Басты бет » Жастар үні » Олимпиада үздіктері қаржылай сыйақыға ие болды

Олимпиада үздіктері қаржылай сыйақыға ие болды

Халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері марапатталды.

Биыл еліміздің дарынды оқушылары 27 медаль жеңіп алып, өткен жылдардағы рекордты жаңартты. Үздік танылған шәкірттерді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов құттықтап, сертификаттар тапсырды.

Биыл құттықтаудың өзі де балалар, олардың ата-аналары және мұғалімдер үшін ерекше қуанышты болды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында 27 жеңімпазға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табыстадық. Бұл Президенттің дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды, – деп жазды Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Үздік түлектер ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттарға ие болды. Бұл игі бастама болашақта да жалғасын табады.

Министрлік мәліметінше, биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады. Жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алады. Дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хаттар табысталды.

– Ел Президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушылардың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол. Халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғаған барлық жеңімпазға тағы да алғыс айтамын. Бойларыңыздағы табандылық, қажырлы еңбек, білімге деген құштарлық қасиеттеріңіз сіздерді жаңа жеңіс пен табысқа жетелей берсін! – деді министр.