Басты бет » Жаңалықтар » Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл

Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл

Асхат Аймағамбетов, 

Оқу-ағарту министрі

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы, ұлы ағартушы, ұлттық тіл, әдебиет ғылымын қалыптастырушы кемеңгер-ғалым.

Биыл ел руханиятының көсемі, қыр баласының сауатын ашып, халқымызды өркениеттің төріне шығаруды өмірінің мұраты қылған Алаштың ардақты азаматы, ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі.

Ұлы ұстаздың қалдырған еңбектері — біз үшін баға жетпес мұра. Оның өмірі мен шығармаларын келешек ұрпаққа насихаттау және жастардың санасына сіңіру руханиятымыз үшін әрқашан да өзекті.

1920 жылы алғашқы болып еліміздің оқу-ағарту комиссариятын басқарған.
Ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен ұлт ұстазының өмірі, еңбегі еліміздің ұстаздар қауымы үшін басты бағыт, өнеге болуы керек!

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін, — дейді Ахмет Байтұрсынұлы өлеңінде.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде «Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы» деп айтқан болатын.

Президентіміз атап өткендей, өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді.