Басты бет » Жаңалықтар » Жадыра ШАМҰРАТОВА. Төртбұрыш адамның бір күні

Жадыра ШАМҰРАТОВА. Төртбұрыш адамның бір күні

(Новелла)

Жадыра Шамұратова

Түні бойы компьютер мен телефонға тесілген көзіме бірауық еркіндік бермекші болып, он бесінші қабаттан терезеге телміремін. Көліктер таң атар-атпастан дөңгелегінен лай шашырап, айналасын газға бөктіре заулайды, Қабанбайдың бойын у-шу мен бажылға толтырып өрт сөндіргіш машина мен жедел жәрдем көлігі өтіп барады. ЛРТ-ның тігінен қойған тас табыттар секілді табандары меңіреу мелшиеді. Бұрын осы жерден күннің қызыл жалқынданып, айналасына тіршіліктің бояуын жүгіртіп ақырын көтерілгенін бақылаушы едім. Сол кезде әлсіз жанарым өткірлене түскендей, қиялым қанатын қомдап, ішімнен бір биікке ұмсынғандай, жер бетінде тек қана абыр-сабыр тіршілік емес, әлдеқандай кеңдіктің де бар екеніне жаным жайланып, өзімнен-өзім ыңылдап кетуші едім. Енді сол көріністі биай групптың ерекше зор «саңырауқұлақтары» жауып қалыпты. Аспанның селдір перде тұманы сейілген сайын кеше ғана қазығын қағып жатқан жерде жаңадан бір үйдің өсіп шыға келгенін көремін. Қала үлкейіп, ұзарып барады, осы қалпымен кете берсе көкжиекке жетіп тіреліп тынатын шығар.

Сылқым сипатымен арбаған осы көрініс пен назарымды көкке сүйрейтін маңғаз үйлерге қарап тұрып, екі мың шақырымда қалған қараша ауылымды мүсіркегендей бір сезім кеудемді қарып өтеді. Мен осы тұрақсызбын ау, баяғыда өзімнің кішкентай ауылымды да өстіп елжіреп жақсы көруші едім, сол бір тылсым іңкәрлігімнің қазір қайда қалғанын өзім де білмеймін. Он екі жылда осы қалаға бауыр басыппын. Жұлқып-жұлқып жіберетін суық желі де, төбеңнен меруерт моншақ шашқандай төге салатын тамшылары да сыралғы, зәулім үйлердің арасында өкпесі қысылған ескі саяжайдан шыққан көк сағым түтінге бөгіп тұрған кезіне де, қапалақ қар себелеп, кір мен шаңнан аршылған кезіне де бірдей аңсармын, тас бауыр селқостығы да жақын. Кішкене тиыннан үлкен ақшалар жасайтын сиқырды меңгерген сауда үйлері мен мейрамханалардың бес секундта қырық құбылып, құлпыра түсетін жалтырақ шұғыласы мерекедей әсер етеді. Осы ию-қию тірлік өзгермесе екен деймін. Мына жер бәрімізді көтереді, ал егер бір күні көтермей қалса ше? Онда біз жым-жылас жоғалып кетер едік. Егер аяқ астынан бүкіл дүние жым-жырт болып қалса, жердің беті тылсым сабырға бой алдырса…не болады?

Мен өзі «төртбұрыш» адаммын, «төртбұрыш» адамдар аяқ астынан болатын жаңалық пен өзгерісті ұнатпайды, бүгін де осы күнім дәл кешегідей болса екен деп ояндым, өзгерістен өлердей қорқамын, осылай тұра бергені жақсы емес пе, билік те өзгермей тұра берсін. «Төртбұрыш» адамдар өзгеріс болмас үшін сайлауға барады, олардың тапсырма берсе жанын салып орындайтынын білемін, айтты ма, орындайды, кімді сайлағаны, не үшін сайлағаны маңызды емес, тапсырма орындалса болды. Төртбұрышты теледидарда «төртбұрыш» басшылар сырт көзге маңғаз көрінгенімен, ту сыртынан «пах» еткізетіндей сақсынып жүріп, сақсынып сөйлейді. Биліктің көңілін мақтанға тойғызар, жаңа бетбұрыстар туралы мүләйім сөздерден кейін көңілімнің түбіне әлдебір ұры түйіншек байланған күйі жұмысқа жиналдым. «Төртбұрыш» диктор «шаппайбер» бәйгеден озып келген бірегей кандидатқа ода айтып, «жаңа күнге аяқ бастық» деп неше жерден әсірелеп айтса да, дүние күндегі біз көргендей кейпінде екен. Көшеде осынау мәнсіз абыр-сабырды ойлап тапқан адамдар соған өздері де өкпелі сияқтанып, тас-түйін қатайып алып, жанбағыстың далбасасымен шұбап барады. Бәрі бір жаққа асығыс. Түсінем, «төртбұрыш» адамдар еңбекқор келеді, бастаған ісін аяқтағыш, есеп бергіш, айлығы аз болса да жыланбай, митың-митың жұмысын істей береді. Шыдамдылығынан ең сапалы «төртбұрыш» адамға айналғандар көп бізде. Мен де солардың соңынан ілесіп, жел көтерген қағаздың парағындай болып ұша жөнелген күндерімдің соңынан қуамын деп тағат таппаймын. Кейде болмашыға емексітіп, кейде жүйкеңді резіңкедей тартып, жон арқаңа тікендей қадалатын сәттеріне қарамастан, дүбір дүниеге ынтазарлығың өшпейтіні қызық.

Жер жетпегендей қыстырып салған үйлердің арасымен келіп, Ботаникалық баққа шыққанда ғана күн шыққанына қуанып шықылықтайтын торғай үнін естімесең де (халықтың үні секілді естілер-естілмес әлжуаз дауыстың иесі қайда кеткен?) көліктің шуы алыстайды. Ербиген-ербиген жалаңаш желектер қымбатшылық пен ақшаның құнсыздығынан жүйкесі шытынап, жағы суалған халық секілді көңілсіз бүрісіп, жанына бір жылу сұрайтындай көрінеді, жазда болар-болмас толқыны жыбыр-жыбыр етіп көзге әрең шалынатын жасанды тоған бар еді, ол да  тоң-торыс болған көңілдей суып, қатып, ала жаздай су шаптырып тұратын хауыздардың орны биліктің ана жылы беріп, сол күйі желге ұшқан уәдесіндей жым-жылас болыпты, о жақ, бұ жақтан әкелген кебіртік топырақтардың бетін адам ізінен әбден шимайланып кір-кір болған қар жапқан. Кейде кеңдік, кеңістік дегенің де қала адамын қылғындырады ау деймін, әйтеуір, қай жер тар, қай жерде қараң-құраң көп болса қала адамы сол жерге әуес. Осыгүні өзім де жан-жағымнан қоршалып, бірдеңенің ішіне қамалып отырмасам жаным жай таппайтын болыпты, ақыры бос алаңқайдан қашып, өзім сияқты «төртбұрыш» адамдардың арасына қайта қосылдым. Автобустағы адамдардың жан-жағымнан қоршап тұрғаны ұнайды, бұрын біреудің аяқкиімінің, біреудің сырт киімінің, біреудің демінің иісі ұнамайтын, енді мұрным иіс білуден қалып, біреудің кеңсірігін дамылсыз тартқанына да бұрынғыдай жиіркенбейтін болыппын. Біреулер үнсіз тымыраяды, шаршаған, қажыған, ештеңеге (бәрі жақсаратынына, несиесін тез төлеп құтыларына) сенбейтінін білдіріп, тас-түйін болып ернін жымқырып алған күйлері меңірейіп алға емпеңдейді. Ал енді біреуі мың сан адамның арасында ішқұса болып жүргендей телефонына бүкіл әңгімесін айтып самбырлайды. Жүйкесі түбіттей түтілген билет тексеруші билет төлемеген бір бейшараны ұстап алып, жауды қола түсіргендей болып даусы зілденіп, әлгіні өзімен алып түсіп кетті, тіпті бір қайырымды адамның «мен төлей салайын» дегеніне де құлақ аспады. Бейшара «тұтқын» «интернетім бітіп қалыпты» деп шыр-шыр етеді, осының бәрін көрмей-ақ қояйыншы деп алақаныңмен көзіңді көлегейлегің келеді.

Жолда тізілген көлік көп, тағы да кептеліс. Кептелісті жақсы көрем… Кептелістің пайдасы – бекер тұрғанша армандайсың, ұзақ-сонар ой кешесің… Босқа тұрғанша жоспар құрасың. Тіпті ойша мақала жаза бастайсың, бұрын айналамда не болып жатқанын үнсіз бақылаудан жалықпаушы едім, осыгүні керенау тартқаным сондай, менің моторым «жоспар орындауым керек» деген ойдан ғана тұтанатын секілді. Мен сияқты бос қиялдап емес, ойша есеп шығарып тұрған көздерді де байқаймын. Сол жақ миы қатты дамитын «төртбұрыш» адамдардың логикалық ойлауы күшті, есепке жүйрік, мысалы, жарытымсыз айлығының қай бөлігін тамаққа, несиеге, қаншасын баласының секциясына төлейтінін бес секундта есептеп шығарады, қандай қымбатшылық болса да аз ақшасын жеткізіп үйренген.

Таңертең ештеңе емес, кеш қиындау, кешкі уақытта дүние шеңбер болып шыр-көбелек айналып жатқандай болады. Адамдар өзінің илеуіне асыққан құмырсқалар сияқты. Әлемдегі ең әсем астананың бірі болғысы келетін қаланың көшесінде шалқайып жүруге жер тар, автобус ішінде еркін тұруға орын жетпей, соқтығысып-қақтығыса жаздап әрең шыдайды. Астанаға келгендер осы суық қабақ, тоң-торыс қалыптан ширай түспек, бірте-бірте өзі де сол қалыпқа түскенін байқамас та еді. Қаланың мінезі сондай, тым нәзік болсаң түтіп жібереді, ширақ болсаң ғана көшке ілесесің. Осы дүбір тіршіліктің арасына қойып кетесің де өзіңе бұйырған әлденені құшақтап шығасың, ол тәуекел ме, сәттілік пе, басқа ма… Осынау сүрген сайын қызығы ашылып, күніге бір құпиясы шығатындай ғажайып өмірге қалай құштар болмайсың!

Жұмысқа келіп төртбұрышты кабинеттің төртбұрышты столына жайғасып, өзім сияқты «төртбұрыштармен» бірге арзан кофені ұрттап отырып, осы бір өзгермес, алдырмас-жұлдырмас қатыбас жүйені жамандап алып, аздан соң сол жүйенің жасампаздығын жазуға отырамын. Одан қалса жер бетіндегі бар ғажайып пен бүкіл сұмдықтың көз-құлағы болып отырған төртбұрышты мониторға телміремін. Дүниенің дүбірі осында. Өзін-өзі жарнамалауға ділгір болған бір адам. Дабыралап жүрмесе болмайтын осы кезеңнің желкөкіректері таңғалдырам деп әлек, ол қолынан келмегені таңғалуға әуес. Шақырайған күн мен жарқыраған айдың астында, мың көздің сұғында, үстіне дым жамылмастан, бір қабат торқасыз сол күйі келе жатқандай күй кешуден жалықпайтын адамдарға таңғалмай көр! Адам темір емес қой. Қанша жерден супер «төртбұрыш» адам болсаң да кейде митың-митың тірліктен де, жария өмірден де жалығып, бірауық бой тасалап отырғың келеді. Өйткені көрсем ау деген атақтысын да, «ойпырмай, осы биік адам шығар» дегенін де көріп, даңқы мен дақпырты алыстан таңғалдырған дүниенің жақындап келгенде жанарыңа жазып, қолмен ұстай алмас тұлдыр ауа ғана екеніне де көзің жеткен сияқты болатыны бар (өзі аласа адамның ылғи бір аласалықты байқай беретіні несі екен). Аласалығымды басқа жұрт байқамасын деп, көп сырыңды ішке бүгесің, оңашада қарасаң сыртың түгілі ішіңді қоса көрсететін айнаңды ешкім білмейтін сенімді жерге қойғың келеді. Кейде өмірдің табан асты мәнсізденіп шыға келетініне қарағанда мен осы ерте қартайған шығармын…

Беймаза қаланың тірлігін күні бойы міз бақпастан тамашалап, ақыры одан да жалыққан алып күн талған жанарын төмен салып, жатар орнына жылжи бастағанда көліктерден  толассыз шығып, ауада жоғалған түтін иісіне мас болып, теңселе басып келе жатамын. Қараңғы түскенде қаланың самсай маздаған самала жарығы шілденің аспанындағы жұлдыздарды моншақ қылып тізгендей көз тартады. Күйкентайдың күркесіндей пәтеріме жеткенде барып «уһ» деп, елдің, бастықтың, әріптестің, өзім сияқты «төртбұрыш» адамдардың қас-қабағын бағып кешкен күнімнің бір парағын қоқысқа тастаймын. Түн келгенде күні бойы әрнені бір ойлап шаршаған милар дамылдап, күні бойғы жүрістен тыным алмаған аяқтар ақыры тыныш табатын шығар, күллі қала, бүкіл кеңістік демін ішіне тартып тынып қалатын шығар дейсің. Жоқ, бұл қала ұйқысыздыққа шалдыққан. Ию-қию бәсеңсігенімен, күндізгі тіршілік біржола тоқтап қалмайды, жол үсті босамайды. Мотоциклдің құлақты тесетін гүжілінен ауа дар-дар айрылады. Көршіміз бүгін тағы ішіп келіпті. Екі сағат боқтық сөзді лақылдатып құсып, есік пен батареяны теуіп барып өші қайтқандай болды. Есіктің артынан жүзі кепкен лимондай бозарған әйел қарайды. Зәбір мен қорлықтан әбден қабынып кеткен бет-жүзі ісіңкі. Ойдан ада тұнжыр көзден жас мөлт еткенде әйелге ғана тиесілі түйсікпен оның басқа амалының да, барар жерінің де жоғын түсінгендей болып, кері бұрыламын. Жүрегімнің тұсына ине шаншып қойғандай болып, пәтерге еніп, терезеге көз саламын. Сол көрініс… Аспанның селдір перде тұманы сейілген кезде кеше ғана қазығын қағып жатқан жерде жаңадан бір үйдің өсіп шыға келгенін көремін. Қала үлкейіп, ұзарып барады, осы қалпымен кете берсе көкжиекке жетіп тіреліп тынатын шығар…