Бүгін «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері еліміздің барлық өңірінде «Менің елім – менің Туым» деп аталатын ауқымды акцияны бастады. «Жастар рухы» Жастар қанатының баспасөз қызметі хабарлады.
Республика күні қарсаңында «Жастар рухының» белсенділері әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды өз үйлерінде Қазақстанның Көк байрағын ілуге шақыратын челлендж бастады. Акцияға мыңнан астам волонтер қатысып жатыр. Олар бүкіл еліміз бойынша 5 мыңнан астам туды орнатуға көмектесті.
«Бұл акцияны қазақстандықтар ыстық ықыласпен қабылдап жатыр. Үлкен-кіші демей барлығы бір-бірін қолдап, оған көпшілігі отбасымен қатысып жатыр. Қазірдің өзінде 7 мыңға жуық адам әлеуметтік желілерде жазбалар жариялады. Осылайша, қазақстандықтар өздерінің патриоттық сезімдерін білдіруде. Туды ұстап фотоға түсіп, кейбіреулер оны балкондарына ілсе, ал тағы біреулері көкте желбіреген Көк байрақты мақтанышпен жариялап жатыр. Онда бейнеленген әр элементтің өз мағынасы бар. Көк аспан, жарқыраған күн, қалықтаған қыран халқымыз үшін қашан да қастерлі. Туды көрген кезде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Азаматтар Көк байрағымызды ілу арқылы Отанға деген махаббатын, сүйіспеншілігін білдіреді деп есептеймін», — деді «Жастар рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Астана қаласының тұрғыны Жібек Серікпаеваның айтуынша, «Менің Елім – Менің Туым» акциясы қазақстандықтарға патриоттық рух береді.
«Мен елімнің мемлекеттік рәміздерін, туымды мақтан тұтамын және 25 қазан – мен үшін ғана емес, әрбір қазақстандық үшін маңызды мереке деп санаймын. Адамдардың көк Туды көргенде бірден көңіл-күйі көтеріліп, оған мақтанышпен қарайды», – деді ол.
«Жастар Рухы» ұйымдастыру-аумақтық жұмыс басқармасының басшысы Сұлтан Аллабергеновтың айтуынша, акция алғашында әлеуметтік желілерде #МеніңЕлімМеніңТуым деген хэштегпен фотосуреттер мен видеолар жүктеуден басталған. Ал жақында белгілі қоғам белсендісі Жандос Құрманбаев өз терезесіне мемлекеттік Туды іліп қойды.
«Біз мерекелік көңіл күй қалыптастыру үшін осы керемет челленджді қолдаймыз деп шештік. Өйткені алда Республика күні жақындап қалды. Көптеген елде осындай мәдениет жақсы қалыптасқан. Біз де Қазақстанда мемлекеттік туға, өз елімізге деген сүйіспеншілігімізді осылай көрсете аламыз», – деді ол.