Ол туралы дипломат Сайлау Батырша-ұлының еңбектерінен біле аласыз!
Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 30 жыл. Ал еліміздің тәуелсіздік алуда кездескен кедергілер мен қиындықтар туралы, сол жолда белсенді қызмет атқарып, күрескен тұлғалар туралы қаншалықты жақсы білеміз?
Сондай белгілі тұлғалардың бірі – Қазақстанның тәуелсіздік ел атануына өлшеусіз үлес қосқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Дипломатия қызметіне еңбек сіңірген қайраткер Сайлау Батырша-ұлы. Ол Кеңес заманынан бастап 50 жылдан аса уақыт дипломатия саласында қызмет атқарды. Қызмет барысында қандай да кедергілерге тап болып, қызметінен шеттетілсе де әрқашан шындықты дәлелдей білді. Қайсар мінезді қайраткер тіл мен ұлттық мүдде жолында да басын бәйгеге тігіп күресті.
Дипломатия саласының корифейі, ардагері Сайлау Батырша-ұлы әлі де елдегі қоғамдық қызметтердің бел ортасында. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының, «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қоғамдық қорының төрағасы, сонымен қатар Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, аталған оқу орнында ұстаздық етіп, Л. Гумилев атындағы Халықаралық қатынастар факультетінде шәкірт тәрбиелеуде.
Биылғы тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында дипломат Сайлау Батырша-ұлының Кеңес Одағы жылдарындағы қазақ дипломатиясы, тәуелсіздік үшін күрес, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы дипломатиялық қадамдар, жалпы қазақ дипломатиясының дамуы, бүгіні мен ертеңі туралы жазылған «Дипломат жазбалары» атты екі томдығы, «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты екі томдық кітабы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жарық көрген «Өнегелі өмір» атты кітаптары оқырманға жол тартты.
Кітаптарда дипломаттың атқарған ұзақ жылғы қызметі, мемлекеттік және қоғамдық істері туралы еңбектері енгізілді. Сондай-ақ, С. Батырша-ұлының еңбектері мен мақалалары берілген. Қазақстанның ішкі саясаты және Республиканың сыртқы саясаты қамтылған көлемді материалдар жарияланған.
Сондай әсерлі естеліктердің біріне тоқталсақ, 1991 жылы бұрынғы Совет Одағы делегациясының құрамында Сайлау Батырша-ұлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сессиясына қатысады. Сол жолы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде 24 қазан айында пресс-конференцияда «Халықаралық құқықтарына және БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болуына толық правосы бар және тәуелсіздікке шығады» деп тұңғыш рет батыл мәлімдеме жасайды. Интервью Совет Одағы Телеграф Агенттігінің (ТАСС) корреспонденті Евгений Менкеске береді. «Вступит ли Казахстан в ООН?» деген материал бүкіл әлемге және одақтас республикаларға тарайды. Бұл мәлімдеме дипломатиялық жолмен елді тәуелсіздікке жетелейтін шыңы еді. Алайда интервью республикалық радио, теледидар және газеттерде жарияланбады. «ҚазТАГ» басшысы интерьюді министр А. Арыстанбековаға көрсетіп, жариялауға келісімін сұрайды. Министр бұл материалды шығаруға тыйым салады. Сонымен, тәуелсіздік үшін «басын бәйгеге тігіп, не болса да көрейін» деп дипломат Нью-Йорк қаласынан сұхбатты факспен республикалық гезеттеріне жолдайды. Газеттер интервьюді жариялап жібереді.
Сұхбатты оқып, жұртшылық қуанып жатқан кезде, СССР-дың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіліне Алматыдан министрден телеграмма келеді. Онда С. Батырша-ұлын елге тез қайтару туралы айтылған екен. Елге оралып, дүйсенбі күні жұмысқа барса, министр қабылдамайды. Тек көмекшісі «Вы в своем интервью совершили политическую ошибку, министр передала, чтобы вы написали заявление об уходе по собственному желанию» дегеніне Сәкең бұл шешіммен келіспейтіндігін білдіреді. Бір апта бойы жұмыстан кетпей, кабинетінде отырып алады. Ақыры, іс Президент Н. Назарбаевқа жетеді, ол Сәкеңнің халықаралық аренадағы, Нью-Йорк, Вашингтондағы тәуелсіздік үшін дипломатиялық іс-әрекетін қолдап, жұмыста қалдырады.
Нью-Йоркте дипломат Президенттің тәуелсіздікке қалай қол жеткіземіз деген ойын жүзеге асыру жолдарын іздеді. 1991 жылғы қазан айында Совет Одағының делегация мүшесі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблея сессиясына қатысып, АҚШ астанасы Вашингтонға арнайы барып, бірінші қазақ дипломаты ретінде Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаментіне кіреді. Бұдан бұрын Қазақстан сыртқы істер министрлері БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысқан, алайда олар Американың сыртқы істер ведомствосына бас сұққан жоқ. Орталық Азия басқарма бастығына Қазақстанның тәуелсіздікке баратынын мәлімдеп, саяси қолдау сұрайды. Өйткені сол уақытқа дейін Вашингтон Қазақстан Ресей Федерациясы құрамына кіреді деген ойда жүрді. Сондықтан Қазақстанда орналасқан ядролық қару-жарақ Ресейге өтіп, болашақта Москвамен ғана келіссөз жүргізуге дайындалған. Батырша-ұлы Қазақстанның жеке мемлекет болғаны, Америка Құрама Штаттарына ұтымдылығы туралы түсіндіріп берді. Семей ядролық полигоны, Байқоңыр космодромы, Совет Одағының бұрынғы әскери базалары Қазақстанның меншігінде қалғаны американдықтарға пайдалы екенін ашып айтады. Осы мәселемен Америка конгресменімен кездесіп, оған да жағдайды түсіндіреді. Конгресмен және Мемлекеттік департаменттің жауапты қызметкері қазақ дипломатының мәлімдемесін өз басшыларына жеткізуге уәде берді. Бұл үлкен дипломатиялық демарш болатын. Соның нәтижесінде, АҚШ тәуелсіздігімізді тез арада мойындап, Алматы қаласында бірінші болып өз елшілігін ашты.
16 желтоқсан 1991 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялаған соң С. Батырша-ұлының халықаралық дипломатиялық қызметі күшейе түсті. Ол әр алуан шет елдерде Иран президенті Х. Рафсанджани, Палестина президенті Я. Арафат, Түркия президенті Т. Озал, Өзбекстан президенті И. Каримов, Қырғызстан президенті А. Ақаевпен және басқа саясаткерлермен жүздесіп, келіссөздер жүргізді. Талай шетел делегацияларымен дипломатиялық қатынас орнату туралы келісімге қол қойып, Қазақстанды әлемдік аренаға шығарды.
Бұл – дипломаттың тәуелсіздік жолындағы батыл дипломатиялық қадамдарының бір мысалы ғана.
Еліміздің тәуелсіздік алар тұстағы және одан кейінгі дипломатиялық тартыстарды, бостандық жолындағы батыл қадамдары мен бастамалары «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия», екі томдық «Дипломат жазбалары», кітаптарында нақты деректермен баяндалады. Тәуелсіз мемлекетті нығайту, оны сақтап қалудағы өзекті мәселелер, табанды күресі де кітапқа кеңінен арқау етілген.
Аталған кітаптар дипломаттар үшін ғана емес, тарихшыларға, саясаттанушыларға, журналистерге және саяси-әлеуметтік мәселелермен айналысатын жалпы жұртшылық қауымға арналған. Сонымен қатар, Халықаралық қатынастар мамандығында білім алушы студенттер, магистранттар және оқытушылар үшін қазақ тілінде жазылған құнды еңбектер болып табылады.
Венера Мұратқызы,
«Тәуелсіздік жолындағы дипломатия»,
«Дипломат жазбалары» кітаптарының редакторы