Басты бет » Жаңалықтар » Депутат Нұртөре ЖҮСІП: Бүгінгі жастарTikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр

Депутат Нұртөре ЖҮСІП: Бүгінгі жастарTikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр

ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстан 30 жыл ішінде ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алғанын айтты.

«Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. «Менің мемлекетім», «менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, негізінен Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр»,- деді Нұртөре Жүсіп.

Депутат қоғамда еңбек ету, адал мал табу, Отанға, мемлекетке адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, әділет, ар, ұят ұғымдары кейінге ысырылып қалғанын жеткізді.

«Өз ордасын өзі ойрандайтын, бұл әрекет үшін бір сәтте ойланбайтын қаніпезерлік қайдан шықты?! Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, қыңыр ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұл-қызға дұрыс тәрбие бермесек, тұлға қалай шығады?», — дейді сенатор.

Нұртөре Жүсіп былтыр сенатта өткен парламенттік тыңдауда бес құндылық, атап айтқанда тәуелсіздік пен тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр мен отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарылғанын еске салды. Үкіметке, тиісті министрліктерге ұсынымдар берілген. Алайда, депутаттың сөзінше, соның бірде бірі назарға алынбады.

«Айтылған сөз айтылған жерде қалды. Сізден сол парламенттік тыңдау материалдарын үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды, соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін», — деді Жүсіп премьер-министрге.

Бұнымен қоса сенатор үкімет жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, үкімет мүшелері өз жұмысын бөлек-бөлек істейді. Әр ведомство өз көрпесін өзіне қарай тартады. Ортақ бағыт, ортақ жоспар, үйлесімді іс-қимыл жоқ.

Сондай-ақ ол мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа теледидар мен БАҚ-тағы хабарларға назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанның ақпарат кеңістігі қаптаған шоу мен мән-мағынасы шамалы телехабарларға толып кеткен. Барлық телеарна рейтинг қуу ісімен айналысады.

Нұртөре Жүсіп ұлттық мемлекет құрып жатқанда, ешқандай рейтингтің қажеті жоқ деп отыр. Оның айтуынша, Елдегі жетекші арналардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыс есебінен бюджеттен қаржыландырылады.

Оларға «рейтинг» не үшін керек деп сұрақ қойған депутат, «Ел Арна» және «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер арнасына айналдыруды ұсынды.

Мұндай контентті жасау қажеттілігінің маңыздылығын екі ай бұрын ел Президенті атап өткен болатын.

Сондай-ақ, депутат білім беру, жастарды рухани тәрбиелеу, жасөспірімдер үшін цифрлық жобалар жасау және жұмыссыздық мәселелерін шешу салаларында бірқатар нақты мәселелерді көтерді.

«Үкімет басшысынан осы айтылғандарды және Сенат қабылдаған Ұлттық құндылықтар туралы ұсынымдар мен әлеуметтік желідегі пайдалы ұсыныстарды тезірек елекке салып, нақты іс-қимыл жоспарын жасауды сұраймын. Ешкім бізге жаңа мемлекет құрып бермейді. Бізге іргесі берік қоғам керек. Жаңарған Қазақ Елі керек! Осыны күн сайын есте ұстау керек», — деді сенатор.