Басты бет » Жаңалықтар » ҚАРАПАЙЫМ АДАМ

ҚАРАПАЙЫМ АДАМ

Ірі құрылыс компаниясына жаңадан басшы тағайындалды. Жұмысы қожырап қалған саланы бірден қолына алып, өрге сүйреді. Аз уақыттың ішінде компания тұралаудан тұрып, қарыздан құтылып, қарқынды даму жолына түсті. Байқадам Мұратұлының бұл ұжымға басшы болып келгеніне де бес жыл өтіпті. Бір күні Байқадам әріптестерін үйіне қонаққа шақырды. Бәрі келетін болды. Келді де. Басшының үйі көп қабатты үйдің бесінші қабатында орналасқан үш бөлмелі шағын пәтер екен. Олар бұлай елестетпеп еді. Хан сарайындай шаңырақ шығар, іші-сырты кірсе шыққысыз болар деп ойлаған. Ондай ештеңе жоқ, мұнтаздай таза үй, дүние-мүлкі қарапайым, көз құртын жаулар жылтыраған ештеңе ілікпейді. Содан меймандар сабырлы кейіп танытып, кейбірі басшыларының баспанасын менсінкіремей отыр. Себебі осы отырғандардың әр қайсысының жеке котеджімен, шетелдік бір-екіден көлігі бар. Үстеріне кигендері мен ішіп-жері ылғи қымбат тұрады. Өтірік сыпайылық сақтағансып отырса да көзқарастарымен іштеріндегі ойды сыртқа шығарып жатыр. Оны үй иесі байқамады дейсіз бе, байқаған, олар табалдырығын аттамай жатып, үйдің көпқабатты болғанынан-ақ сезіп келген. Іштерінде пысығы табылмай қалады ма, бірінің әйелі әзіл-шыны аралас айтты да:

— Бәке, байымыз сізді мақтағанда жер-көкке сыйғызбайды, бәрі де сіздің арқаңыз деп. Айтса-айтқандай сіз келгелі бұлардың (байына қарап қойып) жағдайы түзелді, компанияның жұмысы алға басты. «Елде болса, ерінге тиеді» деген, жұмыстағы жақсылықты үйде отырған біз де көріп жатырмыз. Бұрынғы таршылық артта қалды, үй-күйіміз бар, ал сіздің бұл баспанаңыз уақытша шығар, кәміл бір жерден нән үй салып жатқан шығарсыз?!-десе екіншісі оны іліп әкетті:

— Иә, солай ғой, солай, онда бәрі болады, мына пәтердің көлемі көп болса 60-70 шаршы метр шығар… ендігісін гектармен өлшерміз!

— Өзімізде сондай болғасын айта береміз, біздің басекең асықпайды ғой, және бәріміздің үйімізде қонақта болды, не бар, не жоғын көріп алды, енді өзінікін асырып түсірмесе, неғылсын?!. Жас қой, жас болғасын басы жасайды, — деп бірінің сөзін бірі тербеп әкетіп, басшыларының көңілін аулай сөйлейді. Байқадам жымиып қана отыр. Ештеңе деп жауап қатпады. Содан келіншектер ас мәзірімен кіріп-шығып жүрген оның жұбайын сөзге тартты.

— Бегімай, болашақ үйлерің қай тұста, мүмкін көрші болоып шығармыз, сен айтсайшы, отағасы құпия ұстап отыр ғой, — десе, Бегімай күлімсіреп:

— Отағасынан асып мен не дейін, бізде бұдан басқа үй жоқ, барымыз осы. Таршылық көріп жатқанымыз жоқ, жақсы үй, несі бар екен? — деген отырғандар қозғалақтап қалды. Иә, олар ат шаптырым ауланы, бассейінді, үйдің ішінен небір алтын-күміспен аптаған жиһазды, экзотикалық жануар ма, құс па, балық па, сондайларды көреміз деп ойлады, себебі өздерінде соның бәрі бар, басшымыздың байлығы қандай екен, сонымен салыстырсақ, не асқаны бар, өзімізге үлгі етсек деген пиғылда болған, бірақ көргендеріне көзі сенбей, әлі әрі-сәрі күй кешіп отырған жайы бар. Содан бір әйел «осы үйде альбом бар ма?» деп екі-үш папкі фотоны сұратып алды. Іштері пысып отырғандар сол суреттерге үңілді. Ылғи мүгедек жандар, бірі арбада, бірі балдаққа сүйенген, бірінің көзі таңылған, бірінің аяқ-қолы жоқ… бірақ ең қызығы барлығының да көзі күлімдеп тұр!.. Барлығы да өмірге қайта туғандай дән риза, жанарлары нұрға толы, осылардан бақытты жан жоқтай. «Бұл кімдер?.. Неге бәрі мүгедек… Кіл мүгедектермен суретке түсіпсіздер ғой, сонда бұлар кім болды?» деп бәрі сұрай бастады. Байқадам мен Бегімай бір-біріне қарап, «сен айтсайшы» дейтіндей күлімсірей қалапты. Байқадам сөйледі.

— Қадірменді қонағым, әріптестерім, Бегімай екеуміздің байлығымыз осылар десем сендер сенесіздер ме?!. Бұл суреттегі адамдарға біз қолұшын создық. Негізі мұны ешкімге айтпайтын едік… Сіздер альбом сұрағасын қызым Айгөлек ұстатқан ғой. Соның бөлмесінде тұрғасын. Жә, осылай болуы керек болған шығар, жарайды енді. Біз сіздер көріп отырған жандардың ем-дом керегіне қаржылай көмектестік, біріне арба, балдақ алып бердік. Жақсы ем алуына, демалауына, өмірге құлшынып, өз кәсіптерімен айналысуына жәрдемдестік. Қысқасы не керек, өзімізден артқан ақшаны осы адамдардың қажетіне жұмсап келеміз.

— Сонда олардан сендерге қандай пайда?-деп қалды қонақтың бірі.

— Бізге ме, бізге… — деп Байқадам күмілжіп қалған, сөзді Бегімай сабақтады:

— Ол адамдардың барлығы да бізге бата береді. Мысалы, Бәкеңе, (Байқадамға күлімдей қарап) олар «компанияның жұмысы өрге бассын, ұжымыңызда ынтымақ болсын, бәріңіз бай-дәулетті болыңдар, дендеріңе мықты саулық, отбасыңызға бақ-береке тілейміз» деп жатады. Онысын хаттай да, телефонмен де, көрген кезде де жеткізуден жалықпайды. Пайдамыз осы енді… — деп күлімсірей айналасына қарады. Барлығы не дерге білмей қалыпты,- жә, қол жуып, асқа отырыңыздар, суып қалмасын,-деп Бегімай ас бөлмеге шығып кетті. Келген қонақтар ойда қалды, сол оймен үйді-үйіне тарқасты. «Біздің не ішем, не жеймін демей бұлай шалқып-тасып жүргеніміз Байқадам мен Бегімайдың Аллаға ұнайтын іспен айналысып, көмекке зәру адамдарға жасаған жақсылығының арқасындағы тірлік екен ғой. Ерлі-зайыпты осындай ізгі жандардың қайырымдылығының қайтарымын көріп жүр екенбіз. Және бұл жасап жатқандарын жасырын ұстаған…» деген ой әр кәлләға маза бермеуде… Өздерінің өмірі өмір болмай қалғандай күй кешті, мұндай сезім әрине, барлығында болмады, кейбірі: «Байлықтың үстінде отырып, ақшасын желге ұшырып отырған сорлылар-ай…» деп те кеткені бар.

Кім не десе де Бегімай мен Байқадам өзінше бақытты, олардың айналасы бақытты, өйткені олар шын өмір сүруде. Байқадам басшыдан бұрын қарапайым адам ғой.

Мұнайдар Балмолда