Басты бет » Жаңалықтар » Ұлтқа қызмет ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуден басталады!

Ұлтқа қызмет ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуден басталады!

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
этнолог, тарихшы, журналист,
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің негізін қалаушы

«ЕЛ БҮГІНШІЛ, МЕНІКІ ЕРТЕҢ ҮШІН»
Ұлт ұстазы Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ
Бүгінде «ұлттық» деген ұлы сөзді қосып, шаралар, жиындар, форумдар өткіземіз. Небір кеңестер бар “ұлттық” атын жамылған. Тіпті, Құрылтаймыз да бар. Әйелдер комиссиясын да ұлттық дейміз. Мекемелер, емдеу орталықтары бар.
Ал ұлттық сөзін иемденгендер орталықтар ұлт болашағы үшін не істеп жатыр деп көп ойланамын.
Өткенде бір қыруар қаражат бөлінген, бір үлкен шарада болдым. Лауазымды қызметкерлер “несін айтасың, мұндай ұлттың рухын оятатын шаралар” деп қойып, жалынды-жалынды сөз айтты. Сол шарадан кейін ұлттық рухымыз оянып кетті ме? Жоқ, әрине.
Бірақ бір күндік шарамен ұлттың рухын қалай оятуға болатыны жайлы неге ойланбаймыз?
Сондай даңғаза шаруаға қыруар қаражат бөлгенше, ұлттық рухты оятуды ұрпақтың рухани тәрбиесіне неге көңіл бөлмейді, ұлттық орталықтар неге ашпайды?
Ұлттың рухын оятар терме-жыр, домбыра үйрететін, қыз баланы қолөнерге баулитын, ұл баланы атқа мінгізіп, садақ атуды үйрететін, жыр-дастан, қисса жаттатып, ертегі оқытатын, ата-аналарға өнегелі ұрпақ тәрбиелетуге үйретер Ұлттық орталықтар неге ашпасқа?
Осындай идея-ойы бар адамдарды қолдап, бір жерге неге топтастырмаққа?
Қайдан, мұндай адамдардан қорқады. Қазақтың рухы оянып кетеді деп. Рухымыз оянса, ұлтымыз, ұрпағымыз мықты болатыны, ел ертеңі дәл бүгінгі ұрпақ екенін ойламайды.
Дәл осылай, ұлт қазынасын бүгін қолдамай, біз өз қолымызбен өз баламыздың, қазақтың баласының болашағын, ұлт болып қалу болашағын буындырып отырғанымызды ойламаймыз.
Бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп жатқанымыз, қандай өкінішті!
Қызылордада палауға таласқандар мен қыз баланың маһр тақырыбы жайлы талқылау қызу. Маған да пікіріңізді неге айтпайсыз дейді. Не айтамын? Қайсын айтамын?
Қоғамның рухани құлдырауға ұшырағаны қашан?
Біреу былай дейді. Енді біреу басқа дейді.
Айтарым, біреу – бұл қарынның аштығынан емес, қазақтың қадірінің қашқандығы.Рухани аштар. Біреулер ойбай, несін айтасың, бәрі қымбат, қайтсін дейді. Қалай болғанда да адам адамгершілік сипатынан айырылмау керек. Адамды хайуаннан ерекшелендіріп тұратыны – адамгершілігі, кісілік болмысы, тәрбиесі, санасы, ұят, ар деген ұлы қасиеттері.
Әйтпесе, малда су ішіп, азық жейді. Бірақ мал ойланбайды.
Өзімнің көп жылдар бойғы түйгенім, бүгінгі адамдарға рухани тәрбие жетпейді.
Кітап оқымаймыз. Ұлттық идеология жоқ!
Өнегелі әңгіме тыңдамаймыз. Жақсы мағыналы терме, дәстүрлі ән, күй тыңдамайды бүгінгілердің көбі.
Жақында бір үлкен шарада терме айтты бір қыз. Терме бастала сала адамдар тұрып-тұрып кетіп жатты.
Қазақ үшін қатты ұялдым. Жанымда өзге елден келген қонақ отырды.
– Бұл терме ғой. Термеде ұлттың рухы бар ғой. Қалай? Неге? – дейді.
Өзі жүгіріп барып терме айтқан қыздың қолын алып, рахмет айтты.
Ал біз…
Жеңіл-желпі желкілдеген, мән-мағынасы жоқ, даңғаза ән, адам ұялатын қимыл-қозғалыстағы би, есірік әңгіме, өсек, төсек тақырыбы, баланы қойшы, қарт-қариялардың қадірі қашып, тик-токта би билеп кеткені, тойдағы арсыз әңгіме, ұятсыз би, осының бәрі адамды аздырып, адами келбеттен айырып болды. Қарапайым еңбек адамы, өз ісінің майталмандарын, адал еңбекті, қазақтың ұлттық құндылығын дәріптемейміз, олар емес, ақша, байлық, жылтырақ өмір, материалдық құндылық алға шықты.
“Жұлдыздыққа” құмармыз. Өскелең ұрпақта соларға еліктеп жылт етіп тез жанғысы келеді. Болашақты ойласақ, ТВ, әлеуметтік желіде “жұлдыздарды” өнеге етуді қоюымыз керек.
Ұлт болмысын ашатын, ұлт құндылығын дәріпейтін ТВ бағдарламалар керек.
Бірақ бізде тпті ұлт тақырыбын көтергендерді хабарларға шақырмайды, “артық сөйлеп” қояды деп, жиындарға шақырудан қорқады.
Артық сөз – ұлт тақырыбы. Біреу емес, өзінің ұлты жайлыдан қорқады!
Өйткені табанының бүрі жоқ. Тыңдайтын жүрегі жоқ. Осылайша, өзінің ұрпағына да, ұлт болашағына да өз қолымен балта шабады. Ал солардың кейде ұрпақ тәрбиесі деген сөзімен, ертеңіне алаңдаған “түр” жасап алғанын көргенде қайран қаласың?
Ұлттық жобалар ешқашан қолдау таппайды. Неге? Өйткені рухани аш, бүгінгі жейтін азығын ойлайтын адамдарды басқару оңай.
Бірақ дәл бүгінгі қоғам, билік ертең соның зардабын шегеді. Ұлттық негізді бүгін қолдамағандар, ертеңгі ұлт болашағына өз қолдарымен балта шауып жатыр.
Күні ертең мұның зор сұрауы бар.
Болашақ ешқашан кешірмейді.
Тарихшы ретінде айтарым, руханияты қүлдыраған қанша мемлекет жер бетінен ізсіз жоғалып кетті.
Оларда кезінде даңғаза өмір кешті. Ертеңін ойламады.
Бүгінде олар жоқ!
«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсыновтай, “Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті” деп Мағжан Жұмабаевтай, «Арқамыздағы жүкті жетер жеріне жеткізіп кетелік, келер ұрпаққа ауыр жүк қалдырмалық» деген Әлихан Бөкейхандай сынды Алаш зиялыларының аманатын “жиын, той, форуммен” емес, нақты атқарып, Ұлт аманатына, Ұлылар аманатына берік болуымыз керек. Өкініштісі, оны ұғатын да, еститін де аз.
“Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие беру мектебі жобасымен шырылдап жүргеніме неше жыл.
Нақты қолдаушылар өте аз. Қолдайтын қарапайым халық.
Марқұм Мырзагелді Кемел ағамыз “Қара шаңырақты” жан-тәнімен түсінген еді. Сол Мырзағам бүгін жоқ!
Ал “Қара шаңырақтың” тіпті ғимараты да жоқ!
Қазір күз келді екі киіз үйді қайда қоямыз деген уайымымыз зор.
Іші құндылыққа толы киіз үйімізді ғимаратқа қойып, құндылыққа толы “Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие беру жобасын жүргізім, ұлт болашағын тәрбиелегіміз келеді-ақ. Бірақ бұл түйін шешімін әлі тапқан жоқ.
Нәтижесі жоқ, бір күндік шараларға қаражат бар, ал ел ертеңіне керек дүниеге келгенде сараңбыз.
Біз өзіміздің ақырғы деміміз қалғанша баламыз үшін ғана емес, сіздің де, оның да, басқаның да, бар қазақтың баласы үшін қызмет еткіміз келеді.
Пафос болып көрінер біреу үшін, бірақ ұлт болашағын ойласам, жаным ауырады. Жаным ауырса, тәнімнің ауруы шығады. Жата алмаймын. Өйткені бұл жерді, бұл елді, бұл тілді, ұлттық құндылықты бабаларымыз бізге аманаттап кеткен.
Маған да, сізге де!
Қарапайым қазаққа да, шенді, шекпендіге де, бизнесменге де!
Бәріміз жауаптымыз.
Бәріміз сол бабалар аманаттап кеткен жердің киелі топырағын басып, суын ішіп, нанын жеп, сол жерде өсіп-өніп, байып жатырмыз.
Ал аманатқа қиянат келтірмеу бұл -сол қазақтың осы ұлы құндылыққа ие болар, өрелі, рухты, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелеу екенін ұмытып кетеміз.
Түрлі ажырасу, зорлық-зомьылық, әйелдер т.с. дертпен “күресетін” орталықтар ашады, ал сол “асқынған індеттердің” алдын алатын Ұлттық тәрбие орталығы қажет емес.
Небір Ұлттық комиссия, кеңес, тіпті Ұлттық құрылтай бар. Бірақ рухани азық беретін бір нәрсе жоқ!
Бала тәрбиесі кері кетіп барады. Мұны еститіндер жоқ!
Осы қазақтың баласы саған ғана керек пе, шырылдауыңды қойшы, енді, міне тағы ауырып жатсың, өзіңді ойлашы, ауырып қалсаң, кімге керексің, жаным деп ұрысты күні кеше үйге хал-жайымды білуге келген құрбым.
Мектеп, балабақшаға барып ертегі оқып, кездесу жасап, ата-аналармен кездескеннен кейін қатты уайымдаймын. Текті қазақтың, болмысы таза ұлттың бүгінгі ұрпағы неге кері кетті?
Ертегі оқымайтын, мақал-мәтел білмейтін, ұлттың рухани мәйегінен сусындамаған ертеңіміз қалай болмақ?
Үлкенге құрмет, кішіге ізет қайда, ар, ұят, обал, сауап қайда? Ертеңіміз не болады? Осы ойлар маза бермеген соң, жата алмаймын. Титтей де болсын көмегім болсыншы, бір қазақтың баласына пайдам тисе, ертең ол айналасына айтады.
Ақырын-ақырын қоғам солай түзелер деп ойлаймын. Әр қазақ жанымыздағы баланы жақсыға тәрбиелеп жүрсек, бәлкім жақсы болар деймін. Әйтпесе, баласын қоқысқа тастады, зорлады, қорлады, өлтірді,-деген жантүршігерлік оқиғалар күннен-күнге белең алып барады.
Ұлт болашағы таразыға салынғанда сенің балаң, менің балам,-деп емес, ұлттың баласы деген ой болу керек.
Әйтпесе, сенің балаңды қорлап жатырма, нең бар дейтін немқұрайымдылар бар бүгінде.
Бүгін бала -ертеңгі ел азаматы. Мемлекеттің тірегі, кірпіші.
Ал олардың іргетасын бүгін біз қалап жатырмыз.
Оларды ұлтшыл, өнегелі, өрелі, рухты етіп тәрбиелеуде ата-ана да, қоғам да, мемлекет те жауапты.
Ұлттың берік, мығым іргетасы -бүгінгі ұрпақ қолында, ал бүгінгі ұрпақ- біздің буынның қолында.
Ал күні ертең олардан алғыс есту, не қарғысына қалу да өз қолымызда!
Ұлт болашағы үшін азаматтық қоғам болып бүгін бірікпесек,болашығымыз бұлыңғыр.