Биыл биші, педагог, Қазақстанның халық артисі Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл
Ақпарат: https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/persona/703/
Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара. Әкесі Баймолда күллі Жетісу өңіріне әйгілі молда адам болған.
Шара Жиенқұлова он алты жасында «Биші қыз» атағын иеленді. Үлкен сахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастаған. 1924-1930 жылдары Шара Жиенқұлова Қазақ Педагогикалық Институтының тарих факультетінде оқыды.
Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш бейнесі — оның театрдағы алғашқы сомдаған рөлі. Кейін ол Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөз» қойылымдарында басты рөлдерді сомдады.
1934 жылы өз жұмысын Музыкалық драма театрында (қазіргі Абай атындағы Мемлекеттік Қазақ опера және балет театры) жалғастырды. Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында бой көрсетті.
Шара Жиенқұлова 1936 жылы Мәскеуде өткізілген Қазақ әдебиеті және өнерінің онкүндік мәдени шарасына қатысып, өзге халықты ұлттық би өнерімен таң қалдырды.
1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымында ол басты кейіпкер Мамырдың партиясын орындады. Балетмейстер Л.А. Жуковпен бірлесе отырып, 1940 жылы И.Н. Надировтың «Көктем» балетін қойды.
Өз жұмысын Шара Жиенқұлова 1940-1962 жылы Қазақ филормониясында жалғастырды. 1962-1966 жылдары Қазақ ән-би ансамблінің басшысы болды. 1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры қызметінде болды.
Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халық билеріне жаңа дем берді. Ол «Айжан қыз», «Қара жорға», «Тәттімбет», «Қырық қыз» т.с.с. билерді дүниеге әкелді.
Шара Жиенқұлова театрда ғана емес, өз таңбасын кинода да қалдырған. 1938 жылы «Амангелді» фильмінде Балым рөлін сомдады. Шәкен Аймановтың 1957 жылы түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұрылған бишісі өзін-өзі сомдады.
Марапаттары:
1936 – Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі
1938 – Қазақ КСР халық әртісі
1968 – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл ТУ, «Құрмет белгісі» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.
«Қазақ биі», »Сымбат», «Өмірім менің- өнерім», «Би құпиясы» кітаптарының авторы.
Шара Жиенқұлова 1991 жылы 21 мамырда сексенге қараған шағында Алматы қаласында көз жұмды.
*****
Белгілі кино және театр актері, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов өнер жолындағы алғашқы ұстазы – Шара Баймолдақызы туралы естелігімен бөлісті.
«Өнер жолындағы алғашқы ұстазым – Жиенқұлова Шара Баймолдақызы 1912 жылы дүниеге келген. Биыл 110 жылдығы.
1971 жылдың жазында біздің ауылға Шара апай келді. Келген күні кешкісін ауыл клубында «Амангелді» фильмі көрсетілді. Амангелдінің жары Балым рөлінде Шара апай ойнады. Фильм біткен соң сахнаға Шара апайдың өзі шығып би өнері жайында түсіндіре келе, 3-ші және 6-шы сыныптарды бітірген ұл қыздарды ертең ауылдың қонақ үйінде би өнеріне жарамды талапкерлерді таңдап алатынын айтты.
Атам Сәдуақас қарындасым Ботакөз бен інім Бейбітті ерте тұрып, Шара апайға алып кеткен екен. Жаз бойы бүкіл ауыл ұлдарының ермегі әрі жұмысы таудан есекпен отын тасу болатын. Дәл сол күні мен ұйықтап қалып отынға бара алмадым. Қарындасым Айгүл мен інім Маратты балабақшаға апарып, қайтып келе жатқанда қарақұрым халық жиналып тұрған қонақ үйге ойымда ештеңе жоқ тек қызығушылықпен барған едім. «Атаңның кезегі келіп тұр, ішке кір», – деп ауыл адамдары мені ішке кіргізіп жіберді. Кірген бойда мені күтіп тұрғандай атам да «Мына екеуінің жастары жетпей биылға қабылданбайды. Сен тура келдің, 6-сынып бітіргендерді қабылдайды екен, кезегім әлі өткен жоқ, кір», – деп қарсыласқаныма қарамай қабылдау бөлмесіне кіргізіп жіберді.
Ешбір дайындықсыз ойын киімімен жүрген менің түрім оларға ұнамағаны көрініп тұр. Тауға отынға киіп жүрген жалпақ дәу бәтеңкеме көзі түскен Шара апай жанындағы жас әйелге бірден аяқкиімімді шешкізіп, жалаң аяқ түрғызып, табанымды тексерді. Саусақтарымды идіріп (подъем) аяқ ұшына тұрғызып көріп болған соң, бұтымдағы дәу тұрсиымнан басқасын түгел шешіндіріп, бір аяғымды барынша жоғары көтеріп, жерге жатқызып, тіземді екі жаққа керіп, (шпагат, выборотность ног) тексерді (тұрсиымның кең балағы жиырылып, абыройымды төгіп, қатты ұялтты). Шара апай алақанын соғып неше түрлі дыбыстарды қайталауымды сұрады. Естіген дыбыстарды дәл келтіріп, қайталап бердім (Ритм). Содан кейін орнымда бірнеше рет барынша жоғарыға секіртті. (Жоғары көтеріліп барып төмен түсерде тұрсиым парашютша жайылып тағы да қызаруыма себеп болды). Шара апай «Жақсы балам, киініп атаңды шақыр», – деді.
Қабылдау бөлмесінен атам көңілді шықты. «Балам, тездетіп үйге жүгір, қой сойып, қуырдақ қуырып қойсын. Түскі асқа мен Шара апаң бастаған қонақтарды ертіп барам», – деді.
Мен үйге жүгіріп емес, ұшып барған секілдімін. Инженер боламын деп армандап жүрген мені тағдыр осылай өнер жолына салды», – деп жазды Мұрат Ахманов әлеуметтік желідегі парақшасында.