Жиырма жылға жуық әлемге әйгілі кутюрье Кристиан Диордың музасы болған Алла Ильчунның ұлты қазақ екені соңғы жылдары ғана белгілі болды. Бұған дейін танымал өнертанушы, тележүргізуші, Ресей және Франция сән өнерінің тарихын зерттеуші Александр Васильев бірнеше мақаласында Алланың қазақ екенін жазса да, көпшілік бұған сене қоймаған. Ал дипломат, экономика ғылымдарының докторы, Франциядағы қазақ қауымдастығының негізін қалаушы Берлин Иришев мұны дәлелдеу үшін соңғы үш жыл бойы Алланың өмірін жіті зерттеген. Бүгінде Алла туралы үшінші кітабын жазып жатқан ол кісімен «Түркістан» газетінің тілшісі арнайы хабарласып, сұхбаттасқан. Сол әсерлі сұхбатты біз өз оқырмандарымыздың назарына ұсынбақшымыз.
– Берлин аға, бүгінде 1950 жылдардың ортасында Кристиан Диордың музасы атанған қазақ қызы Алла Ильчунның өмірін егжей-тегжейлі сіз бен оның ұлы Марк де Дюльмен ғана білетінінен хабардармыз. Білуімше, Алланың өміріне қызыға бастауыңызға өзіңіз көшеде сатып алған, Алланың бейнесі салынған картина себеп болыпты. Сол картинаны көргенге дейін Алла туралы естіп пе едіңіз, әлде азиялық келбеттегі сымбатты әйел салынған картинаның қасынан бейжай өтіп кете алмадыңыз ба?
– Алдымен «сіз бен оның ұлы ғана біледі» дегеніңізге жауап берсем. Ұлы да көп нәрсені білмейді. Бастапқыда бір білсе, сол ұлы біледі ғой деп ойласақ, қателесіппіз. Қайта ұлының көзін ашып, көп ақпаратты біз айтып бердік. Сонда ол туралы мен және маған көмектескен командамнан басқа ешкім білмейді. Ал сұрағыңызға жауап беретін болсам, бірнеше жыл бұрын Facebook желісіндегі жеке парақшама «Естуімше, Парижде Dior сән үйінде қазақ қызы жұмыс істеген екен. Оның әкесі қазақ, ал шешесі қазақ немесе қытайлық» деп жаздым. Бастапқыда бұл тек болжам болды, бұған ешкім мән бермеді. Осыдан екі жыл бұрын Париж қаласының қақ ортасында орналасқан Монсо паркіне бардым. Мұның бір ерекшелігі – ішінде орнатылған композитор, жазушылардың ескерткіштерінің қасында олардың музаларының да ескерткіштері қойылған. Мысалы, рояльда ойнап отырған Фредерик Шопеннің мүсінінің қасында оның музасы болған әйелдің мүсіні бар. Бізде қазақта қыз-келіншектерді шабытына шабыт қосатын, жігер беретін тұлғадан гөрі, ұрпақ жалғастыратын, уақытында шайын беріп, тамақтандыратын адам ретінде көреді ғой. Ал шындап келгенде үлкен жетістікке жеткен адамдардың тарихына көз жүгіртсек, олардың мұндай табысты болуына музасы болған әйелдің себепкер болғанын түсінеміз. Сол музалар орналасқан парктің ішінде антиквариат заттар сатады. Сол жерде бір қатарда картиналар сатылып тұр екен. Картиналарды көріп шығайын деп сол қатармен жүріп келе жатқанымда Алланың суреті салынған портрет көзіме оттай басылды. Сосын сатушыдан мұның кімнің портреті екенін сұрасам, ол «Менде бұл картинаны кім және қашан салғаны туралы құжаттар ғана бар. Біреулер азиаттық келбеттегі модель деп айтып еді, бірақ нақты білмеймін» дейді. Сөйтіп, қызығушылығым туындап, әлгі картинаны сатып алдым.
– Сіздің орныңызда мен болсам да, картинадағы модельді қазақ қызына ұқсатар едім…
– Иә, анық көрініп тұр ғой. Өзіміздің қазақ қызына ұқсайды. Тек басында қалпағы бар, шапанға ұқсайтын еуропалық киім киіп алған. Сосын «Бұл картинадағы модель қазақ қызы болса ше?» деп ойлап, ол туралы мәлімет іздестіре бастадым. Сөйтіп, танымал өнертанушы, сән тарихын зерттеуші ресейлік Александр Васильевтің сайтынан картинадағы әйелдің атақты модель болғаны туралы мақала оқыдым. Сосын Васильевтің өзімен хабарластым, ол: «Мен ол туралы бір-екі мақала жазғанмын, бірақ оған ешкім мән бермеді. Көпшілігі қазақ екеніне нанбады» дейді. Сосын әлемді әдемілігімен жаулап алған қазақ қызының картинасын Қазақстанға апарып көрсеткім келді. Сөйтіп, Алматыда Қастеев атындағы галереяның директорына хабарласып, жаңалығымды айттым. Ол менің ұсынысымды қабылдап, аталған галереяда салтанатты түрде іс-шара ұйымдастырдық. Бұған Олжас Сүлейменов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен елге танымал суретшілер келді. Сол кезде көпшілігі әлгі картинаны елге әкелгенімді қуана қабылдаса, кейбірі Алланың қазақ екеніне күмән келтіріп «Алла қазақ деген мәлімет қайдан алынды? Оны біресе якут, біресе қытайлық деп айтады» дейді, ал енді бірі «Алла тіпті де қазақ емес. Иришев мырза, тыныш жүрсін. Dior қайда? Қазақ қайда?» десті. Несін айтайын, тіпті «Берлин картинаны өзі сатып алған соң, ақшасын шығарып алу үшін көрмеге әдейі қойды» деп жазғандар да болды. Сосын мен мұның бір тиынына да таласпайтынымды айтып, ақырында келіп түскен қаражатқа қол сұқпайтынымды растау үшін галереядағыларға анықтама жаздыртып алдым.
– Расымен сенімсіздік танытқан көпшілікке Алланың ұлты қазақ екенін қалай дәлелдедіңіздер?
– Мұны дәлелдеуге үш жыл уақытым кетті. Қазір оның ұлты қазақ екенін толығымен дәлелдеп шықтық. Алдымен Facebook-ті ақтарып шықтық. Бірінші күйеуінің аты-жөнін білетіндіктен, оған туыс болатын адамдарды іздедік. Командамда Парижде оқып жүрген қазақ студенттері әлеуметтік желіден Алланың ұлы Марк де Дюльменді тапқанын айтты. Олар оған хат жазған еді, ол еш сөз жазбай, тек смайлик жіберіпті. Сосын ұлынан еш көмек болмаған соң «Ол кісі Париждің түбінде жерленген болар деп, дұрысы зиратын іздейік» дедім. Зиратын табу оңайға соқпады. Себебі дәл қай жерде жерленгенін білу үшін оның туысы екеніңді растайтын анықтама болуы керек. Содан не керек, Париждің айналасындағы барлық зиратты тексеріп шықтық. Командамыздағы Максим деген жігіт екі апта бойы зираттарда орнатылған көктастардан Алла деген жазуды іздеп, әуре-сарсаңға түсті. Соңында Алланың зиратын Париждің маңынан емес, одан алыс орналасқан аймақтан таптық. Зират әкімшілігіне Алланың қандасы екенімізді айтып, жатқан жерін тауып беруін өтіндік. Сөйтіп, ондағылар бізді Алланың жерленген жеріне алып келді. Бір қызығы, басына көктас орнатылмаған, тек плита тұр. Қасында шырша тәріздес тал өсіп тұр. Әлгі плитада үш есім жазылған. Тегі, туған және қайтыс болған жылы жазылмаған. Алланың зираты екеніне күмәнданып қалдық. Сосын ертесі бізге жауап бергісі келмеген Алланың баласы Марктен хат келді. Оны кездесуге мейрамханаға шақырдық. Әңгіме барысында «Марк, біз сенің анаңның зиратын тауып, басына гүл қойдық» дегенде Марк бозарып, өңі қашып кетті. «Бұл біз үшін маңызды, тарихи жайт. Айтшы, анаңның зиратын дәл тауыппыз ба?» дегенде ол Алланың жатқан жері сол біз барған зират екенін растады. Сөйтсек, Алланың қасында шешесі Тамара мен Тамараның Парижге келгенде табысқан күйеуі жатыр екен. Негізі, бастапқыда Алла танымал адамдар жерленетін зиратқа қойылған. Кейіннен баласы мәйітін қаздырып алып, әжесінің қасына қойыпты. Негізі, Марк төрт жаста болғанда Алла оның әкесімен ажырасып, он тоғыз жыл бойы жалғыз өмір сүрген. Біз оның өмірі туралы тағы басқа мәліметтер табу үшін өз бетімізше зерттеу жүргіздік. Түрлі елді аралаған Кристиан Диордың бағыт-бағдарын тексеріп, сапарларының көпшілігінде қасында Алла жүргенін білдік. Негізі, Диордың қасында үнемі жүретін сегіз шақты модель болған. Десек те көпшілігі Австралия, Оңтүстік Африка секілді алыс орналасқан елдерге барғысы келмей, қашқақтаған. Ал Алла үнемі қасында жүрген. Сөйтіп, Dior сән үйіне қандай да бір мәлімет алу үшін барып, ол туралы бар білгенімізді жайып салғанда ондағылар біздің сонша ізденгенімізді көріп таңғалысын жасырмады. Олар бізге Алла туралы құжатқа толы бір папка берді, бірақ ішінде анау айтқандай ақпарат жоқ. Сөйтсек, олар Алланың қайдан шыққанын, кейіннен қайда кеткенін, тіпті баласының барын да білмеген. Олардың бар білетіні – Алла 1947-1957 жылдар аралығында Dior-да модель қызметін атқарған, Диордың үнемі қасында жүрген. 1957 жылы Диор қайтыс болған соң, оның шәкірті әлемге әйгілі сәнгер Ив Сен-Лоран Алланы бірге жұмыс істеуге шақырған. Онда 1960 жылдың ортасына дейін жұмыс істеген. Басқа мәлімет жоқ. Сөйтіп, бұдан да ауқымды мәлімет алу үшін үлкен жұмыстар атқардық. Сұрастырмаған адамымыз қалмады. Алланың өкіл қызын тауып алдық. Сөйтіп, ол Алланың жақын құрбысы болған тоқсан екі жастағы өз анасымен байланыстырды. Алламен бірге жұмыс істеген модельді тауып алдық. Жасы тоқсан үште. Қарттар үйінде тұрып жатыр. Былтыр ол кісіден сұхбат алдық. Зерттеу жалғасып жатыр. Пандемия кедергі келтіріп тұр, әйтпегенде қазір Қытайда жүретін едік. Бір қызығы, англосаксондық елдердегі басылымдардан Алла туралы қырық шақты мақала таптық. Досым Сәтпаевтың қолдауымен шығарған кітапта сол мақалалар топтастырылған. Сонымен қатар, Мәскеуде Алла туралы екінші кітапты басып шығардым. Қазір француз тілінде үшінші кітапты әзірлеп жатырмын. Сондай-ақ, «Алла – Dior-дың шығыс маржаны» атты деректі фильм түсірдік.
– Ендігі кезекте Алланың әкесі туралы сөз етсек. Бір деректерде ол кісіні Алматыдан шыққан бай десе, екіншісінде Қытай қазағы делінген. Есімі де әртүрлі аталады. Ол кісі туралы нақты мәлімет бар ма?
– Васильев әкесінің есімін Жуанхал деп жазады. Бірақ ол естуі бойынша жаза салған. Негізі, шын есімі – Қуанхан. Ал тегі Ильчун емес, Елшін болуы керек. Совет үкіметі кезінде орыстар қазақтардың аты-жөнін қалай болса, солай жаза берген ғой. Визалық карталарынан білгеніміздей, Алла сән әлемінде жүрген жиырма жылда қытайлық деп жазылған. Алла түгілі, оның әкесі мен шешесі де қытайлық деп танылған. Себебі олар тұрған жердің үкіметі қытайлық атанбаса, жұмыс табу қиын деп мәжбүрлі түрде азаматтық алдыртыпты. Сол себепті бізге қазақ модель деп іздеу қиынға түсті. Айта кетерлік маңызды жайт, Алла қайтыс болардың алдында сол уақытта Парижде журналист қызметін атқарып жүрген Васильевке «Бейресми кездесу ұйымдастырайық. Маған фотоаппарат көтеріп келмей, құр өзіңіз келіңіз» депті. Сол кезде ол оған «Менің әкем – қазақ. Қазақтың әулетті отбасынан, Алматы деген қаладан шыққан» деп сырын айтыпты. Қуанханның жанұясы қиын кезең орнаған уақытта Қазақстаннан Қытайға, соның ішінде Харбинге қашқан. Ал анасы Тамараның әкесі әскери қызмет атқарған, ақ гвардияшы. Ол да Харбинге отбасымен қашып келген. Тамара Қытай шығыс темір жолына жұмысқа кіріп, онда Қуанханмен танысқан. Сөйтіп, Мәриямға ғашық болған Дүйсен (Дудар) секілді, Қуанхан оны ұнатып қалып, екеуі 1925 жылы үйленеді. Ол уақытта Тамара 15 жаста болған. Алла 1926 жылы 8 желтоқсанда дүниеге келген. Сосын 1936 жылы жапондықтар қытайлықтардың жерін жаулап алғысы келіп, соғыс ашқан. Сол кезде Қуанхан он жастағы қызы Алла мен әйелін норвегиялық кемеге салып, Парижге қарай аттандырып жіберген. Сол кеткеннен әкесімен байланыс үзіліп қалған. Бірде Алланың ұлы отбасылық суреттер жапсырылған альбом көтеріп келді. Байқасам, бес-алты сурет жұлынып қалыпты. Ал бірақ суреттердің астында «1935 жылы осында болғанбыз, 1936 жылы мында болғанбыз» деп жазылып тұр. Содан қолда бар ақпаратпен салыстырсам, олар дәл сол жылы Шанхайда болған. Болжауымша, әкесі секілді іздеуде жүрген адаммен байланысты үзу мақсатында Алланың шешесі Қуанханның суреттерін алып тастаса керек.
– Ал Харбинде жалғыз қалып қойған Қуанханның өмірі туралы қандай да бір дерек біле алдыңыз ба? ГУЛАГ-қа қамалды дегені рас болып шықты ма?
– Жақында ол кісінің атқарған қызметі жайында ақпарат алдық. 1930 жылдары Қытай шығыс темір жолының экономика жөніндегі бөлімін басқарған, сосын 1932 жылы сол мекеменің президент көмекшісі қызметін атқарған. Айта кетерлік жайт, «Транссібір экспрессі» деген кинода Асанәлі Әшімов 1927 жылы Харбинде тұрған Қасымханнын рөлін сомдайды. Кинода ол «Мен Қазақстаннан келгенмін, қазақтың баласымын» дейтін тұсы бар. Ал Қуанхан да сонда болған, ол да теміржолда жұмыс істеген. Сәйкестікті қараңыз. Тек есімдері екі түрлі. Бірақ өзгертіп беруі әбден мүмкін. Ал ГУЛАГ-қа қамалуы туралы болжамды мен жасадым. 1936 жылы қолға түскен азаматтарды сол лагерьге жіберген. Ол жақтағы музейге де хат жаздық. Оған ұқсас есім табылғанымен, туған жылы сәйкес келмеді. Жалпы, Алланың әкесі өте сауатты жігіт болған.
– Ал Алла анасы екеуі Парижге келген соң, екеуінің өмірі қалай өрбіген? Жиырма бір жасында Кристиан Диор ұйымдастырған кастингке қалай қабылданған?
– Негізі, Тамараға оңай болмаған. Десек те, Парижге келгенде қолында алтын заттар, зергерлік бұйымдар болған. Сосын ол осында келген соң, музыкаға бет бұрған. Ол Қытайда жүргенде дантист қызметін атқарған, ал Парижге келгенде француздар қытайдың дантистіне бармайтынын біліп, музыкамен айналысқан. Консерваторияны бітірген. Мейрамханаларда ән салған. Ал Алла мектеп бітірген соң, консерваторияның мейрамханасында даяшы болып жұмыс істеген. Бірде Диордың кастинг жасап жатқанын естіген бір құрбысы «Жалғыз баруға қорқамын, менімен бірге баршы» деп Алланы сол кастингке ертіп апарған. Сол кастингте Диор Алланың сары шашты аққұба келген әлгі құрбысына еш мән бермей, Аллаға баса назар аударып, соңында көмекшілеріне «Мына қызды киіндіріп көріңдерші» деп подиумға шығарған. Оның жүріс-тұрысын бірден ұнатқан ол «Болды, жұмысқа аламыз» деп өз сән үйіне жұмысқа қабылдаған. Сөйтіп, Аллаға арнап киім тігу арқылы 1947 жылда сән үлгілеріне айналған трендтерді шығара бастаған.
– Алланың әр подиумға шыққаны халықты тамсандырып қана қоймай, оның әр киген киімі Dior сән үйіне қомақты табыс әкелген. Сол себептен де Кристиан Диор Алланы «Менің жеке талисманым» деп ерекше құрметтеген екен…
– Ол рас. Алла дүниежүзіне Диордың атын шығарды. Өйткені Диор ойлап шығарған ең әдемі көйлектер Алла арқылы танылды. Мысалы, Диордың «Юнон» деп аталатын көйлегі бар. Ол мұны арнайы Аллаға арнап тіккен. Сенбессіз, бірақ сол көйлек арада жетпіс жыл өтсе де қазірге дейін Dior сән үйінің жыл сайын ұйымдастыратын рейтингтегі үздік ондықта екінші орында тұр. Диорға танымалдылық әкелген басқа да көйлектері жетерлік. Жалпы, Алла қандай көйлекті кисе де, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі байқалып-ақ тұрады. Сосын ол тек әдемі ғана емес, сонымен қатар өте ақылды, қайратты жан болған. Кербез әйел атанған ол әлемді әсемдігі, бойымен қатар, ойы, ақыл-парасатымен «жаулап» алған. Еш оқу орнын да бітірмеген. Әдетте адамдар әйелдерге сән әлемінде жоғары көтерілу үшін я көңілдесі, я демеушісі болуы керек деген ой түйеді ғой. Ал Алла барлығына ешкімнің көмегінсіз қол жеткізген. Жоғарыда ақыл-парасаты мол дегенді бекерге айтып тұрғаным жоқ. Өйткені Диордың өзі бес тіл білген Аллаға тамсанып «Тіл меңгеруі жағынан өте мықты. Құдды бір сол елдерде туғандай сөйлейді» деп айтқан. Сосын бет-әлпетіне қарасаңыз, әкесінің қаны күшті екенін байқайсыз. Анасы орыс деп айта алмайсың, таза қазақ отбасында туған секілді. Кейде аралас отбасыда туған балалардың ұлтын түсінбей, дал боласың ғой. Ал мұнда қазақ қызы екені айдан анық көрінеді. Алпыс жылдығын баласымен бірге тойлатқан мерейтойда түскен суреті бар.
– Сосын күні бүгінге дейін сәнде жүрген көзге сүрмемен сызық салу үрдісінің пайда болуына Алланың ықпалы тиген деседі. Сол қаншалықты рас?
– Ол да рас. Алла көзге сүрмемен сызық салған алғашқы модель болған. Біз тіпті бір дереккөздерден кейбір әйелдердің Алланың көзіндей көз керек деп пластикалық ота жасатқанын білдік. Сол себепті сіздер күніне сызып жүрген сызық Алладан басталған деуге толық негіз бар.
– 40 жасына дейін подиумнан түспей, әлем фотографтарының объективіне ілініп, суретке түскенді жақсы көретін Алла соңғы 23 жылда әлемнен оқшауланып, тыныштықта өмір сүріпті. Десек те оның сән әлемінен кеткен соң немен айналысқанын біле алдыңыз ба?
– Иә. Подиумнан кеткеннен кейін экспорт, импортпен айналысатын компанияда жұмыс істеген. Ал тыныштықта өмір сүру себебі – көпшіліктің есінде жас әрі әдемі қалпында қалу үшін аса ешкімнің көзіне көрінгісі келмеген, әсіресе фотографтардың объективіне түсіп қалуды қаламаған.
– Сөз соңында өзіңіз туралы айта отырсаңыз. Қазақстанда лауазымды қызмет атқарған сіз Францияға қалай бардыңыз?
– Мені кезінде бұл елге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жіберген. Елде экономика мәселесі бойынша Президенттің кеңесшісі болып қызмет еттім. Оған дейін үш банк құрдым. Сосын 1996 жылы Елбасы мені Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындады. Елшілікте алты жылдай жұмыс істедім. 2000 жылдары Тұңғыш Президент осында келгенде «Елге қайтарсың, мүмкін» деп ұсыныс айтты. Алайда ойлана келе, осында жұмыс істеуді ұйғарып, Парижде қалып қойдым.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Дереккөзі: https://turkystan.kz/article/135308-kristian-diordy-lemge-ta-nyt-an-aza-yzy-222/