Қазақ-қырғыз елдері – ежелден-ақ тамыры терең тату көршілік орнатып, баяғыдан-ақ барыс-келіс пен алыс-беріс аясы анағұрлым кеңейген мүдделес, бауырлас әрі өзара көрші мемлекеттер. Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық аясы кеңейе түсуде. Елдеріміз аймақтық және жаһандық мәселелерде өзара ықпалдастық пен ынтымақтастыққа аса маңыз беруде.
Осыған орай Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында 4-5 қарашада «Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар бастау алды. Шара Қазақстан Республикасының Қырғыз еліндегі елшілігінің және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауы негізінде «Отандастар Қорының» ұйымдастыруымен өтуде.
Ел тыныштығы мен тұрақтылықты, Қырғызстанды мекен еткен халықтар арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастарды нығайта түсуге Қырғызстандағы қазақ қауымдастығы да зор септігін тигізуде.
Аталған мерейтой аясындағы алғашқы іс-шара Қырғыз Республикасының Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында «Қазақстан-Қырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесудің басты себебі – азаттықтың ақ таңымен қатар келген «Қырғызстан қазақтары қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойы болғандықтан ауқымы кең іс-шара ежелден еншісі бір егіз халық – қырғыз бауырлармен бірлесе ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел Қырғызстан Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің құттықтауымен басталды. Сонымен қатар Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшісі Рәпіл Сейтханұлы биыл Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерекесі ұлтымызды ұйыстырған Қауымдастықтың мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанына тоқталды.
Мрейтойлық жиынға арнайы барған «Отандастар қорының» Президенті Абзал Сапарбекұлы осы мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне айрықша ықылас білдірген Қырғыз елінің басшылығына, Қырғызстан Халықтар Ассамблеясына, Қазақтар қауымдастығына, қоғамдық ұйымдарға, жанашыр ағайындар мен белсенді қандастарға риясыз ризалық білдіріп, ақжарма алғысын айтты. Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде бір-біріне деген осындай ыстық ықыласты қатынастың іргесін қалыптастырған Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов сынды екі ұлттың ұлы тұлғалары екенін мақтанышпен атап өтті.
Өз кезегінде жылы лебіз білдірген Қырғызстан Халқы Ассамблеясының төрағасы, атақты академик Абдығани Эркебайұлы Эркебаев та ежелден тату екі елдің арасындағы берік достықтың тарихи тамыры терең екенін тебірене жеткізді. Өзінің де қазақ достары көптігін мақтан тұтып, олардың жақсы қасиеттерін дәріптеді.
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы тұңғыш елшісі, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс досым фәниден бақиға озғалы жаным жабырқап, жалғыз қалғандай күй кешіп жүрмін» деген бір ауыз сөзі бірге туған бауырдай екі елдің егіздей үйлесімінің үлгісіндей болды. Жасампаз халықтардың жарқын болашағы жастардың қолында екенін айтқан ақиық ақын өскелең ұрпаққа өлеңдете бата берді.
Тұғырлы тұлғадан кейін сөз алған тараптар тату көршілік саясатын дамудың жаңа сатысына көтеру жөнінде келелі сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды. Жайма шуақ әңгіме ауанымен аяқталған жиын соңында алыс-жақын шетелдердегі қалың қазақтың қамын ойлайтын «Отандастар қорының» басшысы Абзал Сапарбекұлы көршілес елдегі қандастарға атажұрттың атынан арнайы «Қоржын» топтамасын тарту етті. Естен кетпес естелік ретінде қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, ұлттық киімдер, бағалы кәдесыйлар ұсынып, ұлттық құндылықтарымыз тағы бір ұлықталды.
Кездесуде арқа-жарқа көңілмен жараса қауышып, қуана тарасқан қандастар мен көңілі тату көршіміз – қырғыз ағайындар кешкілік шекаралас Жамбыл облысының Кенен Әзірбаев атындағы филармониясы өнерпаздарының мерейтойға арнайы ала келген ән-шашуын тамашалады. Тараздық сахна саңлақтары мерейтой қонақтарының мейірін қандырып, қандастарымыздың абыройын асырды.
Сонымен қатар концерттік бағдарлама аясында Қырғыз Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Самат Шатманов, Жогорку Кенештің Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитетінің төрағасының орынбасары Лейла Лурова сөз сөйлеп риясыз алғыстарын білдірді.
Қырғыз даласын қазақтың халық әндерімен әлдилеп, аспанын күй күмбірімен тербеткен өнер кеші көпшіліктің жадында жатталып, көрермен көңілінде көпке дейін сақталары анық.