – саяси стратегиялық бағытымыз» айқын да, нәтижелі болуы тиіс.
«Едігеден бастасам, ертегіге кетермін»-дегендей, мемлекеттік тілдің тағдырын сөз етсек, таңды таңға ұратынымыз белгілі. Сондықтан «Ақ жол» демократиялық партиясы осыдан он бір жыл бұрын 2012 жылы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында заң жобасын әзірлеген болатын. Біз сол бастаманы парламенттегі мемлекеттік мүддені қорғаушы бір топ патриот депутатармен бірлесіп, жалғастыратынымыз туралы таяуда жарияладық. Сонымен бірге ұлт пен тіл бір-бірінен ажырамас егіз ұғым болғандықтан, мемлекет басшысының мемлекеттік мүддеден туындайтын ұлттық бірегейлік ұстанымы бойынша да бірге жұмыс істейтін боламыз. Бұл бүгінгі жиындағы Президентің «Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру» туралы бастамасына да тура келеді.
Біз 30 жылдан бері мемлекет басшысы ұлт пен тіл туралы не айтады екен деп елеңдеп келген елміз. Ұлттық мүддені қорғайтын бір жылы сөз шығып қалса, жалымыз көтеріліп, жадырап қалатынбыз. Кейінгі кезде, әсіресе, «маған дейін қазақ елінің шекарасы болмаған» деген сөзі мен «орысша сөйлегендерге қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылады» деп, өзі қол қойған заңдарға өзі қарсы шыққан соң, тіпті қауіптене бастадық. «Елбасы ұлт пен тіл туралы ештеңе айтпай-ақ қойса екен» дейтін жағдайға жеткен едік.
Енді міне, құдайға шүкір, ел күткен сөз айтылды. Ал енді бірегей ұлтқа айналу жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла жұмыс істеп, қарқынды қайрат танытайық.
Әрине, ең басты баламасыз да, баға жетпес байлығымыз тәу етер Тәуелсіздігіміз туралы мемлекет басшысының «Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы бәрінен де жоғары» деген сөзі – әр қазақтың ең басты ұраны жолында Көк туымыз көкте мәңгі желбірей беруін тілейміз! Бұл жердегі «қазақ» деген қасиетті атауға бүгіннен бастап, еліміздегі барлық этнос өкілдері ресми кіретінін ұмытпайық, ағайындар!