Тұрар, СӘТТАРҚЫЗЫ,
тарихшы, этнолог
Қазақта “уызға жарымаған” деген сөз бар.
Сөз ұққанға, өте ауыр сөз.
Уыз – жаңа төлдеген малдың, жаңа босанған әйелдің алғашқы сүті.
Қазақ жаңа туған төлді де, жаңа туған сәбиді де сол алғашқы уыз сүтке жарытып, әбден тойдырып емізген. Өйткені уызына жарымай өскен төл де, уызына жарымаған бала да әлжуаз, аурушаң болады екен.
«Уызына жарымаған» деген сөздің тікелей мағынасына келсек, сәби дүниеге келген сәтте анасының омырауынан алғашқы екі күн бойы қоректенетін уыздан бүкіл өміріне жететін иммунитетті жинап алады екен.
Уызына жарымаған баланың тіпті мінезінде де психологиялық тұрақсыздық болады.
Сондықтан бала тәрбиесі ананың ақ сүтінен басталады деген жай сөз емес.
Ал енді «уызына жарыған» деген сөзді рухани тұрғыдан алсақ, туғаннан ұлтының құндылығын бойына сіңіріп, өз ұлтының тілінде бесік жырын тыңдап өскен бөбек өз құндылығын ешқашан өгей баладай өзектен теппейді.
«Уызға жарыған» болса, “Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп ар-ұятты бәрінен биік санаған арлы ұлттың ұрпақтары бүгінгі қоғамда болып жатқан хайуан екеш хайуан жасамайтын арсыздыққа бармайды.
Бүгінде тілінен де, ділінен де безіп, салт-дәстүрін менсінбей, қазақ екендіктерін анда-санда ет жегенде есіне алып, оның өзін «беш» дейтіндерге қарап, сол ұлтымыздың ұлы құндылықтарының уызына туғанынан жарымай қалғандар ғой деп ойлаймын.
Олар бала кезінен ұлт құндылығын бойына сіңіріп, мейірі қанбаса, өз ана тілін, ділін, қазақылықты қайдан құрметтесін?!