Жақында қарт Каспийдің жағалауын дүркіреткен той өтті. Абыз жазушы, кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбайұлы атындағы «Әбіш әлемі» ІІ халықаралық театр фестивалі өтті.
Облыс әкімі Н.Ноғаев бастаған өңір басшылары фестиваль қонақтарын зор мәртебемен қарсы алды. Қызыл кілем үстінен жүріп өткен фестиваль қатысушылары мен қонақтары, қазылар алқасының мерейлері өсіп, ерекше шабытқа бөленді. Іс-шара барысында Әбіш Кекілбайұлының шығармалары негізінде сахналанған қойылымдарынан үзінділер көрсетілді. Әсіресе, Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т.Жаманқұлов сомдаған хан Абылай бейнесі көрермен әсерін еселеді. Қонақтар жазушы-драматургтің мұражайын тамашалап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Аталған мерекеге сегіз елден сахна қайраткерлері қатысып, тоғыз спектакль сахналанды. Шартараптан жиналған өнер ұжымдары өз өнерлерін ортаға салып қана қоймай, театр мамандарының пікірлерін тыңдап, өзара тәжірибе алмасты.
Алғашқы күні Башқұртстаннан келген Туймазы татар мемлекеттік драма театры екі бөлімді И.Зәйниевтің «Бурганның үйі» атты драмасын қойды. Қазіргі қоғамдағы отбасылық мәселелерді арқау еткен бұл қойылым ауылдық өмірдің шынайы көрінісін көз алдымызға әкелді. Қоюшы-режиссер А.Зарипов драматургтың идеясын дұрыс түсініп, бүгінгі жастардың ауылдардан үдере көшіп қалаға кетіп жатуы, жеңіл табысқа қызығу, әке өсиетін табан асты етіп, өзіне дейінгілердің еңбегін елемеу, сондай-ақ, өмірден орнын таппай араққа салынып, соның кесірінен суицидке бару сынды өзекті мәселелерді көтере отырып, бүгінгі замандастарымызды болашағы жайлы бірлесе ойлануға шақырған. Қойылымда өнер көрсеткен шығармашылық құрам мықты актерлік ансамбль құра алғанын байқатты.
Елордалық Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы «Дүние-ғапыл» метафизикалық драмасын ұсыныпты. Режиссер А.Маемировтың сахналауымен жарыққа шыққан спектакльдің негізгі идеясы қамшының сабындай қысқа ғұмырда адам өмірінің мәні мен мағынасы неде деген сауалға жауап іздеу. Екі дүниенің ортасында қалған пенделердің (кейіпкерлердің) диалог-монологтарынан уақыттың қадірін түсінуді, оны дұрыс бағалаудың маңыздылығын ұғынғандай боламыз. Бес кейіпкердің іс-әрекетіне құрылған драмаға қатысқан актерлер режиссер трактовкасын мейілінше ашып жеткізуге еңбектенген. Сахналық декорацияда режиссер ойын дамытуға әсерін тигізіп, пәни өмірдің қас-қағым мезеттілігін театрлық метафоралар арқылы жеткізеді.
Сондай-ақ фестиваль аясында «Қазақтың Қыз Жібегі» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендернің иегері, көрнекті кино және театр актрисасы Меруерт Өтекешовамен кездесу өтті. Театрдың үлкен залына халық лық толды. Кездесудің шымылдығы М.Өтекешова мен Қ.Тастанбеков жайлы деректі фильмнен басталып, ары қарай облыс әкімі Н.Ноғаевтың ықыласқа толы ыстық лебізімен жалғасын тапты. Әсем ән мен төгілген күй көрерменнің көңілінен шықты.
Грузиядан келген Месхет мемлекеттік кәсіби драма театры Д.Кладиашвилидің «Иринаның бақыты» атты қойылымын әкелген екен. Режиссер С.Асламазишвили әйелдің бүгінгі қоғамдағы ролі жайында философиялық толғанысын драма тілімен жақсы жеткізіпті. Ары мен абыройын ақша мен атақтан жоғары қойған жас бойжеткен бейнесін актриса Анано Иашвили толыққанды жеткізіп бере алған. Оның өз бақыты үшін күрес жолындағы батылдығы болғанымен әкенің аманатынан аттай алмаған шарасыздығын, дәрменсіздігін Анано өте шебер әрі сенімді бейнелей алған. Актрисаның сыртқы сұлулығы ғана емес, сахналық тартымдылығы, әуезді үні мен бишілік қабілеті де рольдің ажарын ашып берген. Қойылымнан эмоциялық қуат алып, актерлердің роль жасаудағы шеберлігіне тәнті болдық.
Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры «Шәкәрім. Жолсыз жаза» (сахналық нұсқасын жасаған А.Бахтинов) трагедиясын ұсынды. Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» поэмасының желісі бойынша жасалған театрлық дискурсты режиссер Ж.Жұманбай сахналапты. Сценографиясында режиссер өзі жасаған екен. Қойылым ішкі мазмұнға қарағанда сыртқы пішінге көп еңбек еткендей көрінді. Шәкәрім (акт. Е.Нұғыманов), Кәрі Шыңғыс (акт. Е.Шәріпұлы), Әупіш (акт. Ғ.Тасболатов) және халық (театр актерлері) атынан айтылатын мәтіннен Шәкәрімнің замандастарына, қоғамға деген көзқарастарын тануға болады. Алайда ақын-философ Шәкәрімнің тұлғалық сипатын, даралығын толыққанды көре алмадық. Қойылымдағы аллегориялық бейнелердің де шешімі талас тудырады. Спектакльдің ең құнды тұсы Шәкәрімнің сахнада айна алып шығып, оның сәулесін халыққа түсіріп тұрып сөйлеген сәті. «Шәкәрім – халықтың айнасы» деген ойды оқып отырдық. Дегенмен қойылымның сыртқы пішіні жақсы табылғанымен мазмұнын трагедиялық хал-күйге дейін жеткізетін, қайта қарастырар тұстары да бар дер едік.
Әбіш Кекілбайұлының аудармашылық шеберлігімен қазақ тілінде сөйлеген У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын екі өнер ұжымы әкеліпті. Алғашқы болып Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрының қойылымын тамашаладық. Режиссер Д.Базарқұлов шығармашылық ұжымның статусына сай музыкалық қойылым жасап шығуға ден қойыпты. Композитор Н.Төреәлінің спектакльге арнайы ән жазуы да қуантарлық. Елімізде театрлық қойылымдарға музыка жазатындардың қатары сиреп кеткенін ескерсек, қызылордалықтардың өз сазгерінің болу құптарлық. Спектакльге ұжымның жасы мен жасамысы толықтай қатысыпты. Тәжірибелі актерлер мен жаңа буынның иық тіресе өнер көрсетіп, театрға жастық лептің келгенін айғақтады. Жедел алмасқан қым-қуыт оқиғалар кезек ауысып, махаббат жырын, жүрек қылын шертіп, алуан сезімге бөледі. Режиссер жетік актерлік ансамбль түзе білген, жекелеген рольдерді де ашуға барын салғаны байқалып тұр. Кем-кетіксіз қойылым болмайтынын ескерсек, сыншылар тарапынан айтылған пьесаны дұрыс қысқарту, режиссер трактовкасын нақтылау сынды тілектер болашақта ескерілер деп ойлаймыз.
Екінші тамашалағанымыз Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театрының «трагедия емес» жанрындағы спектаклі болды. Режиссер Д.Жұмабаева пьесаның негізгі желісін сақтап, орынды қысқарту нәтижесінде басы мен аяғы бар, айтар ойы кемел дүние жасап шыққан. Заманауи театрлық әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген режиссер қазіргі бидің, актерлік өнердің, физикалық театрдың, перформативтік өнердің, бүгінгі поп-музыканың айшықтарын араластыра қолдану нәтижесінде пішімі бөлек, мазмұны терең спектакль түзе алған. Театрлық семиотикаға толы туындыны көрермен де ерекше ықыласпен қабылдады.
Қырғыз Республикасынан келген Барпы атындағы Жалал-Абад қырғыз драма театры «Сырласу» монодрамасын жұртшылық назарына ұсынды. Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша жасалған шығарманың идеясы қазіргі алмағайып заманда өзекті екені талас тудырмайды. Толғанай (акт. Ш.Мамбетова) мен Жер-ана (акт. Г.Конурбаева) арасындағы диалогқа құрылған сахналық туынды екі актрисаның шеберлігін паш етті. Толғанай-Г.Конурбаева кейіпкерінің ішкі көңіл күйін, терең трагедиясын халықтық деңгейге жеткізуге, жиынтық бейне жасауға деген талпынысымен ерекшеленді. Алайда актрисаның өнерпаздық шеберлігін одан әрі жарқырата көрсету үшін жарық беру, музыкамен көркемдеу, сауатты режиссура сынды заманауи техникалық әдіс-тәсілдердің жетіспегенін де байқап, талдап-талқылауда айтып та бердік.
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры Ә.Кекілбайұлының тағы бір керемет аудармасы бойынша қойылған Л.Дюрконың «Электра» трагедиясын әкеліпті. Интеллектуалдық драмаға жататын бұл пьесаның дәл бүгінгі заманымызда айтар ойы салмақты, идеясы да кемел екенін білеміз. Қойылымда көрсетілген антика заманының оқиғасы дәл қазіргі таңда да белең алуы әркімді де болса толғандырмай қоймасы анық. Театрдың осындай күрделі драматургияға баруын қолдап отырдық. Қоюшы-режиссер Ж.Жұманбайдың ескі сүрлеуге бой алдырмай жаңаша бағытты ізденгені байқалады. Дәл осы қалпында қойылым трагедиядан қарағанда трагикфарсқа жақындау тұр. Оны сахналық көркемдеу мен актерлік ойынның мәнерінен оқуға болады. Бірақ театрдың жас буын актерлерінің әлі де бейнемен жұмыс жасау барысын ұштаудың артығы жоғын байқадық. Дегенмен қоғамның өзекті мәселелесін көтерген бұл қойылымның жанкүйерлері аз болмайтынына сенімдіміз.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры У.Шекспирдің «Король Лир» (аударған Ә.Кекілбайұлы) трагедиясын көрсетті. Ф.Молдағалидің режиссурасымен сахналанған қойылым өзінің кең құлаштығымен, жаңаша оқылымымен ерекшеленді. Бұрынғы режиссерлік тұжырымдарды қайталамаған оның пайымы зұлымдық пен ізгіліктің шексіз күресін көрсетуге негізделген. Лир бейнесіндегі сахнагер С.Қарабалин күллі халықтың назарын бір уысында ұстап, спектакльдің көңіл күйін бағыттап отырды. Жекелеген рольдер болсын, жалпы көпшілік сахналары болсын спектакльдің ортақ идеясына қызмет етіп, көркемдік ізденісі жоғары дүниені өмірге әкеліпті. Көрермендер тарапынан да, сарапшылар тарапынан да спектакль жағымды қошемет алып қайтты.
Фестивальмен қатар өнер шеберлерінің шеберлік сыныптарын ұйымдастырған Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының басшылығы қатысушыларға тек тәжірибе алмасуды ғана емес, сонымен қатар білім мен біліктілікті арттыруға да жағдай жасағаны қуантарлық.
Осылайша, бес күнге созылған өнер мерекесі өз мерекесіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен «Король Лир» трагедиясы – Ә.Кекілбайұлы атындағы Бас жүлдені, Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» қойылымының режиссері Д.Жұмабаева «Үздік режиссура» аталымын, Грузиядан келген Месхет мемлекеттік кәсіби драма театрының актрисасы Анано Иашвили «Үздік актриса» аталымын, ал «Үздік актер» жүлдесін Башқұртстаннан келген Туймазы татар мемлекеттік драма театрының актері Алик Зайлялов иеленді.
Әбіш Кекілбайұлы атындағы «Әбіш әлемі» атты ІІ Халықаралық театр фестивалін жоғары деңгейде ұйымдастырған Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының ұжымына заңғар жазушының мұрасын насихаттағандары үшін алғысымызды білдіреміз!
М.Жақсылықова,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
театртанушы