«Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады».
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 4-бабында осылай делінген.
Соған қарамастан мониторинг қорытындысына сәйкес ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжатайналымының үлесі 70%-ды құрады.
Бұл көзделген межеден төмен. Осыған орай Тіл саясаты комитеті ұлттық компанияларды бірқатарының басын қосып, құжатайналымындағы мемлекеттік тілдің үлесіне ІІІ тоқсанда жүргізілген мониторинг қорытындысын талқылады.
Көрсеткіш мынандай:«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (5%), «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ (34%), «Қазақстан темір жолы» АҚ (34%), «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (36%), «QazExpoCongress» ҰК» АҚ (39%), «KEGOC» АҚ (49%), «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ (51%) және т.б.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ іс-қағаздарын 95% орыс тілінде жүргізетінін атап өтпеске болмайды.
Құжат айналымда мемлекеттік тілге жауапсыздықпен қараған компанияларға қатаң ескерту жасалып, тез арада мемлекеттік тілдің үлес салмағын арттыру бағытындағы іс-шаралар жоспарын жасау тапсырылды.
Жиын бағдарламасына сәйкес «Қазақтелеком» АҚ-ның Мемлекеттік тіл саясаты секторының жетекшісі Қыдырбай Ұлан, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаментінің лингвистикалық бағыт жетекшісі Шоқаева Алма және «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның бас маманы Қилыбаева Аяжан мекемелерінде тіл саясатының іске асырылу барысы жайлы баяндамалар жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын қорытындысы бойынша барлық ұлттық компанияларға шығыс және ішкі құжаттарын мемлекеттік тілде дайындау мәселесін қатаң бақылауға алу қажеттігі ұсынылды.