Басты бет » Жүдеу ой » Жасөспірім қыз қапыда қанішер қолынан қаза тапты

Жасөспірім қыз қапыда қанішер қолынан қаза тапты

Күні кеше Жетісу облысы Панфилов ауданында жантүршігерлік қылмыстың беті ашылды. 15 жастағы оқушы қызды ауылдың 38 жастағы тұрғыны зорлап, артынша өлтіріп, денесін өртеп жіберген. Аталған жайтқа байланысты елдімекенге күштік құрылымдар тартылды.

Жетісу облысы әкімдігі Панфилов ауданы Шолақай ауылында орын алған оқушы қыздың өліміне байланысты мәлімдеме жасап, қылмысқа қатысы бар, бұрын сотталған 38 жастағы күдікті ұсталып, қамалғанын, оның үстінен кәмелет жасына толмаған қыз баланы зорлау және өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

«Қазіргі таңда полиция тарапынан тергеу амалдары жүруде. Қылмысын мойындаған күдіктіге заң аясында қатаң жаза қолданылады. Ал жекелеген әлеуметтік желілерде қыз баланы ұлты басқа бірнеше азамат зорлап өлтірген деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Бұл жерде ұлтаралық мәселенің де еш қатысы жоқ. Қазір Панфилов ауданында жағдай тұрақты. Облыс әкімшілігінің, құқық қорғау органдарының бақылауында» делінген Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесінде.

****

Осы оқиғаға байланысты жазушы Қанат Әбілқайыр аталған ауылға барып, мән-жайға қаныққанын айтып ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына дат айтты. Оны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариядады. 

ТОҚАЕВҚА ДАТ һәм ШОЛАҚАЙҒА БАРҒАНДА ТҮЙГЕН ОЙ

Құрметті, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза!

Кеше түстен кейін намаздыгер уағында Жетісу облысы, Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылына барып, он екіде бір гүлі ашылмай жатып, әкесіндей адамның айуандығын көріп, пәни дүниемен қоштасқан Құралай Ерболқызы Қисабекованың әке-шешесі, бауыр-туғандарына көңіл айтып қайттық.

Жылаған аналардың зары сай сүйегіңді сырқыратады. Жас қыздың адам аузымен айтуға келмейтін айуандықпен мезгілсіз қаза табуы кеудеңе өксік тығады.

Осы бір оқиғаның жай-жапсары, педафилдің жантүршігерлік қылмысы әлеуметтік желілерде жан-жақты талқыланып жатыр.

Түрлі қауесет әңгімелердің де етегі түріліп, ел алаңдаулы.

Халық сондай қауесеттерге еріп кетпеу үшін, жауырды жаба тоқымай тек ақиқат айтылуы керек.
Ол ақиқаттарды сұрақ жүзінде өзіңізге жолдауды жөн деп таптым.

БІРІНШІ СҰРАҚ

Құрметті, Президент мырза!

Біз қазаға көңіл айтқаннан кейін аудан әкімі, ақы иелерімен (қыздың туыстарымен) және осы ауылдағы ұйғырлардың «жігітағасымен» сөйлестік.

«Жігітағаның» айтуына қарағанда, қайтыс болған қыз сол ауылдағы кафеде даяшы болған.

Кәмлеттік жасқа толмаған қаршадай қыздың түннің бір уағына дейін қазаны қыз-қыз қайнайтын, бұқара көңіл көтеретін жерде жұмыс істеуі қаншалықты заңды?

Мектеп оқушысының ақша табуы әлеуметтік жағдайы төмен отбасына аз да болса көмек шығар, бірақ Құралай педафилдің көзіне сол кафеде жұмыс істеп жүріп түспеді ме екен деген ой маза бермейді.

Бұл жайт мектеп жасындағы, кәмлеттік жасқа толмаған балалардың еңбек күшін пайдалануды түпкілікті тиятын заңды қатайту керектігін көрсетпей ме?

Бұл жөнінде неше күннен бері балалалардың құқығын қорғау жөніндегі құзіретті мекемелер неге үнсіз жатыр?

ЕКІНШІ СҰРАҚ

Құрметті, Президент мырза!

Осыған дейін Құралайдың отбасының әлеуметтік жағдайының төмендігі, бес баласы бар жанұяны әкесінің бір өзі ғана асырап келгені, анасының денсаулығының еңбек етуге жарамсыздығы айтылған жоқ.

Яғни, қаршадай қыздың бесіктен белі шықпай жатып, білегін сыбана еңбек етуге құлшынуы оның өмірге деген құштарлығын көрсеткенімен, бұл жерде көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмектің мардымсыздығы төбе көрсетеді.

Әр балаға берілетін он екі мың теңгеге жетпейтін ақша, қаншама көпбалалы отбасының балаларының қара жұмыс істеуіне тікелей әсер етіп отыр.

Сондықтан, көпбалалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмектің көлемі ұлғаюы керектігі байқалады. Бұған не дейсіз?

ҮШІНШІ СҰРАҚ

Құрметті, Президент мырза!

Бұл оқиғаға қатысты қазір ұлтаралық араздық туғызатын әңгімелер де айтылып жатыр. Мұндай әңгімелердің өршуіне күдікті Ахметов Рустамның өзге этнос өкілі болғаны себеп. Мұндай жағдайлар біз қалайық, қаламайық бәрібір ұлттық сипат алады.

Рас, егер Құралай отбасының әлеуметтік ахуалы жақсы болса, күдікті ол үйді басынып, қызын ұрлап кетіп, зорлап, пышақтап өлтіріп, сосын өртеп, көміп тастауға әлі келер ме еді, осылай басынар ма еді?!

Күдіктінің осыншашық хайуандыққа баруына, есесі кеткендей мәйітті қорлауына не себеп? Жағдайы төмен отбасын басыну ма, я күдіктінің мемлекет құраушы ұлтқа деген жеккөрініш сезімі ме?

ТӨРТІНШІ СҰРАҚ

Құрметті, Президент мырза!

Күдікті бұған дейін 3-4 рет үйленген. Кәмлеттік жасқа толмаған қызды зорлап, түрмеге қамалған. Мерзімін толық өтемей, бостандыққа шыққан. Педафилдің жазаға берілген жеті жылдың үш-ақ жылын өтеп, уағынан бұрын босауына кімдер септесті?

Біздің елде мұндай «қамқорлыққа» ие болып, абақтыдан босау ісі негізінен парамен жүзеге асады. Оны түрмеден босатып алуға барын салып жүгірген кімдер, босатқандар ше?

Абақтыдан босай салып, тағы қыз зорлап, қылмысты жабу үшін сол қызбен үйленіпті. Осының бәрін үйлестірген, үйлендіруге көндірген кімдер? Қылмыстың бетін жауып, қаршадай тағы бір қыздың өмірін ойран еткендер осылай жазадан сытылып, тысқарыда қалып кете бере ме?

БЕСІНШІ СҰРАҚ

Құрметті, Президент мырза!

Құралай Ерболқызы 21-шілде күні жоғалып, 28-і табылды. Шынашақтай қызды ауылдың қазақ-ұйғыры болып, жабылып іздеген. Дрондар ұшырылып, ауыл адамдары табанынан таусылған. Арнайы әскери иттер тартылып, иіс арқылы ізін қуған. Ит дереу қазір күдікті деп танылған азаматтың үйіне барған. Бірақ, неге екені белгісіз күдікті сол сәтте сұрауға алынбаған. Күдікті әбігерге түскен жұртты сыртынан бақылап, жеті күн бостандықта жүрді.

Бұған дейін де осындай қылмыстарды басынан өткерген, арнайы бақылаудағы адам неге алдымен тексерілмейді?

Із кесуші иттің тура сол үйге баруы, сөйте тұра құқық қорғаушылардың күдіктіні тергемеуінің астарында не жатыр?

«Ұлтараздығын қоздырмауға» деген құлшыныс па?

АЛТЫНШЫ СҰРАҚ

Құрметті, Президент мырза!

Мәйіт табылған жерге жәбірленуші тарапты, ақы иелерін жолатпаған. Қыздың мәйітін ашып көруге рұқсат бермей жерлемекші болған. Оған туыстары көнбей, арнайы орамды кеуде тұсына дейін ғана шешіп көріпті.

Мұның бәрі жантүршіктірер қылмыстың соңы шуға айналмасын деген оймен жасалып жатыр ма?

Жаназаны уағынан бұрын өткізу, мәйітті ақы иесіне көрсетпеуге тырысудың астарында не бар?

ЖЕТІНШІ СҰРАҚ

Күдікті шынашақтай қызды қорлап, артынша бірнеше жерден пышақтап өлтірген. Сосын бұзылған қорадан қалған қабырғаның түбін тізеден келетіндей етіп қазып, мәйітті сонда тастап, үстін қоқыспен бастырып өртеген. Сосын, әлгі қабырғаны құлатқан.

Яғни, күдікті қылмысын жасыру ісінде аса қатты асықпағаны көрінеді. Ұйғырлардың жігітағасы һәм ақы иелерінің айтуынша, әлгі қабырғаны жалғыз адамның құлатуы мүмкін емес көрінеді.

Яғни, ел дүрлігіп, табанынан тозып қызды іздеп жатқанда бар болғаны бес шақырым жерде жалғыз адамның жер қазып, мәйітті өртеп, үлкен қабырғаны құлатып жатуы көңілге күдік ұялатпай ма?

Қылмысты жалғыз күдікті мойнына алып, басқаларына (болса әрине) жазадан сытылып кетудің сценарийі сызылып жатқан жоқ па?

ТҮЙІН ОРНЫНА

Құрметті, Президент мырза!

Қазақстан халқы мен Шолақай тұрғындары өзіңізден жоғарыдағы сұрақтарға жауап күтеді.

Қылмыскерде ұлт болмайды деп жатамыз. Сөйте тұра, әр жыл сайын осындай шу шыққан мекенге күштік құрылымдарды жұмылдырып, қауіпсіздік шараларын күшейтуге мәжбүрміз.

Осыны болдырмаудың жолын неге іздемейміз? Әр түрлі этностар шоғырлана қоныстанған мекендердегі идеологиялық жұмыстарды күшейтіп, Шолақай сынды ауылдардағы мектептің һәм көшелерінің атауына дейін қазақыландыруға не кедергі?

Жап-жас қыздың жаназасы біздің қазіргі қазақ халқының әр отбасын айнадан көрсетіп тұрғандай…

Жуаспыз, қорғансызбыз, әлеуметтік жағдайымыз да мардымсыз, сүйенер заңымыз және жоқ.

Мұндай елде педафилдің «тәртібінің түзу» болып, бостандықта жүруі ешкімді де таңғалдырмаса керек.

Ол педафил осы қиянатты біз білетін үш қызға ғана жасады ма? Жоқ, әлде Құралайдың күйін кешіп, «тіріөлік» болып жүрген басқа да бүлдіршіндеріміз бар ма екен?

Бар болса, оған кім жауапты?

Қанат Әбілқайыр, жазушы

Алматы—Шолақай—Алматы