Басты бет » Жастар үні » ОРАЛДЫҢ ҮШ ОҒЛАНЫ ОҚЫРМАНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ОРАЛДЫҢ ҮШ ОҒЛАНЫ ОҚЫРМАНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Алматыдағы әдеби орта «Оралдың үш оғланы» деп мойындаған ақындар Орал қаласындағы Қадыр орталығында «Аңсаттың Жайық…» атты жыр кешін өткізді.

Кеш барысында жас ақындар Шерхан Талап, Асылан Тілеген және Айбол Исламғалидың кітаптарының тұсаукесері өтті. Дос, құрдас үшеуін бір-бірінен бөле жаруымыз артық. Себебі бұлар сонау Алматыда шаһарында бірге білім алып, бір жатахана, бір бөлмеде жатып, студенттік шақтарды бірге өткізген тамаша, талантты ақындар.

«Үшеуміз бір кездері Оралдан Алматыға бірге аттанып едік. ҚазҰУ-дың филфагында қатар оқып, алғаусыз шақтарды бірге бастан өткердік. Өлеңнің де, өмірдің де өртін бірге кештік. Өткен жолы жарық көрген кітабымыз да сол аяулы кездердің тәтті естелігіндей.

Пышақтың қырындай шағын кітабымызды сағыныш аңқыған құшағымызға басып, туған елге жол тартып барамыз. Жайық жұртына сәлем беріп, жыр жинағымыздың тұсауын кесіп, ағайынның батасын алсақ дейміз. Кештің аты да сол себепті: «Аңсаттың, Жайық…», – дейді ақын Шерхан Талап.

Жыр сүйер қауыммен кездесуде ақындар студенттік шақтары, ақындық жолдары жайлы әңгімелер өрбітіп, өлеңдерін оқыды.

Қадыр орталығы директорының орынбасары Сәуия Темірова сөз сөйлеп, үш ақынға Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы басшысы Сайран Дүйсеновтың Алғыс хатын табыстады.

Шерхан Талаптың «Катарсис» атты кітабының тұсауын Жазушылар Одағының мүшелері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері Қазбек Құттымұратұлы мен Танакөз Толқынқызы кессе, Айбол Исламғалидың «Жетінші авенью» кітабының тұсауын Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, ұстаз Талап Таймасұлы мен Журналистер Одағының мүшесі, ақын журналист Тілес Жазықбай кесті. Ал Асылан Тілегеннің «Хадия» кітабының тұсаукесерін Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ пен Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист Мұнайдар Балмолда жасады.

Шарада «BatysStar», «Гранд мен» топтары, Сиғватулла Ешкаев, Әділ Ахметовтер ән айтып, Берік Шаймарданов күмбірлеген күй шертті.

Шара соңы ақын Асылан Тілегеннің «ZIYAT» кітап дүкенінің жәрмеңкесіне ұласты. Кеш қонақтары мен қала тұрғындары таппай жүрген қазыналарын осы жерден тауып, қуанысып жатты.

Қадыр орталығының баспасөз қызметі,
Орал қаласы