Басты бет » Жаңалықтар » НАУРЫЗДА бата-тілектердi қабыл ет!

НАУРЫЗДА бата-тілектердi қабыл ет!

НАУРЫЗҒА 100 бата-тілек!

1. Кемістің кемтігін толтыр,
2. Олқының орнын толтыр,
3. Үйсізге үй,
4. Күйсізге күй,
5. Баласызға перзент бер!

6. Дертке дауа,
7. Басқа амандық,
8. Көңілге түгелдік,
9. Елге тыныштық,
10. Басшыға хидаят бер!

11. Ажалға сабыр,
12. Сабырсызға тоқтам,
13. Санасызға сана,
14. Қатігезге мейірім
15. Ұятсызға иба бер!

16. Ұрпақты саналы,
17. Қызды ұятты,
18. Ұлды ұлықты,
19. Келінді ибалы ет,
20. Отбасына береке бер!

21. Адал асыңды,
22. Ғұмырлы жасыңды
23. Қадірлі қарттығыңды
24. Нәмәртқа мәрттікті
25. Сараңға жомарттығыңды бер!

26. Сәждеге басы тигеннің күнәсін,
27. Намазының қазасын
28. Дәреті мен құлшылығының кемісін,
29. Ғайбат айтқан сөздерін,
30. Пәндәуи қателегін кеше гөр!

31. Кісіге қиянаттан аулақ ет,
32. Пендеге кіріптар қылма,
33. Күншілге көрші қылма,
34. Жақсыға жолдас,
35. Жаманнан қашық ет!

36. Имансыз қалудан сақта,
37. Арсызға жем болудан сақта,
38. Тәубеден жаңылдырмай,
39 Тобаларды қабыл ет,
40. Шүкір еткеннің шекесін шылқыт!

41. Қанағаттыға еселеп,
42. Төзімдіге төгіп бер.
43. Төзімсізге төзім
44. Сезімсізге сезім бер,
45. Ар, ұят, иман, сенім
бер!

46. Заманның зұлматынан сақта,
47. Қоғамның соқырлығынан,
48. Басшының таяздығынан,
49. Қосшыларының жағымпаздығынан,
50. Ұжымдастың аярлығынан сақта!

51. Көңілдерді көрікті ет,
52. Аллаға жағар амал бер,
53. Пейілге кеңдік,
54. Ниетке тазалық беріп,
55. Адастырмай, түзу ет!

56. Мұсылманға пана бол,
57. Жетімді жебеп, жылатпа
58. Қазақты төмен қаратпа,
59. Көк байрағын шаншылтып,
60. Назарын жұрттан биік қыл!

61. Асытпа, тасытпа, сонда халықты
62. Тәубесінен жаңылдырмай
63. Мәңгілік ете гөр ғұмырын,
64. Басынан бағын тайдырмай,
65. Тіл-көзден сақта жұртымды!

66. Кәсіпке адалдық
67. Байға ынсап,
68. Кедейге молшылық
69. Малсызға мал
70. Талансызға талан бер!

71. Дарындыны сүріндірме,
72. Өнеріне шабыт бер,
73. Шығармашылық табыс,
74. Биікке жетелер мұрат бер,
75. Сол шыңға шығар қуат бер!

76. Жаманға жалындырма,
77. Тексізбен дос ете көрме, жаласы болар,
78. Жетімінің көз жасына қалдырма, наласы болар.
79. Құдаға қадірлі ет,
80. Ағайынға айбынды ет!

81. Дастарханның берекесін бер,
82. Отбасысының мерекесін бер,
83. Тілектерді түгеспей, үзілдірмей, үзбей бер.
84. Адамның алалауынан сақта
85. Нақақтан қаралаудан сақта!

86. Жаратқан ием Жар бол,
87. Қалаулы пендеңнің қатарынан ет,
88. Нығметке бөлер құлдарыңнан қыл,
89. Бәсіреңді бөліп бер
90. Несібеңді толық бер!

91. Бере көр,
92. Мейіріңді төге көр,
93. Айдан аман,
94. Жылдан жарылқап,
95. Белшемізден батыра көр!

96. Халқымның бірлігін,
97. Жерімнің тұтастығын,
98. Тәуелсіздікті баянды ғып,
99. Тілімнің мәңгілік ғұмырын бер!
100. Ия, Алла, пенделеріңнің тілегін беріп, жүректерге иман мен сабыр ұялата көр!

/Анар Төлеухан/

Сурет ғаламтордан алынды