Басты бет » Жастар үні » Санжар ТАЙЖАН, жас өнертапқыш: Бала күнімнен технологияға әуес болып өстім

Санжар ТАЙЖАН, жас өнертапқыш: Бала күнімнен технологияға әуес болып өстім

Өткен жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының бірі танылған өнертапқыш Санжар Тайжан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. 

24 жасар Санжар бала күнінен технологияға қызыққанын айтады. Бұл туралы жас өнертақышпен inform.kz тілшісімен сұхбатында айтты.

«Күн сайын таңғы шайдың алдында отбасылық көлігімізге барып амандасатынмын. Төрт жасымда машиналардың барлық маркасын жатқа білетін едім. Ата-анама бұл күлкілі көрінетін. Ал 6 жасымда өзім ойлап табатын автомобиль брендіне «ТайСан Моторс» деп ат қоям деп шештім. Қазір сол арманымды іске асыруға жақын тұрмын», – деді.

Ұлыбританияда білім алған жас инженер 2017 жылы Bellerbys CollegeCembridge-дің «Жыл студенті» атанады. Содан бері ғылымға арқа сүйеген жастың айы оңынан туып келеді.

«Бүгінге дейін әлемнің 20 елінен 400-ден астам инженерін тарта отырып, озық технологиялармен байланысты бірнеше жобаға қатыстым. Ондағы мақсатымыз – көліктерді тиімді әрі қолайлы ете түсу болды. Жуықта Илон Маскпен кездесемін. Ол біздің идеямызға қызығушылық танытып отыр. Ал ол маған қайтпайтын қайсарлығымен ұнайды. Осындай тәжірибенің арқасында өз идеяларымызды соңына дейін іске асыра алатынымызға сенімдімін. Мемлекетіміздің болашағы деген сол», – дейді Санжар.

Соңғы жылдары жаһандық ауқымда технологиялық трендтердің көшін бастап келе жатқан Илон Масктің көзіне түсу оңай емес екені белгілі. Санжар бұл іске нақты жоспармен кіріскенін айтады.

«2017 жылы мен Уорвик университетіне түсіп, Илон Масктің турниріне қатысатын екі команданы жасақтадым. Бірінші командам – Warwick Hyperloop. Бұл командамен SpaceX Hyperloop турнирінде жартылай финалға өтіп, 1600 команданың арасынан үздік 35 ұжымның ішіне кірдік.

Екінші командамның аты – Warwick Boring. Бұл командамен финалға өтіп отырмыз. Қазір бүкіл командамызбен Америкадағы конкурстың финалына дайындалып жатырмыз. Осы жазда Илон Масктің өзіне бұрғылаушы машинаның прототипін таныстырамыз. Ол жерде әлемдегі үздік инноваторлардың Топ-3 пайызы қатысады. Біз өзіміз жасаған инновациялық технология әлемге 3D өлшеммен қозғалуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Қазір бәріміз 2D өлшеммен қозғалып жүрміз. Бұл конкурсқа басында 400 команда іріктеп алынған болатын. Қазір финалда 12 команда қалдық», — деп түсіндірді жас инженер.

Жобаның болашағына Уорвик университетінің басшылығы да сеніммен қараған сыңайлы. Прототипті жасауға жан-жақты қолдау көрсеткен екен.

«Бұл ғылыми жобаны негізінен өзім оқыған университет қаржыландырды. Ол жағынан университетіміз жақсы қолдау көрсетеді. Турнир біткен соң Қазақстанға қайтып келіп, көлікпен және технологиялармен байланысты жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмын», — деді Санжар Тайжан.

Оның Қазақстанда көлікпен байланысты технологиялық жобаларды қолға алам деп отыруы бекер емес. Біріншіден, бала күнінен бері «ТайСан Моторс» деп ат қойған жанына ең жақын жобаны өз елінде іске асырғысы келеді. Екіншіден, бұған дейін әйгілі Jaguar компаниясының базасында бұл саладағы білімін іс жүзінде сынап, нақты табысқа жеткен болатын.

«Расымен де мен Jaguar Land Rover компаниясының литий батареясының инженері болып жұмыс істедім. Ол жерде электромобильдерге арналған батареялардың келешек нұсқаларын дайындадым. Нәтижесінде менің жұмысым элктромобильдердің жүру ұзақтығын 8 пайызға ұзартты. Биылдан бастап Jaguar-дың барлық электромобильдері мен модельдеген батареялармен жүре бастайды», — дейді «100 жаңа есім» жеңімпазы.

Сөз соңында өнертапқыш әлемнің әр түкпірінде жүрген талантты қазақстандықтар елге оралса деген арманы бар екенін жеткізді

«Маған Қазақстандағы моральдық қолдау қатты сезіледі. Осы үшін өте ризамын. Мемлекет жобаларымызды Қазақстанның өзінде іске асырғанымызды қалайды. Сол мүмкіндікті пайдаланып қазақстандық электрокар жасап шығармақшымын. Ол көлік бүкіл қазақстандықтар үшін қолжетімді және тиімді болатынына шын ниетіммен сенемін. Осы жобаның Қазақстанда сәтті іске асқанын көріп әлемнің әр түкпірінде жүрген талантты қазақстандықтардың отанға оралғанын шын жүрегіммен қалаймын. Мемлекеттің жастарды қалай қолдап жатқанын көріп жүрміз. Мен жуық арада елімізде әлемдік ауқымдағы тың жобалар сәтті іске асқанын көретімізге сенімдімін», — деді өнертапқыш.

https://www.inform.kz/

****

Жақында Санжар өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырды. Жыл басында жас өнертапқыш Ұлыбританияға барып, сол жақта Taisan деген атаумен стартап жобасын бастағанын жазды. Сол жобаның алғаш 6 айдағы жаңалықтарымен бөлісті.

«1. Мәселен, Борис Джонсон мен Джо Байден өткен 2021 жылы Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы аккумуляторлық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Бұл екі ірі елдің бастамасымен Британиялық Faraday деген үлкен инженерлік зерттеу орталығы арнайы инвестиция бағдарламасын ашты. Менің фирмам – Taisan – сол бағдарламаның жарысына қатысып аккумуляторларға инвестиция салу бағдарламасының толық кезендерін үздік өтіп аяқтады. Біз Ұлыбританияның 2022 жылғы батарея стартаптарының ең перспективтік 10 жобаның ішінде табылдық (*).
2. Менің Taisan фирмама Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша әлемдегі ең ірі автокөлік өндіруші Magna компаниясы демеушілік көрсетті.
3. Одан басқа Европа Одағының қоры 2022 жылы мынандай шешім шығарды: Taisan жобам Ұлыбритания бойынша бастаушы климаттық стартапы деп танылды», – дейді Санжар Тайжан.