Төрегелді ШАРМАНОВ,
нутрициолог, медицина ғылымдарының докторы
Фото: https://kaz.nur.kz/
«Таңғы тамақты өзің іш, түскі тамақты досыңмен бөліс, кешкі тамақты жауыңа бер» деген шығыс тәмсілі бар. Яғни қуатты тағамдарды күннің алғашқы бөлігінде тұтынып, жатарға таяр уақытта асқазанды бос ұстаған жақсы. Бұл – бүкіл әлем медицинасы әлдеқашан құптаған қағида. Дегенмен бұл қағидамен қабыспайтын тағы бір ой айтайын. Біздің өмір сүру дағдымыз сәл басқашалау қалыптасқан. Таңертең үйден апыл-ғұпыл аттанып, шаруаның бәрін реттеп қас-қарайғанда үйге әрең оралып жатамыз. Шаршап-шалдығып кеп, тамақтың бар құнарлысын ал кеп бас саламыз. Мұны құптамасам да, мүлде қате деп айта алмаймын. Бұл – қазақ халқының өмір салтына ежелден сіңген қасиет. Кештетіп келген қонаққа қазан көтеріп, алдына табақ-табақ ет қоятын елміз.
Бабаларымыз осыны ескеріп, ас қорытудың ең оңтайлы тәсілін таңдай білген. Қымыз – етті ең жақсы қорытатын сусын. Қазекең еттен кейін қымыз ішіп, ішкен-жегенін бойына дарытқан. Қазір қымыздың орнын құрамы өте күрделі заттардан тұратын түрлі газдалған сусындар алмастыра бастады. Олардың зияны шаш етектен екенін уақыт дәлелдеп жатыр. Аты жаман аурулар белең алып, қаншама жан қиын жағдайға тап болуда.
Адамның бәріне бірдей нақты мына нәрсені же де, мына нәрседен бас тарт деп шектеу қоя алмаймыз. Бұл дұрыс та емес. Әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік тамақтану әдебі бар. Тіпті ұлттарды былай қойғанда әр адамның ішкі дүниесі жеке бір әлем. Тәбетің тарта ма, же, тек шамадан аспа. Мәселен, біреулер мүлде нан жемеу керек деп кеңес беріп жатады. Мен мұны құптай қоймаймын. Мөлшерден асырмай пайдалансаң ол үлкен қуат көзі.
Жеке өз басым тамақ ішкенде міндетті түрде бір-екі тілім нан жеймін. Себебі нан – астың басы, халықтың ұғымына салып айтсақ – атасы. Бабаларымыз нанды берекенің, тоқшылықтың бастауы деп білген. Оның ағзаға берер қуаты мол. Бір сөзбен айтқанда, орайымен, орнымен жесек, табиғи тағамдардың көпшілігі ағзамызға пайдалы. Ал айлап-жылдап сақталатын түрлі қоспасы көп жасанды өнімдерден бойды аулақ ұстаған жақсы.