Басты бет » Тіршілік ырғағы » АЛТЫН ТАҒЫҢ БОЛҒАНША, АЛАҚАНДАЙ ЖЕРІҢ БОЛСЫН

АЛТЫН ТАҒЫҢ БОЛҒАНША, АЛАҚАНДАЙ ЖЕРІҢ БОЛСЫН

Баяғыда «Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны; Ойылды келіп алғаны, ойындағысы болғаны»  деп ақылман аталарымыз айтып-ақ кетті ғой. Талай жерден жылай-жылай айырылған халық енді еңсе көтеріп, ел болдым ба деп отырған бүгінгі күні «жерді сату», «қостілділік», «қос азаматтық», «жерге жекеменшік беру» деген секілді өрескел талаптарды қалай ғана бей-жай қабылдай аларсың?!

Қазақстан – жер жүзіндегі күллі қазақтың тарихи Отаны. Бұл Елбасымыз мәртебемізді асырып, жиі айтып жүрген лебіз. Сондай-ақ даусыз ақиқат та. Демек, бұл жер – қазақ даласы, қазақ панасы. Қайсыбіреулердің назарындағыдай, пышақ үстінен бөлісіп ала салатын иесіз топырақ емес. Бағзы заманнан бері ата-бабаларымыз осынау ұлы мекеннің – қасиетті топырақтың тағдыры үшін жан алып, жан берген. Кең-байтақ жерімізді сақтап қалған. Міне, бүгін тәуелсіз ел болып отырамыз. Халқымыз да әлемдегі іргелі ұлттардың қатарынан орын алды. Алайда санамыздың он миллионнан асқандығы туралы айдай әлемге мақтанышпен жар салып жүргенімізбен, сол қазақтың үштен бірі дүниенің түкпір-түкпірінде әлі де тарыдай шашылып жүргендігін қайда қоясыз. Сонда да олардың бір Алладан тілейтіні – қазақ елінің амандығы, Отан топырағының бүтіндігі. Өйткені олар да «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын» деп ғұмыр кешкен қазақтың тұяғы болғандықтан, өздері шетелде қандай күн кешіп жүрсе де «тұғырым – туған жерім бар, Отаным – байтақ елім бар» деген сенімнен айырылған емес. Сталин мен Голощекин қырғынынан бас сауғалап, дүниенің төрт бұрышына тентіреп кеткен қазақтың бүгінгі ұл-қыздары ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде тарихи Отандары – Қазақстанға оралатынына сенеді. Сонда сол Отанындағы қасиетті топырақ ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе, олар үшін де бұдан өткен қасіреттің жоқ екенін бойында қаны, жүрегінде оты-намысы бар адамның сезінбеуі мүмкін емес.

Иә, басқа емес, кешегі өткен Әбілқайыр мен Абылай хандардың осынау даланы қайдағы бір қалталыларға сатып-сатып жіберіп, байлығын оңды-солды шашып, бес күндік жалғанды жалпағынан басып жүруге ақыл-парасаты жетпей қалған жоқ еді ғой… Яғни, олар елімен бірге бодан болуға бас исе де, қара тұяқтарынан хал кеткенге дейін жерден біржола айырылмаудың қаракетін жасады. Нәтижесінде ел тағдыры солай шешіледі де, жер өз елегімізде қала береді.

Рас, егемен еліміз өз басынан нарықтық қатынастарға көшудің недәуір қиын кезеңін басынан кешіріп отыр. Қандай қиын болса да, бұл бағыттан ауытқуға болмайтындығын әлемдік тәжірибелер дәлелдеп берді. Дүниежүзілік қоғамдастықтың жаңа бір мүшесі ретінде, бізді де тығырықтан шығаратын, өркениетті елдермен тереземізді теңестіретін бірден-бір дұрыс жол осы екендігі күн өткен сайын білініп келеді. Ал сол шын мәніндегі, кемел түріндегі нарықтық қатынастардың орнауы – жоспарлы шаруашылық шырмауындағы қауымдық өндірістен қалай шығып, өндіріс құрал-жабдықтарын (жер-су, зауыт-фабрика) жекешелендіру қалай жүргізілумен тығыз байланысты.

Бұл арада басы ашық бір нәрсе, өндіріс орындарының басым көпшілігін мемлекет меншігінен алудың маңызы зор. Алайда, бұл мемлекет меншігіне, атап айтқанда, жалпы халықтық меншікке, соқыр тиын немесе бұрау қалдырмау деген сөз емес қой. Қайта, жалпы халықтық шаруашылықтың қан тамыры тақылетті негізгі тұлғаларын қай елде де, қашан да мемлекет өз меншігінен әсте шығарған емес. Сол арқылы шаруашылық құрылымдарын, нарықтық қатынастардың бәсекесіндегі экономикалық ауыртпалықтан туатын шаруашылық және саяси дағдырыстың алдын алып отырған. Пәрменді мемлекеттік аппарат бізге ең алдымен сол үшін керек. Ондай күш-құдіретсіз ешбір үкімет шаруашылық шаралар мен халықтың әлеуметтік жағдайына белсенді ықпал көрсете алмайды.

Ал қазір бізде нарықтық қатынастарға көшудің, соған сәйкес жекешелендірудің жөні осы екен деп, «бәрін де жоспарсыз, негізсіз, жүйесіз, ту-талақай бөлісіп алып, түп-түгел жекенің қолына ұстатып жіберсек қана, тығырықтан тез шығып, шаруашылығымызды шалқытып жіберетін едік», дейтін аптықпа көзқарас бел алып барады. Мұның негізгі көрінісі мемлекеттің, яғни жалпы халықтың ең басты байлығы – жер-суды саудағы салып, қалталылардың мәңгі меншігіне берсек дегеннен байқалуда.

Мұндай талапты қоюшылар мен қолдаушылардың нені ойлап, нені көздеп отырғандарын бір құдайдың өзі білсін. Ал біз мұны «нарықтық қатынастарды қалыптастырудың қажетінен туындаған шығар» деп түсіне отырып, оларға жер-суды мемлекет иелігінен алмай-ақ, нарықтық қатынастарды ойдағыдай орнатуға әбден болады деген пікірімізді ұсынған болар едік. Оны дәлелдеу үшін айналамызға сәл-пәл боса да көз жіберіп көрейікші. Тіпті алысқа бармай-ақ, іргеміздегі көрші Қытай елінің экономикалық реформадағы тәжірибелері-ақ бізге мол сабақ болары даусыз.

Алып Қытай елі – өз тарихында жерді сату мен жалға берудің қасіретін басынан көп көшірген ел. Сонау 1840 жылғы апиын соғысында құдіретті Ұлыбритания империясынан ойсырай жеңілген қытайлықтар бірте-бірте іргелі елдердің шылауына түсіп, талай-талай теңсіз келісімдерге еріксіз қол қойып үлгірді. Құмырсқадай құжынаған Қытай елін толық бодан етіп барқадар таппасын білген батыс отаршылдары, іріп-шірудің шегіне жеткен Қытай үкіметі арқылы елдің қалаған өңірінен арзан бағамен ұзақ мерзімге жер алып, елді теспей сорғысы келді. Сөйтіп, 1845 жылғы 29 қарашада Британия отаршылдары Қытай үкіметіне «Шанхайдан жалға жер алу ережесіне» қол қойдырып, қытай жерінен тұңғыш рет жер сатып алды. Бұл Қытай тарихында халық намысын аяққа таптаған, ел күнпарағына қара әріппен жазылатын қасіретті күн еді. Осыдан соң жалға жер сатып алу Қытайдың Гуаңжу, Шиямін, Тиянжин, Хонкоу, Жиюжияң сияқты экономикалық жантамыры саналатын, маңызды стратегиялық, аса ірі қалаларында да жүзеге аса бастады. Әрине, бұл олжадан АҚШ, Германия, Франция секілді алдыңғы қатарлы алпауыт елдер де сырт қалған жоқ.

Алғашында жалға берілген жерлерге Қытай үкіметі әкімшілік басқару және заңды иелік құқығын жүргізе алатын еді. Кейін бұл жерлер жалға алушылар тарапынан өз әкімшілігі, өз қарулы күштері бар мемлекет ішіндегі мемлекетке айналып шыға келеді де, Қытай үкіметі бұл жерлердің шекарасына: «Қытайлардың және иттердің кіруіне болмайды!» деген ескерту де жазылып қойылды. Дәл осы тұста бүгінгі Байқоңыр ғарыш айлағындағы Қазақстан азаматтарының жұмыстан қуылып жатуы, оларға «Ресей азаматтығын қабылдасаңдар, жұмыс беріледі» деген талаптары еске түседі екен…

Міне, өз жеріне деген иелік құқығын қалпына келтіру үшін қытай халқы аттай бір ғасырдан астам уақыт қан кешіп, күрескені белгілі. Соның өзінде Хонгонг секілді қалаларын күні бүгінге дейін қайтарып ала алмай отырғандығы да құпия емес.

Өз тарихында осылайша жерді жалға берудің, сатудың қасіретті кезеңдерін басынан кешірген қытай елі Ата заңдарының 1-тарауындағы ІХ бабында: «Кен, су, орман, жайылым, егіс даласы, сазды жерлер, табиғи байлықтар түгелімен мемлекет меншігінде, яғни жалпыхалықтық меншікте болады» делінсе, Х бабында: «Әрқандай ұжым немесе жеке адамның жерді иемденіп алуына, саудаға салуына, сондай-ақ басқа да заңсыз жолдармен өткермелеуіне жол берілмейді» деп ашық көрсетілген. Сөйтіп, жер-судың тек мемлекет меншігінде болатындығын, алып-сатуға тыйым салатындығын заңмен шегелеп бекіткен.

1978 жылғы желтоқсаннан басталған Қытайдың «реформа жасау, сыртқы есік ашу» саясатының бүгінгі күні ғаламат жеміс беріп отырғандығы әлемге мағлұм. Осы 16 жылдан бері Қытай үкіметі ондаған «экономикалық ерекше аудан» немесе көптеген «ашық қалаларды» дүниеге әкеліп, оған сан миллиардтаған шетел инвестициясын салып, мыңдаған шетел иелігіндегі кәсіпорындармен бірлескен кәсіпорындар ашып отырғанмен, дәл қазірге дейін сынық сүйем жердің иелік құқығын ешкімге біржола берген жоқ. Тек оны жалға беру жолымен жердің пайдалану құқығын ғана уақытша өткермелеп береді. Ал жердің басы бүтін сатылып, түбегейлі жекешелендірілмеуіне байланысты қытай елінде нарықтық қатынастар орнамай, экономика керіне кетіп жатпағаны кім-кімге де түсінікті.

Жалпы, ауыл шаруашылығында қытай үкіметі өте сергек те икемді саясат ұстанып келеді. Айталық, Қытай жерінің небәрі 10,6 проценті ғана егістік жерге пайдаланылады. Сол жерді ұтымды пайдаланудың нәтижесінде олар бір миллиард үш жүз миллион халықты азық-түлікпен, қыруар зауыт-фабрикаларын егіншілікпен шикізатымен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда олар бұрынғыдай жапатармағай «үлкен қазаннан» тамақтанатын ұжымдық тірліктің орнына, тек егістік жерді диқандарға кісі басына, сондай-ақ еңбек күшіне қарай жалға беру саясатын қолданды. Нәтижесінде, өз еңбегінің жемісі тек өзіне ғана бұйыратынына әбден көзі жеткен дихандар егіншілікпен белсене шұғылданып, ауылшаруашылық өнімдерінің мөлшерін жедел арттырды. Айталық, жерді жекеге жалға беру тізімі толық аяқталған 1982 жылы 1981 жылмен салыстырғанда өнімділік 11,2 процентке артты. Міне, бұл қытай тарихында бұрын-соңды болып көрмеген нағыз «зор секіру» еді. Осыған байланысты еңбегі жанған диқандардың тұрмыс деңгейі де тез қарқынмен көтерілді. Ескерте кететін тағы бір мәселе – жалға жер алушы жеке, мемлекеттік тапсырысты орындауға, түрлі салық пен басқа да төлемдерді өз уақытында өтеуге және әлеуметтік еңбектерге қалмай қатысуға міндетті. Мұнымен қоса жалға берілген егістік жерді егіс қажетімен басқа да қосымша кәсіптер үшін пайдалану қорғау және күту қатаң міндеттелінген (жайылым мен су айдындары да солай). Диқандардың қосымша кәсіптерімен шұғылдануына да толық мүмкіндік берілген. Егер осы жерлерді Қытай үкіметі әуел баста-ақ, не істесең соны істе деп басы бүтін сатып берген болса, экономикасын дәл қазіргідей өркендету былай тұрсын, күні бүгінге дейін соның дау-дамайынан құтыла алмай, былыққа белшесінен батып жүруі ғажап емес еді.

Көріп отырғанымыздай, тығырықтан шығудың жолы тек жер-судың иелік құқығын сатуда ғана тұрған жоқ екен. Ең бастысы, үкімет экономикалық саясатты жүйеге келтіріп, шаруашылық құрылымдарын ретке салуы, жекешелендірудің ел жағдайына, халық тағдырына үйлесімді бағдарламасын жасап, оның іске асуын жеделдетіп басқаруға батыл реформа жасап, шаруашылықтардың ақаусыз атқарылуын кепілдендіру қажет.

Қысқасы, дана халқымыз: «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын», «Елі аманның жері аман» деген сияқты ақыл-нақылдарын тектен-текке айтпағаны шындық. Бүгінде жер бетінің әр тұсында төгіліп жатқан қан, түбін қуып келгенде жер үшін екендігі де анық. Олай болса, біздің «ел аман, жұрт тынышта» жерді сатамыз дегеніміз қай сасқанымыз! Жер тағдыры – ел тағдыры.

Ал түптеп келгенде, экономиканың дамуы тек жерді саудалауға ғана қарап тұрмағанын жоғарыда қытай елінің қарапайым да озық тәжірибесі арқылы дәлелдеп бергендей болдық. Оның озық да үздік болатыны – жердің мемлекет иелігінде қалдырылуында деп білеміз. Жоғарыда баяндағанымыздай, жер сатудың тек қасірет әкелетінін ескермесе, ел санының 96 процентін таза қытайлар құрайтын бүгінгі ҚХР үкіметі кімнен именіп, неден тартынып отыр дейсің?..

Бәрін айт та, бірін айт – жер сатылмау керек! Біле білсек, жоспарлы шаруашылықтан нарықтық экономикаға көшкен ел ретінде де, Азиялық ұлттық мемлекет ретінде де экономикасының дамуы дүниенің алдыңғы қатарына тез өткен (небәрі он бес-ақ жыл) держава ретінде де, демімізге демі тиіп отырған ұлы көршіміз ретінде де қытай елінің экономикалық реформасынан алар өнегеміз, үйренер үлгіміз аз болмаса керек.

 «Егемен Қазақстан» газеті.

25 қаңтар 1995 ж. №16

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, аудармашы,

қытайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы,

профессор Дүкен Мәсімханұлының

«Азаттығым мен қазақтығым» кітабынан