Басты бет » Жаңалықтар » МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕРДІ ҚЫЗМЕТКЕ КІМ АЛСА, СОЛАР АУДАРМАШЫ БОЛСЫН!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕРДІ ҚЫЗМЕТКЕ КІМ АЛСА, СОЛАР АУДАРМАШЫ БОЛСЫН!

Қазыбек Иса, 

Мәжіліс депутаты

Мемлекеттік қызметте Мемлекеттік тілді білмейтіндер қаптап жүр!

Мемлекеттік тілді білмей Мемлекеттік қызметте, Үкімет пен министрлікте басшылыққа дейін, Президент әкімшілігі мен әкімдіктерде жоғары лауазымды қызметтерді қалай атқаратынына 31 жылда да басымыз жетпей қойды!

Шынын айтқанда, бұл 31 жылда билік Мемлекеттік тілді табанға таптап, яғни Мемлекетті, Тәуелсіз Қазақ Елін қорлаумен келе жатыр!

Өткен аптаның басында, 14 қарашадағы Парламент Мәжілісінде өткен “Балық өндіру мен шаруашылығын дамыту” тақырыбына арналған Үкімет сағатында Мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын “балық” вице-министрлердің “шеруі” өтті…

Қазақша қойылып жатқан депутаттар сұрақтарына Ресей Думасына келгендей Ресей тілінде зуылдап жауап беріп жатты. Олар, атап айтқанда, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай және Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймурзиндер.

Кезек Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовқа келгенде

орыстілділерге тосқауылды Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қойды:

«Егер менің сұрағыма сізге және ауыл шаруашылығы министрлігіне, шекара қызметінің бірінші орынбасарына қойылғандай қазақ тіліндегі сұраққа орыс тілінде жауап беретін болсаңыз, онда жауап қайтармай-ақ, қойсаңыз болады. Өзге вице-министрден қағаз түріндегі жауапты өзім алып аламын. Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілде қойылған қазақша сұарғына өзге тілде – орыс тілінде жауап беруді «нонсенс» деп санаймын», — деді депутат.

Елнұр Бейсенбаевтың ауылдағы балықшылардың жағдайы туралы сұрағына Тимур Жақсылықовтың жазып алған дайын қазақша жауабы жаңылысып кетті. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы туралы жалпы қысқа мәліметті қазақша бірінші сынып оқушысындай ежіктеп зорға оқып берді.

Бұрыс жауапқа қанағаттанбаған депутат Елнұр Бейсенбаев:

«Құрметті вице-министр мырза, мен сізден «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қалай іске асқанын сұраған жоқпын. Мен сізден: «Қанша балықшыны даярладыңыздар? Қанша балықшы диплом алып, ауылға барды? Қанша балықшы үй және әлеуметтік қолдау алды? 2009-дан бері 13 жылда қанша балықшыға қолдау көрсеттіңіз?» — деп сұрадым. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасын біз сізден артық білеміз. Қанша қаражат бөлініп, қалай іске асып жатқанын. Қанша балықшы барды, сонымен? Сізде есебі бар ма?»-деп сұрақтың төтесіне көшті.

«Кешіріңіз қазіргі таңда менде толық ақпарат жоқ, осы сұраққа жазбаша түрде жауап беруге рұқсат етіңіздер», — деп құтылуға тура келді Ұлттық экономика вице-министрі.

Міне, біздің Жаңа Қазақстандағы вице-министрлеріміздің түрлері! Сонда балық туралы сұраққа балықтай ауыздарын аша алмаған басшылар,

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймурзин, Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтар мектепте қазақ тілі пәнінен тек екі деген бағаға оқығандар болса, мектепті қалай бітірген?

Бұларды мемлекеттік қызметке кімдер және қалай алған?

Еске сала кетейік, 2020 жылы 6 сәуірде ел пандемиядан қырылып, Денсаулық министрлігінің аузына қарап отырғанда

“БАС САНИТАРДЫҢ РЕСЕЙ ТІЛІНДЕГІ СӨЗІН МИНИСТР АУДАРЫП БЕРЕ МЕ?”- атты мақала жазған болатынбыз Фейсбук парақшамыз бен “Қазақ Үні» сайтында.

 

Сол секілді осы үш шенеунікті мемлекеттік тілді білмесе де, кім заңсыз жұмысқа алды, солар келіп, осылардың орнына жауап беріп, аудармашылық жасауы керек! Егер олардың өздері де мемлекеттік тілді білетін болса…МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІН САУАТСЫЗДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІМ АЛСА, СОЛАР КЕЛІП АУДАРМАШЫ БОЛСЫН!

Заң шығарушы орган — Қазақстан Парламентінде Қазақ Елінің Мемлекеттік тілі ғана жүруі керек! Ресей Думасының тілі емес!

Ол үшін парламенттегі “Мейлі, орысша айта берсін”, бәрімізге түсінікті тілде сөйлей берсін”-деген жалпақшешейлікті доғару керек! Бұл біріншіден, Мемлекеттік тілімізді “жұрт түсінбейтін тіл” деңгейіне түсіріп, қорлау, екіншіден, ондай қажеттілік болмаса, өзге тілділер бұдан 100 жылдан кейін де мемлекеттік тілді үйренбейді!

Сондықтан да жалынды жас Елнұр Бейсенбаев секілді, бұрын да осындай заңсыздықтарға қарсы шыққан Берік Дүйсембинов, Тілектес Адамбековтер секілді депутаттардай өзге тілге бірден тосқауыл қойып отыру керек!

Жалпы, мемлекеттік қызметкерлерге бүгінде 70 пайыздан асатын қазақтардың мемлекеттік тілдегі ақпарат алу құқын шектеуге кім рұқсат берді?

Бұл Тәуелсіздік алған 30 жылымызда билік Ұлттық мүддемізді ешқандай қорғай алмағанын көрсетеді. Қайран, ширек ғасырдан асқан уақыт-ай! Тіл заңының өзін тетіксіз бейшара еткен, миллиардтар далаға кеткен тұтас бір дәурен-ай десеңші!

Сондықтан да, биыл 2022 жылы 27 сәуірде “Ақ жол” фракциясы парламентте Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауды, ол үшін конституцияның тіл туралы 7-ші бабына өзгеріс енгізіп, қазақ тіліне жекедара мемлекеттік статус беруді ұсынған депутаттық сауал жасағанымыз. Бұл сауалды Мәжілістегі 41 депутат қолдаған болатын.

Айтпақшы, пандемия кезінде жазылған мемлекеттік тіл туралы аталмыш мақаламыз әлеуметтік желіде үлкен қолдауға ие болып, “Қазақ үні” ұлттық порталындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа қайта қозғау салды. Ақыры бір жарым айда әлемге әйгілі Ұлт зиялылары бастаған Ашық хатқа 126 мың адам қол қойды. Бұл қолдау қазір 130 мыңға жетті.

Артында миллиондар тұрған, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатқа еститін мемлекетіміз Әділетті Қазақстанда әділетті қарайды деп сенеміз.