Сырға – қыз-келіншектердің құлаққа тағатын сәндік әшекей бұйымы. Құлағында сырғасы жоқ қызды көргенде көңілің алабұртып қалатыны да рас. Ол бейнебір әйел жаратылысының егізі іспеттес. Содан да болар ата-ана қызының құлағын тесіп, сырға салуға асық болады. Қазіргі таңда жасқа толмаған сәбидің құлағын тесіп, сырға қоятындарды жиі байқаймыз. Ал ертеректе қыз баланы қырқынан шығаран соң, сырғалығын дәнмен уқалап, жансыздандырып, отқа қыздырылған инемен тесіп, жібек жіп өткізіп қоятын болған. Кейінірек оны күміс сырғамен алмастырған. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген тілектен туындаған.
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтар мен түрікмендердің әдеп-ғұрпын, тұрмыс-салтын зерттеген неміс этнографы Рихард Карутцтың жазуынша, баланы ұзақ күткен немесе кеш босанған әйелдер нәрестесінің жасы ұзақ болсын деген ниетпен оның құлағын уақытынан бұрын тесіп қоятын болған екен. Ал қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова бұл туралы: «Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті гауһар тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескен. Өйткені жетіге дейін ол тұлымшағы желбіреп асыр салып ойнап, балалық дәуренді басынан өткеруі тиіс. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғи да айтып келемін. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс. Қыз баланың құлағын тесуді әжелері мойнына алған. Анығы, бұл — отбасындағы әйел адамдардың, апа-жеңгелерінің бітіретін шаруасы. Қыздың құлағын тескен кезде ауылдың әйелдері, апа-жеңгелері жиналып келіп, шашуын шашып, кішігірім той-томалақ жасайды.
Халық аузында «құлақ тесу – қыздың сүндеті» деген сөз бар. Яғни, ер бала үшін сүндетке отырғызу қандай мәнге ие болса, қыздың құлағын тесіп, сырға тағу да сондай мәнді білдіреді. Ол – қыздың бой түзеп, ертеңгі келін атанатын күнге дайындық жасауды бастайтын кезеңі. Құлақ тесу ғұрпын әулеттің апа-әжелері жасайды. Қызына «Сен енді сырғалы қыз болдың» деп ақылын айтып, үй шаруашылығына бейімдей бастайды. Кейін ол бой жетіп, теңін тапқанда сырға салынып, өзге жұрттық атанғанын көрсетеді. Бұл да – әшекейдің мән-маңызын арттыра түсетін ғұрыптардың бірі. Бұрынғының ата-анасы қалыңдық жасына жеткен қыздардың сырғаларында тұқымның, гүл жапырақшаларының, дәндердің болуына мән берген. Ондай сырғаны тағу арқылы қыз баладан өрбитін ұрпақтың көп болуын ырымдаған.
Желіден алынды